302
Қыздар Университетінде «Рухани жаңғыру» аясында жаңа пәндер енгізілді
Қыздар Университетінде «Рухани жаңғыру» аясында жаңа пәндер енгізілді
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын білім және ғылым үрдісіне енгізу мақсатында 7 элективті пән енгізілді. Бұл туралы Қыздар Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан мәлімдеді.
Атап айтқанда, барлық мамандыққа «Ұлы Дала тарихы» кешенді пәні, география мамандығына – «Өлкетану», «Шоқан Уәлихановтың географиялық зерттеулері», туризм мамандығына – «Туристік елтану», «Қазақстанның туристік орталықтарының географиясы», филология, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарына – «Латын графикасы және қазақ жазуы», орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығына – «Искусство и литература» пәндері енгізілді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі – оқу үдерісі екені белгілі. Осыған орай, аталған бастаманы қолға алдық. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындары да лайықты қызмет атқаруда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша Қыздар Университетінің құрылымдық бөлімшелері мен атқарушы органдардың қызметін үйлестіретін Жобалық кеңсе ашылды. Университет факультеттері өз қызметтерін жобалық негізде ұйымдастырады, – деп атап өтті Жобалық кеңсе жетекшісі Тыныштық Ермекова.