277
Түркістан облысындағы келелі кеңес
Түркістан облысындағы келелі кеңес
Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру мәселелері туралы кеңес өткізді. Кеңес барысында мемлекеттік органдарды көшіру процесі талқыланды, сондай-ақ, Түркістанның және жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму преспективалары қаралды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сәйкес, кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев 19 маусым күні Мемлекет басшысы Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салып, осылайша, Түркістан облыс орталығы атанғанын, оны іске асыру үшін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Маминнің төрағалығымен Түркістан облысын дамыту перспективалары жөніндегі комиссия құрылғанын жеткізді. Маусым айында Түркістанға барған комиссия мемлекеттік органдарды көшіру, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан дамуының Бас жоспарын әзірлеуге конкурсты ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын қарастырды.
Облыста мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша негізгі іс-қимылдарды қамтитын тиісті Жол картасы бекітілді. Б.Сағынтаев, сонымен қатар, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, қаланы дамытудың Бас жоспарының тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы қойып отырған басты мақсат – қысқа мерзім ішінде жаңа ғимараттар құрылысын бастау. Премьер-министр облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс екенін баса айтты.
Бұдан өзге, Түркістанның дамуына бизнес өкілдерін тарту қажеттігі айтылды. Бүгінгі таңда бизнестен әлеуметтік нысандарды, қонақүйлер мен басқа да маңызды ғимараттарды салу бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ, облыстың дамуына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ өз үлесін қосуды көздеп отыр. Өңірді дамыту бойынша Президент қойған міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаражат толыққанды бөлінетін болады.
Көшіру барысы туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндады. Баяндалған ақпаратқа сәйкес, барлық жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Оларды орналастыру үшін Түркістанда жалпы аумағы 11 680 шаршы метр болатын 12 ғимарат бөлінген. Бірінші кезеңде қызметкерлердің 70 пайызы көшірілді. 27 аумақтық орган үшін 16 ғимарат бөлінді. Қазір 14 ведомствоның өкілдері қалаға орналастырылып, өз жұмыстарын бастаған.
Облыс әкімі көшіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қазір қызметкерлерге 67 жекеменшік пәтер жалдауға ұсынылған. Орта есеппен, мұндай баспана айына 50-80 мың теңге болады. Сонымен қатар, Түркістанда уақытша орналастыру үшін жатақханаларда 305 орын, 14 қонақүй, Кентауда – 275 орындық жатақхана мен 7 тұрғын үй әзірленген. Түркістанда 1200 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің, Кентауда 420 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2019 жылы жоспарланған. Ал Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 360 пәтер болатын 6 көпқабатты үйдің құрылысын бастады.
Бюджетке келер болсақ, 2018–2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жоспарланған көлемі қайта қаралып, бекітілді. Осы жылдағы облыстық бюджет 621,6 млрд теңгені құрады, ал Шымкенттің бюджетін бөлгеннен кейін облыстық бюджет 552,5 млрд теңгеге бағаланды. Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне Шымкент қаласының алдағы екі жылдың шығындарын жабуға өтінім берілді. Шымкентте орналасқан облыстық нысандарды (167 өңірлік мекеме) қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Ж.Түймебаев облысты және Түркістанды дамыту туралы баяндай отырып, Түркістан облысын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың бас жоспарының жобасы әзірленгенін айтты. Кешенді жоспар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі – 1,3 трлн теңгені құрайды.
«Туристерді тартатын басты орталық – Қ.А. Ясауи кесенесі Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Біз министрлікпен бірлесіп, Түркия тәжірибесі бойынша кесене маңынан туристік аймақ қалыптастыру мақсатында кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз», – деп облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанның жоғары туристік әлеуетін атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде қалаға миллионнан астам турист келген.
Аумақтық атқарушы органдарды көшіру, өңірдегі қазіргі жағдай және өңірді дамытудың қолда бар перспективалары туралы министрліктердің өкілдері баяндады.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов министрліктің аумақтық бөлімшелері әділет органдарында мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеуден өткенін айтты. 25 шілдеде ҚР Қаржы министрлігі құрылымдарының өкілдері Түркістанға көшірілді. Қазіргі таңда Түркістанда облыстық департаменттердің өкілдері жұмыс істейді: 8 мемлекеттік кірістер комитеті, 4 ішкі мемлекеттік аудит комитеті, 5 қазынашылық комитеті, 2 мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Олар уақытша Түркістан МКБ ғимаратында орналасқан.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев, Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Қожағапанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова, Ішкі істер вице-министрі Б.Бисенқұлов, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Айдарбаев орын ауыстыру барысы туралы пікірлерін білдірді.
Өз кезегінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин бүгінде сәулетшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегенін атап өтті. Қыркүйек айының соңына дейін Бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту туралы шешім қабылданады. Бекітуден кейін, Бас жоспарды дайындауға байқау жарияланады, ол екі кезеңнен тұрады: 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін.
Кеңес барысында өңірді дамытудың Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде «Қазқалақұрылыс» жобалық институтының бас сәулетшісі Т.Ерәлиев айтып берді.
Сейітхан Зеберханұлы