Танкілер таптаған «Прага көктемі»

Танкілер таптаған «Прага көктемі»

Танкілер таптаған «Прага көктемі»
ашық дереккөзі
1367
Қай тұрғыдан қарастырылса да өткен жылдарда орын алған елеулі оқиғалар әр кезде де мәні зор тарихи сабақ. Ал сол тарихи әрі тағылымды сабақтардан қорытынды шығару, дәнін алу, тіпті барша мемлекеттерге де қиын-ақ. Әсіресе, құрығы ұзын, қуаты мол алпауыт мемлекеттерге. Өктемдік, өзім білермендік пен тоңмойындық, топас менменшілдік пен әсірешовинизммен ұштасқан тарихи мешеулік және жаңаны қабылдауға қабілетсіз тасырлық қай-қай ел үшін де қауіпті кесел. Ресейдің ресми тарихын жәй ғана парақтап шыққан қарапайым оқырманның өзі ерекше бір заңдылықты аңғарары айқын: осынау алып елдің тарихшылары, қаламгерлері Ресей тарихының қай кезеңіне қатысты қалам тербесе де (патшалық Ресей, КСРО кезеңі, қазіргі күндер) өз Отандарын ылғи да бейкүнә құрбан етіп көрсетуге әбден машықтанған. Астыртын қастандық, ашық шабуылдың бәрін маңайдағы көршілер, алыс-жақын елдер ұйымдастырады, ал «періштедей» пәк Ресей ылғи қорғануға, өзін жанталаса қорғауға тырысады-мыс. Сөйтіп, жылап-сықтап, күңіреніп жүріп жат күштерді тас-талқан етеді, жылап жүріп өзге ұлт пен ұлыстардың шұрайлы жерлерін бауырына басып қалады. Ақырзаманға дейін айырылғысы келмейді-ақ. Әрине, баяғыда ауыл шетінде қозыға қасқыр шапты деп, елді қайта-қайта дүрліктіріп, кейіндеу қасқыр шапқанда шын сөзіне ешкімді сендіре алмаған алаңғасар бала сияқты, бір рет айтылған (жазылған) өтірікке талайлар сеніп қалуы ықтимал, ал жылдар, ғасырлар бойы қайта-қайта айтылған өтірікке илану нағыз ақымақтың белгісі. «Прага көктемі» туралы да осыған дейін том-том кітаптар жазылған. Талай биік мінберлерде талай лектор Батыс елдерінің құпия қызметтерін лағынаттап, азаттыққа ұмтылған чехтар мен словактардың сөзбен сазайын беріп, ит терісін бастарына қаптаған. КСРО-ны күнәдан пәк, періштеден ақ етіп көрсетуге бар күштерін жұмсаған. Тіпті, қазіргі күндерде де КСРО-ның кебін киген елесін қайта тірілткісі келіп, Тәуелсіз елдердің бәріне дерлік жынын бұрқырата шашып жүрген кейбір орыс жазушылары бір кездері бауырлас халық деп саналған чехтарды қаралауға қайта көшті. Ал осыдан 50 жыл бұрын... иә, жарты ғасыр бұрын қанға бөккен Прага көшелерінде чехословактар «Бауырлас халық бұлай жасамайды» деген ұран көтерген болатын. 1968 жылдың 20-21 тамызында кіндік Еуропадағы кішкентай мемлекет – Чехославакия күтпеген жерден жаһанның назарын Дунай жағасына аударды. Әлемдік архитектураның жауһар үлгілері, көне замандардан жеткен теңдессіз жәдігерлер көздің жауын алатын Праганың жұмыр тастар төселген көне көшелерін құрыш сауытты, шынжыр табанды совет танкілері аямай таптаған. Адамдармен қоса. Әрине, осынау қанды қырғын із-түссіз кете қойған жоқ: Бұл күнге дейін адамсүйгіштік, бауырластық, теңдік, азаттық сынды қасиетті құндылықтарды аузынан тастамайтын КСРО коммунистерінің шынайы кейпін әлем көрді. Екіжүзділіктерін анық таныды. «Прага көктемінің» орын алуы бір күнде, табан асты қалыптаса қалған шиеленіс, тарқамайтын түйін емес-ті. Екінші дүниежүзілік соғыста Германия сөзсіз тізе бүгіп, Потсдам конференциясында КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция қол қойған тарихи құжатта болашақ Еуропаның бейбітшіл іргетасы берік қаланған сияқты көрінген. Алайда совет әскерлері одақтастардың бақылауындағы Батыс Берлинге азық-түлік жеткізуге тосқауыл қойып, әйгілі қаланың осы бөлігін болат құрсауға алып, батыс елдерінен келетін гуманитарлық көмекті де қала аумағына өткізбей тастасын. Батыс Берлиндегі екі миллионға жуық тұрғындардың аштан қырылу қаупі төнді. Міне, осынау қиын кезде, адамдарға ажал қатері төнген шақта Ұлыбритания, АҚШ, Франция ұшқыштары тас құрсаудағы тасмаңдай қалаға әуеден азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуді өз мойындарына алды. Батыс Берлинге миллиондаған тонна азық-түлік, консервілер, кофе, қант, ет, май, ұн, т.б. тоқтаусыз жеткізіліп тұрды. Бұл операция бірнеше жылға созылды. Совет оккупанттарының қырсық-қыңырлығынан бейбіт күнде аштан қырыла жаздаған бұрынғы Батыс Берлиннің тұрғындары, жалпақ неміс халқы биыл жазда осынау тарихта теңдесі жоқ операцияның 70 жылдығын кең көлемде атап өтті: ағылшын, француз, американ ұшқыштарына шексіз ризашылықтарын жеткізді. Советтік режимнің осындай жауыздығы мен өктемдігіне налыған әйгілі ағылшын саясаткері, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль 1946 жылы Фултонда жалынды сөз сөйлеп, кең­естік саясаттың аярлығын, екіжүзділігін әшкереледі, коммунистерге ешқашан сенбеуге шақырды. Онысы орынды да еді. Көп ұзамай-ақ, 1953 жылы маусым айында ауыр тұрмыс әбден қажытқан, жетімсіздік жүйкелерін жұқартқан, аш-жалаңаш жұмысшылар көтерілісі бұрқ ете түсіп, осы бір шарасыздық көтерілісі совет танкілері және әскерлерінің күшімен қанға бөктіріліп басылды. Осыдан соң-ақ қызыл коммунистердің «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген асқақ ұраны жадағай жалғандық, желбуаз сөз ғана екені түбегейлі айқындалған. Сталин қайтыс болған соң, Кремль билігіне таласқандар бітіспестей қырқысып, бірін-бірі өлтіріп тынған кезде, 1955 жылғы ХХ партия съезінде Н.С. Хрущев сталиндік жүйенің адамзат алдындағы ауыр қылмыстарын толық әшкерелеп, айыптап сөйлегеннен кейін-ақ езгідегі социалистік елдердің прогрессивті күштері Кеңес Одағындағы күтпеген жылымыққа кезекті рет иланып қалған. Оңбай алдансын. 1956 жылдың маусым айында Польшаның нағыз жұмыскерлер қаласы – Познаньда ереуіл басталды. Оның соңы да ауыр қантөгіспен аяқталғаны айтпаса да түсінікті. Сталиндік жүйенің Венгриядағы айна-қатесіз көшірмесі – Матьяш Ракошидің режимі Шығыс (Орталық) Еуропада қанқұйлылығымен ерекшеленетін. Ресми деректерге жүгінсек, 1949 жылдан 1956 жылға дейін саяси айыптаулармен 40 мыңнан астам адам қапасқа қамалып, миллионға жуық венгр азаматы қанқұйлы репрессияға ұшырады. 1956 жылдың 23 қазанында ашу-ызаға булыққан халық әсем Будапешттің көшелері мен алаңдарына жаппай шығып, бостандық жолында жан алысып, жан беріскен күреске көтерілді. Венгриядағы ұлт-азаттық көтерілісіне жұмысшылар, студенттер мен жастардың көптеп қатысуынан шошынған Мәскеу «Құйын» операциясының алғашқы кезеңін жүзеге асырып, Будапештке әп-сәтте екі танк дивизиясын енгізді. Көмекші әскери күштерде қисап жоқ. Құрыш сауытты ауыр танкілер қарусыз адамдарды шынжыр табандарымен тірідей таптап, қала тұрғындарының қанын судай ағызған. Венгрия 10 жылдан астам социалистік мемлекет болғандықтан бұл елде жұмысшылар мен шаруалардан басқа ешкім жоқтығы айтпай-ақ түсінікті. Бірақ бәрібір орыс әскерлері ешкімді аяған жоқ. Көтеріліс ашық соғысқа ұласып, бостандық үшін қолына қару алғандар күші басым жауға қарсы аянбай шайқасты, азат, тәуелсіз Венгрия үшін өздерін құрбандыққа шалды. Республиканың жас премьер-министрі Имре Надь елден кеңес әскерлерінің әкетілуін табанды түрде талап еткен. Сол-ақ екен, келесі күні совет әскерлерінің сансыз жаңа күштері Венгрияға атойлап шабуыл жасап, Будапештті, басқа да қалаларды бораған оқтың астына алды. «Құйын» операциясының екінші – шешуші кезеңі жүзеге асырылды. 4 қарашада одақтас елдің астанасына аса қуатты, моторландырылған төрт дивизия баса-көктеп кіріп, өлім септі! Будапешт, тағы басқа қалалар жарым-жартылай қиратылды. Өз отаны үшін оккупанттармен өліспей беріспейтін айқасқа ұйытқы болған ержүрек генерал Бела Кирай есімі мәңгі өшпейтін даңққа бөленді. Стихиялы көтерілістің түбі жеңіліске ұшырайтыны, күші басым жауға төтеп беру мүмкін еместігі әу бастан-ақ белгілі болатын. Аз күн болса да азаттықтың дәмін татқан қаһармандар ауыр жазаға тартылды; революцияға қатысты деген айыппен 230 адам дарға асылды, 20 мыңнан астам адам тұтқындалып, көбі түрмелерде өлтірілді. Солардың арасында 1957 жылы түрмеде құпия жағдайда қайтыс болған Имре Надь та бар болатын. 150 мың босқын шет елдерге қашып, жат жерден пана тапты. Олардың арасында Венгрияның әлемге әйгілі футболшысы Пушкаш та өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болған... Социалистік елдердің аумағында Азаттық идеясы осылайша танкілерге тапталып, біржолата тұншықтырылған сияқты еді. Бірақ арада небары 12 жыл өткенде – 1968 жылы тамыз айында «Прага көктемі» бүр жарды. Осы жылдың қаңтар айында Чехословакия коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланған жас, жігерлі Александр Дубчек өз елінде нарықтық қатынастарды енгізуді қолға алып, қоғамдық ұйымдардың партия бақылауынан тыс болуын, ең бастысы, репрессия құрбандарын ақтауды, демократиялық құндылықтарға басымдық беру, адам құқығын қастерлеуді ниет еткен. Бұған Мәскеудің өті жарылғандай болып, үрейі ұша наурыз айында «Дунай» операциясын жан-жақты ойластырып үлгерді. «Дунай» операциясының жоспары бойынша «Х» сағатта Чехословакияға Варшава келісіміне қатысушы социалистік елдердің әскерлері жан-жақтан енгізіліп, Праганы басып алуға тиіс. Бірақ әлгі одақтас, социалистік елдердің басшыларын түрлі айла-амалдармен иліктіріп, күштеп көндіріп, Азаттық туын асқақтатқан Чехословакияны тізерлету оңай болған жоқ. «Күштінің дүмі диірмен тартады!» КСРО-ның сатраптары – социалистік елдер қанша ұнатпаса да, осынау қаныпезер операцияны жүзеге асыруға төрт ел амалсыз көмектесуге тиіс болды. «Прага көктемін» тұншықтыруға КСРО 18 мотоатқыштар, танк және әуе-десант дивизияларын, 22 авиациялық және тікұшақтар полкін (барлығы 170 мыңға жуық әскер), Польша бес жаяу әскер дивизиясын (40 мыңға жуық әскер), Венгрия 8-ші мотоатқыштар дивизиясы мен арнайы бөлімдер (12,5 мың адам), Болгария 12 және 22-мотоатқыштар полкін (2 мың адам), ГДР бір мотоатқыштар және бір танк дивизиясын іске қоспақ болған. Бірақ кейін бұл жоспардан бас тартылып, шабуылға түгелдей дерлік совет әскерлері ғана жұмылдырылды. Қарсыласқандардың көзін жою тапсырылды. Жалпы басшылық КСРО Қарулы Күштері құрғақтағы әскерлерінің командашысы армия генералы Иван Павловскийге жүктелген. 21 тамызға қараған түнде 300 мыңдық совет әскерлері Чехословакияға тап берді. Оған қоса 250 мың әскери қызметкерлер, Прикарпат және Прибалтика әскери округінің қарулы күштері соғыс жағдайына келтіріліп, кез келген сәтте лап қоюға сақадай сай болып тұрды. Бір сөзбен айтқанда, Чехословакияға қарсы тұтас майдан құрылғаны мәлім. Прагада Радио үйін қорғап, қоршап тұрған қарусыз халықты совет десантшылары жаусатып салды: бір күнде 58 бейбіт адам көз жұмды. Елдегі қарулы қарсылық екі айға дерлік созылды. Дегенмен орыс танкілерінің табанына тапталған «Прага көктемі» қанға бөктіріліп, елдегі саяси және экономикалық реформалар біржола аяқсыз қалған-ды. Есесіне, совет әскерлерінің Орталық тобы (ЦГВ) Чехия мен Словакияның 83 елді мекенінде мүлдем тұрақтап алды. Оның құрамында 145 мың әскер, 1 мың 100 танк, 2 мың 500 броньді машиналар, 1 мың 200-ден астам артиллериялық қондырғылар, 100 заманауи ұшақ, 170 тікұшақ болды. «Прага көктемінің» сабағы да аз болған жоқ. Коммунистік идеологияның біржола іріп-шірігенін анық танытқан бұл оқиға Батыс елдерінің мықтап қарулана бастауына нақты түрткі болды; социалистік лагерь елдерінің өзі Кремль саясатына сенуден біржола қалды. Ең бастысы, адамдар Бостандықты қорғау үшін барша қиындықтарға, тіпті жеке басын құрбандыққа шалуға даяр болуы керектігін үйренді. Күші басым жау гуманизм, ұлттар достығы, адамгершілік, бауырластық туралы тым кеш ойлайтынын анық білді.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары