АРЫҚБАЛЫҚ АХИРЕТІ

АРЫҚБАЛЫҚ АХИРЕТІ

АРЫҚБАЛЫҚ АХИРЕТІ
ашық дереккөзі
1347
Осыдан 160 жылдан аса уақыт бұрын, Сыр бойында, Қазалы маңындағы Арықбалықта патшалық Ресейге деген халықтың ызалы толқуы шырқау шегіне жетіп, заманауи қарумен жарақтанған, өзінен күші басым жаумен ашық айқасқа шығып, қан судай аққан-ды. Ол – Арықбалық ахиреті болатын... Ежелден келе жатқан тақ таласы, фео­дал­­дық қоғамның – оның да ішінде дала тіршілігіне негізделген қазақтың өмір салты, бір шаңырақ астына біріге алмай үш жүздің жан-жаққа тартқан берекесіздігі он тоғызыншы ғасырда өзінің құлдырау шегіне жетіп, теріс нәтижесін берді. Бірі Қоқан, бірі Хиуа, Бұқар, енді бірі орыс ықпалына түсіп, бөлек-бөлек бас сауғалап, әбден қалжырады. Орталықтанған мемлекеттік мықты жүйе құра алмады. Өз руының ғана қамымен күн кешіп, шілдің құмалағындай ыдыраған қазақ қауымы – сөздің тура мағынасында – суық қарусыз тұттай жалаңаш қалды. Заманына лайық қарусыз қазақтың туы жығылды. Түркиямен текетіресте жеңіске жет­кен Ресейдің кеудесі аяққаптай боп, им­пе­риялық желікке шындап мінген. Ендігі шаруа ежелден текетірес іргедегі шикізатқа бай ұланғайыр Азияны жаулап алу. Бұл мемлекеттік саясатқа айналған басқыншылық жоспарды жүзеге асыру Орынбор және Самара генерал-губернаторы, патшаға шексіз берілген жігерлі де қайсар Перовскийдің қолына тапсырылды. Ол патшаның арнаулы бұйрығымен қаржы күтпестен бұдан арғы әскери жорықтардың плацдармы болып, №1 форттың бекініс-қорғанын нығайтуға жаныға кірісіп, форттағыларды бүйі тигендей асықтырып жатты. 1847 жылы салына бастаған Райым бекінісіне жергілікті тұрғындардан бір де бір кісі тартылмаған-тұғын. Басқыншылар Орынбордан қыпшақтарды жалдап әкелген. Енді бұндай ауыр жұмыстарға қорғансыз тегін күш – қазақтар зорлықпен тартыла бас­тады. 1856 жылы бекініске кірпіш күйдіріп жатқан, самогонға тойып алған есерсоқ казактар «қазақтардың отқа төзімділігіне көз жеткізу үшін» екі қазақты пешке салып жіберді. Бұл оқиға онсыз да ушығып тұрған күрделі жағдайға от тастап, көтерілістің аяқасты басталуына түрткі болды. Дүркін-дүркін ағылып келіп жатқан жергілікті шаруалардың мұң-зары бар, алдын ала кеңесте би, батырлардың ұйғарымымен Жанқожа 1856 жылдың қазан айының орта шенінде Ұшырғыға көшіп келіп, көтеріліс туын тікті. Қазалы, Ырғызға, Арал төңірегі, Жаңақала, Сырдарияның төменгі сағасындағы әлім-шөмен билеріне жаушыларын шаптыра бастады. Қарашаның бірінде Жанқожа мақсатын мәлім ете отырып, Хиуа ханынан көмек сұрап, екі елші шаптырған. Олардан да келгені екі адам. Мұхаммед Рахым қай­тыс болғаннан кейін өз билігін жөнге кел­тіре алмай, мәңгіріп жатқан жас хан ал­дымен қаланы алыңдар, көмекті сонан соң беремін деп, «ұзын арқан, кең тұсау» сәлем жолдаған. Енді ел құлағдар болып, қарсылықты қолдап, атқа қонған жігіттердің қарасы молайған соң, желтоқсанның басында көтерілісшілер бері жақындап, Жаңақаланың батыс бетінен төрт шақырым Ақтөбе деген жерге ту тікті. Көтерілісшілер құрамы алғаш 1200 адам. Төңіректі 10-15 жігіттен құралған сарбаздар торуылдай бастады. Қазалы бекінісі қоршауға алынды, форттан тысқа тышқан жорғалай алмай қалды. Перовск бекінісі түгелдей әскери дайын­дық­қа келтірілді. Жағдай одан әрі ушығар болса, қалың әскер Қазалыға бет алуға дайын. Мұсылмандарға қару ұстатпайтын әкімшілік №1 фортты салып жатқан башқұрт жұмысшыларына да мылтық үлестіруге мәжбүр. Ақтөбе ошақ болған бастапқы кезде қазақтардың 1450 қараша үйі тігілген, 1800 сарбаз болды деп көрсетіледі деректерде. Онан кейін барлауға шыққан орыс отрядтары көздеріне түсулеріне қарай әртүрлі сан көрсетеді, ол мәліметтерден көтерілісшілердің құрамы күн санап өсіп келе жатқандығы көрініп тұр. Ендігі жайттың басы ашық. Орынбор әскери губернаторына №1 форттан 1856 жылдың 5 желтоқсанында №110 реттік санмен жолданған хабарламада тілмәш М.Ахмеров қазақ ішіндегі жансыз­дары арқылы алған мәліметтеріне сүйеніп, көте­ріліске қарекет қараша айында бастал­ғанын мағлұм етеді. №1 форт басшылығына қожамберлі Ізтілеу Жұмабаев пен алтынбай, күлік биі зауряд-хорунжий Ұлбөбек Таимов та осы жайтты хабарлайды. Оныншы желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-да Ұлбөбектің әкімшіліктің тапсырмасымен жіберген жансызын көтерілісшілер ұстап алады. Өлкеге жаңа өкіметтің орнауына бай­ла­­нысты орыс тілін білетін, аз-маз болса да сауатты адамның қаны жерге тамбай қалды. Орынбордан жіберілген жас тілмәш М.Ахмеров аудармашылығымен қатар Ақмешітте отырған сарай кеңесшісі И.Осмоловскийдің көмекшісі де болатын. Орыс әкімшілігіне арыз-шағымдарын еркін жеткізе алмай қазақтардың күні осы алаяқ тілмашқа қарап қалды. Осы жағдайда бұл сұқсыр қызметін өз мүддесіне асыра пайдаланды, екі халықтың арасына от салды. Орысқа берілген старшындарды пайдаланып, ізіне қарулы солдаттар ертіп ел аралап, қазақтардан артық салық жинаумен де қоймай, ажарлы қыздарға да қол салатын. Оқиға ушығып, қазақтардың атқа қонғандығы шындыққа айналған кезде жаны мұрнының ұшына келген ол әкімшілікке үрей туғызып, «жау шаптылап» дереу әскери әрекетке итермелейтін әсіре жалған хабарлар жеткізіп тұрды. Солардың негізгілері: Жанқожа Хиуа ханына кісі шаптырды, Хиуадан көмекке алты мың жасақ, төрт зеңбірек сүйреткен көмек келе жатыр, қазақтар барған сайын көптеп жиналуда, теңіздің арғы бетіндегі Есет те әне-міне жетпекші... Кейін осы сұрқия тілмаштың әрекет­терінен күмән алған генерал-губер­на­тор В.И. Перовский онымен қоса бекі­ніс коменданты Л.Булатовты дереу қызме­тінен босатып, Орынборға алдырды. Мұхам­мед­хасан Шафиғұлы Ахмеров жерде қал­ған жоқ, сонда кіші тілмаш қызметіне орна­ласты. 1856 жылдың 18 желтоқсанында зауряд-хорунжий старшын Ұлбөбек Таимов көтерілісшілердің арасынан орыс бекінісіне жаңа хабар алып келді. Оның да мәлімдеуі бойынша, Жанқожа Хиуа ханына 2000 адам сұрап жаушы жіберген. Ханның алдымен бекіністі ал, шерікті содан кейін жібереміз деген салғырт сәлемі жеткен. Жанқожа жау келеді-ау деген жерлерге қос қойған, маңына адам жинап жатыр. Бұдан бұрын орыс әкімшілігімен ара­­қатынас түзу кезде – 1853 жылдың мау­сымында Жанқожаның өзі ұсынып, мақұл­дауымен кішкене шектілерге үш би бекітілген-тұғын. Бұлардың түгелдей батырдың келісімімен жұмыс істеп, оған есеп беріп тұруы да міндеттелген. Осылардың екеуі – Бекарыстан мен Бекмырза халқына жақын, батырға пейілді болды да, Ұлбөбек Таимов Жанқожаға қарсы, өкіметке ақи-тақи алаңсыз қызмет етіп, зауряд-хорунжий шенін иемденді. Басшыларына батырдың үстінен бірнеше рет шағым түсірді, тыңшылық етіп, оларға қазақтардың арасында болып жатқан жайларды жедел хабарлап тұрды. Кейін аласапыран басталар кезде өзінің жақын туыстарын көтерілісшілерге қоспай, анағұрлым қауіпсіз аймақ – Қарақұм, одан әрі Ырғыз жаққа көшіріп жіберді. Олардың қауіпсіздігін орыс әкімшілігіне тапсырды. Аудармашы А.Ахмеровтің 1856 жыл­дың 19 желтоқсанында №1 форттан жазған рет­тік саны №127 құпия мәліметіне бақсақ, оған жиеней Шонай Үрпеков келіп, мынаны мәлім етеді. Жаңақаладан әрі төрт шақырым жерде Жанқожаның әскері шоғырланған, барлығы 1500 сарбаз, бергі жақта 200 адам барлауда жүр. Барлаушыларды Сырлыбай Шабақов, Үмбет Әлімов, Аманқожа Әуменов басқарады. Қазақтар мұз ұстасу бойына Қазалыға шабуыл жасамақ. Дереу дәл осы күні арғы бетке шоғыр­ланған көтерілісшілерді тарату үшін Михайлов бастаған 1 зеңбірек, 100 атты казак, 1 офицер, 520 жаяу солдат шық­ты. Олар көне Жанкент бекінісінің маңынан Жанқожа жұмсап отырған 150 атты барлау­шыларды кезіктіреді. Сарбаздар қаша ұрыс салуға мәжбүр. Осы жерде қазақтармен қолма-қол ұрыс барысында найза қатардағы солдат Ефим Зубовтың оң иығын жеңіл жарақаттаған. Барлаушыларды жазалаушы отряд әрі қарай 20 шақырымға дейін қуған. Аттылы қазақтарға жете алмай әбден шаршаған жазалаушылар кері бұрылып, қалың қамыс арасындағы арыққа 30 қарулы солдат тосқауыл тастаған. Барлаушылар бұларды қайта өкшелей қуып келе жатып, осы қарулы топқа арандап қалады. Қақтығыста төртқараның кәніспегі Отарбай Ермекбаев санынан жарақаттанып, қолға түскен. Жазалаушылар атын, ер-тұрманын, қару-жарағын қоса басшыларына әкеліп тапсырған. Қазақтар тарапынан өлгендер туралы мағлұмат жоқ. Осы 1856 жылдың 21 желтоқсанында бекіністен №4035 реттік санмен жазылған майор Л.Булатовтың мәлімдемесінде: «захвачены г.Михайловым еще два киргиза по подозрению в участии в убийстве и увозе поселян», – деп көрсетіледі. Тағы бір қазақ гауптвахтада жатыр. Сол күні №1 форттан жөнелтілген №4935 құ­жат­тан ағайынды Обертышевтердің 20 желтоқсанда Жаңақаланың тұсында жазаланғандарын білеміз. Бұларды бергі бетке қайықпен өткен қазақтар ұстап алған. Шөп шашылып, 6 арба аударылған, қанның ізі дариядан қалаға дейін шұбырып жатыр, баскиімдері мен қолғаптары әр жерде қалған. Ашулы көтерілісшілер екеуін сол жерде өлтіріп, бірін тірілей алып кеткен. Жазалаушылар Обертышевтердің үш өгізін бекініске алып келіп, туыстарына тапсырады. Ә.Оспанов көрсеткендей, бұлар: «казак көпесі Обертышев» («Наркескен», №3 дәптер, 41-бет) емес, Ресейден жеткізілген қарапайым шаруалар, қарашекпендер. Өз көзімен көрген куәгер майор Л.Булатов тайға таңба басқандай жазып отыр: «...захваченные и убитые были поселенцы три брата Обертышевых». Өлтірілген қарашекпен Семен Обер­ты­шевтің үлкен ұлы Григорий мен оның інісі Степан. Григорийдің екі баласы жастай өз ажалдарынан өлген. Степаннан кіші Ирина деген де қыз бар. Кейін Григорийдің жесірі Любовь Никифоровнаға қазынадан 127 рубль 18 тиын күміс төленді. Көпестің ұлы болғандықтан емес, кедей, көмекке мұқтаж қарапайым шаруа – переселен болғандықтан. 21 желтоқсанда №1 форт коменданты №4935 қатынасында Аймұхаммед Мұсылманқұлов, Мәмбетәли Садыров пен Тумыш Шұжықов бастаған топ Қарақұмда төртқаралардың арасында сауда жасап жүрген көпес Деев Григорий Панфиловты тонағандығын көрсетеді. 1856 жылдың 28 желтоқсанында бекініс коменданты майор Л.Булатовтың жазған мағлұматына сүйенер болсақ, он бес күн болды үзбей жаңбыр жауады да тұрады, айнала қалың тұман. Солдаттар пішенге де шыға алмай бекіністе қамалып отыр. Қыс ортасы болғанымен күн жы­лы. Айналаны қалың тұман басқан. Желтоқ­санның соңына дейін дария ұстаспай абыржы болып тұрып алды. Қазалыға шабуылдың басталуына бұл да бөгесін. 1856 жылдың 28 желтоқсанында тілмаш М.Ахмеров пен орыс қызметінде жүрген хорунжий Шарыповтың Орынбор генерал-губернаторына №5035 реттік санмен жолдаған мәліметтеріне жүгінсек, 1856 жылдың 23 желтоқсанында құлқын сәріде таңғы сағат жетіде бұларға Масақбай Меңлітаев келіп шағымданады (Бұл жолбарыс аулауды кәсіп еткен Масақбай – М.Қ.). Ұшырғыда 450 үй төртқараларға би Үмбет Әлімов пен қожа Аманқожа Әуменов бастаған көтерілісшілер келіп, ат ойнатып, бұлардың Жанқожаға қосылуларын талап еткен. Төртқаралар екіге жарылған, көтерілісшілермен бірге жүрген өз старшындары Итіғұл Құдайбергенов те солардың сөзін сөйлейді. Масақбай Меңлітаев өздерін Қазалыға көшіріп алуды өтінеді. Форттағылар дереу Арал флотилия­сы­ның командирі А.И. Бутаковпен келісіп, ертеңіне Қаратөбе тұсынан дариядан өтіп, Масақбай Меңлітаевтың жол бастауымен кездескен көтерілісшілердің беттерін қайтарып, сол жақта қалып қойған Итіғұл Құдайбергенов бастаған қазақтарды бері өткізіп алуға шыққанда көтерілісшілер орыс әскерлерін үш жақтан қоршап алып, ұран салып, үш дүркін екпіндете шабуыл жасайды. Бұлар картечтен оқ боратып қорғанады. Көтерілісшілер 1000-1800 адам. Жандары мұрын ұшына келген жазалаушылар форттан көмек сұрап, Өтеген Аққозинді шаптырады. Қолға түсіп қалмай қоршаудағы фортқа аман жеткен оған табан астында 20 рубль күміс ақша төленген. Ертеңіне көргендері 500 қазақ. Олар осы күні гарнизон аттарына дайындалған 25 шөмелені өртеген. (Бұл күні көтерілісшілер жағынан тағы да бес адам өлген). Келесі күні тағы 105 шөмеле өртелген. 23 желтоқсандағы оқиға туралы екінші рапортта да маңызды мағлұмат бар. №1 форт бекінісінің командирі майор Л.Булатовтың 1856 жылдың 30 желтоқсанында №525 реттік санмен берген есебінің сорабы былай. Старшина Михайлов бастаған Орал 150 атты казактары 23 желтоқсанда, қалың көтерілісшілерді біржола жазалап тастауға мүмкіндіктері жоқ, әзірге оларды тарату мақсатымен дарияның сол жағалауына өтеді. Отрядта бір зеңбірек бар. Ол жақтағы көтерілісшілер саны 1450. Форттан 12 шақырым ұзап, Марқабай моласына жеткен. Старшина Итіғұлдың ауылын бері көшіріп алу үшін 35 казакпен есаул Толс­тов жөнелтіледі. Бір сағаттан кейін Жанкент маңында бұларды қазақтар көріп қалған. Олар дереу негізгі отрядқа қосылуға мәжбүр. Қорған деген жерге шоғырланғанда шамамен 1800 атты қазақ ұрандап, бұларға лап береді. Зеңбірек картечі, мылтық оқтары іске кіріседі. Қарсыластары лек-легімен бұдан кейін де үш рет шабуылдайды. Қараңғы түскен соң қазақтар өліктер мен жараланғандарды алып кетіп жатты. Көтерілісшілер жеткізбейтін болған соң бұлар кері қайтуға мәжбүр. Сөзбе-сөз келтіргенде ұрыс барысында: «по показанию лазутчиков мятежников убито до 40 человек и многие ранены». Бұл дерек екі бірдей құжатта қайталанғандықтан 40 қазақ өлді деп есепке аламыз. Ал жазалаушылардан өлген бес ат. 27 желтоқсанда хорунжий Череватов бастаған 80 солдат екі рота, 80 өгіз арбамен арғы бетке өтеді. Бұларды Орал атты казактары қорғап шығады. Қазалыдан бір шақырым ұзау бойына алдарынан 500 қазақ көрінеді. Қаратөбенің тасасынан шыға келген сарбаздар бұларды қоршауға алып, бас-көзге қарамай, екпіндете шабуылдайды («Бросились на команду»). Жазалаушы солдаттар әрі жылжи алмай дереу арбаларын қоралап, соның ішінен қорғануға мәжбүр. Осы ұрыста: «убито 5 человек. Есаул Буренин убил еще двух человек, многих ранил». Сонда алдыңғы бес қазақ мылтық оғынан, соңғы екі кісі қылыштан өлген болып шығады. Осы ретте 25 шөмеле өртелген. Генерал-губернатор граф А.А. Перов­ский­­дің 1857 жылдың 14 қаңтарында соғыс минис­тріне жазған №83 қатынасында тағы да: «При преследовании одной из шаек, ранен пикою казак, а киргизов убито до 20 человек картечными выстрелами» деп көрсетілген. Қақтығыстар барысында тағы да төрт қазақ қолға түсіп қалған. Генерал-майор, барон Фитенгоф генерал-губернатор граф В.И. Перовскийден тұтқында отырған бұларға қандай жаза лайық деп сұрайды. Оған Орынбордан 1857 жылдың 10 ақпанындағы №80 қатынаспен былай деп нұсқау берген: «...если люди эти взяты были с оружием в руках, сдедовательно несомненно принадлежали к числу мятежников, то для примера (...) было полезно: тогда же подвергнуть их заслуженной казни». Демек бұл төрт көтерілісші де атылған не қылыштың жүзінен өткен. Форт коменданты Л.Булатов бастаған барлаушы отряд 3 қаңтарда Жанкент маңына шыққанда жолай бір қазақты ұстап алады. 1857 жылдың 9 қаңтарында құлқын сәріде генерал-майор, барон Фитенгоф бас­таған жазалаушы отряд Қазалы бекінісінен ша­мамен бес шақырым ұзағанда алдарынан салт аттылардың қарасы көрінеді. Оларды қолға түсіруге дереу атты казак отряды ұм­тылады. Күніне бір гарница арпа жеп тұр­ған қазынаның бағулы аттары далада жайылымда жүрген аттардан неге дейлі болмасын, оларды оп-оңай қуып жетті. «...часть из них была переколота пиками, дру­гим удалось скрыться в тумане, двое были взяты в плен». Қолға түспей кеткендері, әрине, батырға жаудың келіп қалғандығын хабар­лайды, сарбаздар дүрк көтеріліп, атқа қонды. «Перекелотоны» өлтірілді деп түсінеміз. 1856 жылдың 29 желтоқсанында №І форт­тан майор Булатов жазған №5035 қаты­наста 22-сі күні жазалаушы отряд арғы бетке шыққанда 200 адамды көргендігін мағлұм етеді. Олар арық, атызға жасырынып жатып, бұларға оқ атады. Жазалаушылар дұшпандарға төрт рет жауап қайтарады. Казактар кейін шегініп, бекініске тығылып қалады. Мағлұмат былай деп тұр. «Отойдя в камыш начали подбирать убитых». «Причем убито было пять человек киргиз, которые подхвачены были их товарищами»... «под начальством есаула Буренина, который хорунжим Череватовым преследовал верст на три большую шайку и на это время убито еще два киргиза и несколько ранено...». Нағыз шайқас өтетін 9 қаңтар жақындап келе жатты. Қолға түскен деректерге сүйенер болсақ, осы кезге дейін 80 қазақ өлген. 3 қаңтарда көтерілісшілер әлі толық бекіп болмаған мұз үстінен түгелдей да­рия­­ның оң жағына өтті. Ендігі ошақ Қылышбай бейітінің маңы, ұрыс болатын алаң Арықбалық алқабы, Қазалыдан он бір ша­қырым жер. Шабуыл әне-міне басталмақ. Аса діндар батыр осы жолы күші басым кәуірмен ұрыс үстінде Алланың ақ жолымен шейіт кетермін деп ойлады. Оған дәлел – нағыз жан алып, жан берісетін шешуші айқас алдында ата-бабаларының бастарына кетіп, зиярат етіп, уақыт оздырып алуы. Күн сайын асқынып бара жатқан кө­те­рілісті басуға №1 форт құрамасының қауқары жетпейтіндігі түсінікті болды. Генерал-губернатор В.Перовскийдің бұйрығымен Қазалыға бет алған, құрмында 265 солдат, екі зеңбірек, бір ракеталық станок, тағы Елікей Қасымовтың бірнеше жүз қазақтары бар жазалаушы отряд Ақмешіттен шығып, 1857 жылдың 1 қаңтарында Қармақшыда болды. Күн жылы, қалың тұман болатын. Кеңтүп жаққа жіберген Жанқожаның төрт кісі­ден тұратын барлаушылары Ақмешіттен келе жатқан қарулы қалың қолды кезіктіре алмай көтеріліс ошағына жайбарақат хабар жеткізді. Көтеріліс шырқау шегіне жеткенде атқа қонған сарбаздардың құрамы бес мыңның үстінде болса, орыс қолы жеті жүздің ол жақ, бұл жағы. Сөйтсе де олар үстем. Бұрын жазғанымыз бар, аяғымен жайылып жүрген аттар да, өгіздер де арық. Жер болса сірескен мұз басқан көк­тайғақ, ілуде біреуде шиті мылтық болмаса, негізінен садақ, найза, кетпен, айырын алып шыққандар, бірсыпырасы өгіз мінген, кейбір мүлде жаяу шаруаның сан жағынан басым болғанымен бір зеңбірек, екі ракеталық станок, 54 штуцермен мұздай қаруланған, құрамында 300 атты казак, 320 жаяу солдат, оның үстіне башқұрт отряды мен Елікей Қасымов бастаған барлап, шауып келуге жұмсап отырған 400-500-дей қосымша жасағы бар патша әскеріне төтеп бере алмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Арал флотилиясының бастығы А.И. Бутаков отрядымен шақырылып, ұрыстың қақ ортасында жүр. Бұл аяқ астынан шыққан бұлқыныс тең­дік іздеген таза өңеш жалаңаш шаруалар кө­те­рілісі еді. Енді қарулары мардымсыз қазақ кө­те­рілісшілерінің қан қасап құрбандыққа ұшы­рағандығына айғақ негізгі құжатқа тоқ­талалық. Бұл қазақ жұртына оқиға өт­кеннен 157 жыл кейін тұңғыш рет жария­ланған сол қанды қырғынды өз қо­лымен атқарған генерал-майор, барон Фитенгофтың Орынбордағы басшыларына 1857 жылдың 17 ақпанында берген жазбаша есебінен үзінділер, жан беріп, жан алысқан ұрыс үстіндегі жайт. «Авангард бросился немедленно, и они застигнуты врасплох, были частою переколоты, двое взяты в плен... Хотя и было видно, что выстрелы наши свалили многих лошадей и что товарищей убитых бросились подбирать тела, киргизы не устрашились и почти многие залегли в канавы и нанесли большой вред штуцерным огнем наездникам», «они потеряли значительно убитыми и ранеными», «в кибитках лагеря мы нашли несколько мертвых тел, привезенных туда с поля битвы». «Толстов бросился в камыши... был встречен выстрелами, скрывавшими там трех киргизов: они были казаками заколоты», «на обратном пути войск видны были в камышах следы большого поражения, претерпленного мятежниками; тела убитых раненых лошадей забрызганные кровью камыши свидетельствовали, что этот день обошелся им дорого» (Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Алматы, 2014ж. 486-492-беттер). Арықбалықтағы екі жақты салыстыруға келмейтін мүлде тең емес соғыс алакеуімнен қараңғы түскенше созылды. Бұрынғы бір мақаламызда келтірген болатынбыз: 1857 жылдың 9 қаңтарына дейін көтерілісшілерге 205 снаряд тасталып, әр түрлі от қарулардан 3221 оқ атылған болса, соғыстың шырқау шегі – тек 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында зеңбірек добы, картечь, ракета, штуцер, пистолеті бар, барлығы 5986 оқ жұмсалды. Бұлардың қанша қазақты қыршынынан қиып, баудай түсіргендігін өзіңіз шамаларсыз. Қазақтар өліктер мен жараланғандарды ұрыс даласынан дереу алып кетіп жатты, ал орыстардың өлік санарлық мұрсалары болған жоқ. Ә.Оспанов: «Казактар негізгі топқа қарап алаң болып тұрғанда, сырттарынан са­дақ тартқан атқыштар бұлардың есін шы­ғарды. Дәл тиген оқтар мен же­бе­ден жиырмашақтысы баудай түсті» («Наркескен», №3 дәптер, 98-бет) деп шалықтайды. Ондай болса кәні. Ал шындығында 1857 жылдың 9 қаң­та­рында осы Арықбалық шайқасында жара­қат­танған орыс солдаттары мыналар: урядник Матвей Бакалдин, оң жақ қолтығына найза тиген, жарақаты жеңіл; казак Филимон Лапухин, найза оң қабырғасына қадалған, жарақаты жеңіл; казак Иван Черныш, найза сол жақ қабырғасын сөккен, жарақаты жеңіл; казак Никита Цыганов, найза оң жақ самайына тиген, бұл да жеңіл; казак Филип Петров, мылтық оғы қақ маңдайдан тиген, миы шайқалған. Лекарь бұның жазылып кетуі екіталай деп есептейді, демек өлгенге қоялық. Сонымен дұшпан тарапынан бар болғаны төрт-ақ адам жарақаттанып, жиырма шақты емес, бір ғана солдат өлген. Қолымен қараған дәрігер жарақаттардың барлығын дерлік жеңіл екендігін көрсетіп отыр. Көтерілісті басуға жауапты генерал-майор барон Фитенгофтың басшылыққа 1857 жылдың 14 қаңтарында №18 реттік санмен жазған рапортының азат жолдарына В.А. Перовский 24 ескертпе түсірген. Оның алтауы қазақтардың әлі де көптеп өлтірілмеуі жайындағы ашу-ыза. Бұл құжатты елеусіз қалдыру мүмкін емес. Алдымен генерал-губернаторға жазбаша есептегі «неприятель» сөзі ұнамайды. №2. «Киргизы – русские подданные. Они в отношении к нам не могут быть неприятелями. Их можно назвать мя­теж­ни­ками, бунтовщиками и пр. Но название «неприятель» неправильно и слишком для них почетно». Кейбір қазақ батырларының екпіндеп, қолма-қол шайқасқа түскендіктері туралы сөйлемнің астын сызып тұрып жазған пікірі №10: «Как не нашлось ни казака, ни солдата, которые бы хотя одного из этих батырей сняли с седла пикою или штыком?». Жайқалған салтанатты үлкен ақ тудың енді қалың әскердің сол қанатына ығысып, оның маңына тоғысқан жауынгер топтың ұрандап бұларға лап берген тұсы генералды ызаландыра түседі. №13. «Если это столь часто упоминаемое белое знамя играло в скопище Джангужи такую важную роль, то следовало непременно ударить на него решительно и сбить, а не дозволить ему в течение нескольких часов разъезжать кругом отряда». Есепте өлген қазақтардың нақты санының көр­сетілмеуі генерал-губернатордың жүй­кесіне тиіп, бұл туралы бірнеше рет ескерту жасайды. №15. «О киргизах умолчено. Были ли с их стороны ранены и убитые?». №17. «Если мы не могли нанести им боль­шого вреда нашим былым оружием, то они не могли потерять значительного числа убитыми и ранеными». №19. «Ни разу число убитых не означено цифрою... О мертвых телах сказано только, что их было несколько». Фитингоф қайтар жолда көптеген өлген адамдарды көрдік десе, губернатор тағы сұрайды: №23. «Сколько?». Қазақтар неғұрлым молынан қырылған сайын жаны жай табатын нағыз қанқұмар басқыншының пейілі. Бас көтеріп жүрген қарапайым халықтың өз мүдделері, біздің тарапымыздан зорлық болды-ау деген кішкентай да болса адами түйсік жоқ, тек шабу, өлтіру, құрту. Және барынша қырып тастаған жөн. Рапорттың ұрыстан кейін қазақ үйлерінің тоналуы жайлы тұсына генерал-губернатор: «Қазақтың жалғыз байлығы – мал, олардың тек малдарын сыпырып алу арқылы қан қақсатуға болады» деп жазады. «Сонда ғана олар болашақта бас көтере алмайды». Өте дұрыс айтады. Бұл сыналған әдіс кеңес өкіметі кезінде де жүзеге асырылды. Тағы генерал-губернатордың түсінігінше, көтерілісшілер тас-талқан болып түбегейлі жазаланған жоқ, тек қуып тасталды. Шындығы да сол. Генерал-губернатор В.А. Перовский қазақтардың егін егіп, отырықшылықпен айналысуы былай тұрсын, қарапайым жер үй салуларына да қарсы болған. Ол қазақтардың көшіп-қонып, үнемі орыстарға тәуелді күйінде қала беруін қасарысып қадағалаған басшы. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі шаруа – оның бастаушыларының көздерін жойып, бүлік ошағын қайта бас көтермейтіндей ыдыратып, Хиуа жаққа ығысқан қазақтарды өкімет қоластында бақылауда ұстау үшін бекініс маңына қайтару болатын. Генерал-майор, барон Фитенгоф осы мақсатпен 1857 жылдың 26 ақпанында 500 әскер, екі зеңбірек, екі ракета-станок, 15 күнге жетерлік азық алып, Қызыл жаққа атанды. Жолай кезіккен ауылдарды аяусыз тонап, үлкен Қасқада отыр деген хабармен сұлтан Әзірбек Рүстемов пен Сердалы Бекшориннің («Самый верный вожак») жол бастауларымен 100 жарау аттылы казак басқарған есаул Толстовты Жанқожаны ұстауға жұмсайды. Сөйтсе бұдан үш күн бұрын осы маңда көшіп жүрген старшын Итіғұл Жанқожаға інісі Мамыт Құндыбаевты шаптырып, бекіністен жазалаушы отряд шыққандығын ескерткен екен. Батырдың жұртын сипап қалған Толстов не істейді? «Два аула родственники его были тут настигнуты и уничтожены, а он Нияз Джанкин и другой киргизец Итегул Бик Айдаров убиты» («Жанқожа Нұрмұхаммедұлы», Алматы. 2014 ж. 494-495-беттер). Жанқожаға жанашырлық танытқаны үшін Итіғұлдың ел ағасы – старшын екендігіне де қараған жоқ, табан асты тағы да екі қазақ атып не шауып өлтірілді. Бұл 9 қаңтардың кейін өлтірілген 2 қазақ. Біз еміс-еміс болса да ізі көрінген деректерді қуаладық. Ал сол 1857 жылдың қысы мен батыр өлтіріліп, патша өкіметінің көңілі жайланған 1860 жылдың ерте көктемі аралығында мал-мүлкі түгелдей тоналып, сығарға биті қалмай, азып-тозып елге бет алған кедей-кепшіктің Қызылдан Қазалыға дейін созылған шұбырынды жолда қаншасы қалғандығы беймағлұм. Олар да осы біз іздеп отырған құрбандар құрамында. Сонымен 9 қаңтар күнгі нағыз қан қасаптағы құрбандардың нақты саны белгісіз, тек қағазға түсіп, қолға ілінген деректерді ғана келтірер болсақ, біздің есебімізше, көтеріліс барысында шейіт кеткен қазақтардың саны 82. Ұзын саны 200-ден, бәлкім 300-ден де әрі болар. Жанқожаны қоспағанда. Осыншама азамат ай мен күннің аманында сұраусыз, елеусіз де ескерусіз қала бере ме? Елім, жұртым деп атқа қонған осы әруақтарымыз соғыс үстінде бірден ақиретке жөнелген Арықбалық бұл күндері егіс алқабы, мал өрісі, тіпті, доңыз тұяғының асты да болды деп естимін. Ел аман, жұрт тынышта біздің мұншалық бойкүйездігімізді ата-бабаларымыздың адал қандары, ахирети әруақтар кешіре алар ма екен? Біле білген жұртқа Қазалы әр үйі, әр көшесі заманалардан сыр тартқан тұтасымен тарихи қала. Ал 1856-1857 жылдардағы халық көтерілісінде қоршауға алынған осы қалада – тарихи оқиға ошағында елеулі бір белгі тұрар болса, көне шаһардың мән-мазмұны одан әрі байи түсер еді. Әңгіменің түйіні – дұшпандарының өздерінен әлдеқайда үстем екендігін көре тұра елдік намыс, туған жердің тазалығы үшін оққа өңеш жалаңаш ұмтылып, нағыз қан қасапта адал қандарын төгіп, шейіт кеткен сол боздақтарға құран бағыштарлық бір белгі қажет-ақ. Арнаулы белгі болса, ұрпақтары аялдап, құран бағыштар еді, арнаулы белгі болса, әсіресе жас өскін өз өлкесінде де теңдік үшін құрбандыққа кеткен жанкешті бабалар болғандығын білер еді, тарих дегеннің әлдеқандай бір беймәлім алыс жақтарда емес, күнделікті өзі басып жүрген осы туған жерде де сайрап жатқанын сезініп өсер еді, білген болса, өз өтені – Отанға деген құрметі үстемелене түсер еді. Қалайда байыптап таразылаған адамға өлкеміздегі осы бір қасіретті оқиғаның орны үңірейіп-ақ тұр. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­малық мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабаларымыздан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түгендеуіміз керек». «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың рухы алдында парыздармыз» деген болса, бұл сөздерге алып, қосар не бар?  

Молдахмет ҚАНАЗ,

жазушы, халықаралық

«Алаш» сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары