1616
Петропавлда 500 адамға арналған жаңа мешіт ашылды
Петропавлда 500 адамға арналған жаңа мешіт ашылды
Петропавлда 500 адамға арналған жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мешіт исламның дәстүрі мен қағидаларын ескере отырып, Меккеге қаратып салынған. Жоба авторы әрі сәулеткері - Сағындық Жанбұлов. Оның сөзіне қарағанда, Петропавл мешітін салуда бірегей сәулет туындысы болуы басшылыққа алынған.
«Жоба дәстүрлі мұсылмандықтың қазақы стилімен салынды. Мешіттің іші мен сыртында бірдей қазақтың ою-өрнектерін пайдаландық. Ұлы далаға тән ақшыл сары түспен боядық, сондықтан біздің мешіт дәл осы қазақша стилистикасымен ерекшеленеді», - дейді сәулеткер.
Оның ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты.
Өңір басшысы Петропавлда жаңа мешіттің ашылуы облыс мұсылмандары қауымы үшін үлкен оқиға екенін тілге тиек етті.
Мешіттің құрылысына төрт жылдай уақыт жұмсалды. Құрылысқа 1,4 гектар жер бөлінді. Мешіт 2,7 мың шаршы метр ауданға орналасты. Оның үш деңгейлі, алтын түстес күмбездері, әрқайсысы 33 метрден асатын төрт мұнарасы бар.
Мешіттің аумағында субұрқақ, орындықтар орнатылған. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта мешіт маңында кішігірім саябақ ашуды жоспарлап отыр.