Ата заң – мызғымас мемлекеттің қазығы

Ата заң – мызғымас мемлекеттің қазығы

Ата заң – мызғымас мемлекеттің қазығы
ашық дереккөзі
1356
Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Елбасымыз айтып өткендей, Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. «Конституция» латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы. Конституция күні – мемлекеттік мереке. Еліміздің Ата заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Қазақстанда Ата заң тұңғыш рет 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Ал қазіргі қолданылып жүрген конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата заңын қабылдаған болатын. Конституция жобасын дайындау кезінде әлемдік демократияның тәжірибелерін, қазақстандықтардың қалауын жан-жақты сараптауға, қызу және өткір талқылауға назар аударылды. Нәтижесінде, 1995 жылдың 30 тамызында өткен Бүкілхалықтық референдумда қатысушылардың 90 пайызы жақтап дауыс беріп, қазіргі қолданыстағы Конституцияның қабылданғаны белгілі. Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Ата заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ал конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандықтары. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Ата заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды. Мәселен, Конституциямыздың 16-бабы әркiмнің жеке басының бостандығына құқын жария етті. Яғни, заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi. Осылайша, мемлекетіміздің Ата заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге, адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының қорытынды бөлімінде: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін»,–деп күллі отандастарымыз, қазақстандықтарға үкілі үмітпен қарап, келешекке кемел оймен үн тастайды. Ата заңымыздың өміршеңдігі, демократиялық табиғаты туралы қазақстандықтар да, шетел азаматтары да жиі жылы лебіздер айтып, болашағымызға зор сенім білдіріп келеді. Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен аяқтасақ: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ». Қорытындылай келе, барлық қазақстандықтарды 30 тамыз – Конституция күнімен құттықтай отырып, әрбір шаңыраққа шырайлы шаттық, бақ-береке, қазыналы қуаныш, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Әрқашан болашағымыз баянды, келешегіміз кемел әрі еліміз еңселі, жастарымыз көшелі болсын!  

Асқар Мұстабеков,

полковник, Қазақстан

Республикасының Қарулы Күштері

Радиоэлектроника және байланыс

әскери-инженерлік

 институтының бастығы

Серіктес жаңалықтары