1079
Тарихы терең білім ордасы
Тарихы терең білім ордасы
Жас ұрпаққа сапалы білім беру – кез келген мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ел жастарының білімді әрі білікті болуы үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі колледждердің білім беру ісіне айрықша назар аударылып отырғаны белгілі. Бұл ретте еліміздің оңтүстік астанасындағы 88 жылдық тарихы бар Алматы байланыс колледжі жайында айтпай кетуге болмас.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деп білім, ғылым саласындағы негізгі басымдықтарды айқындап берді. Сондықтан қазір еліміздегі білім беру жүйесінде түрлі жаңашылдықтар орын алуда.
1930 жылы іргетасы қаланып, бүгінгі күні еліміздегі іргелі оқу орындарының біріне айналған Алматы байланыс колледжі тарихы тереңге жайылған білім ордасы. Заман талабына сай оқу орны бүгінде 12 мыңнан астам адамға мамандық беріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.
Алматы байланыс колледжі ІІ дүниежүзілік соғыс кезінен бастап, Қазақстанның егемендік алып, мемлекет болып қалыптасу кезеңдерінде де мамандар даярлады. Техникум ең алғаш құрылғанда оқитын ғимарат, зертханасы, студенттердің жатақханасы болмады. ІІ дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінен бастап сұрапыл соғысқа оқытушылар мен жоғарғы курс суденттері кете бастады. Сол жылдардың өзінде халық шаруашылығы мен соғысқа мамандар даярлау тоқтатылған жоқ. Соғыс аяқталғанда техникум өзінің статусын жоғалтпады, керісінше материалдық негізін бекітіп, оқытушылар құрамы жетілдіріліп, студенттер саны жыл сайын өсіп отырды.
Қазіргі уақытқа дейін колледж өзінің ардагер оқытушыларымен байланысты үзген емес. Соғыс ардагері В.И. Якушенко, концлагерь тұтқыны М.А. Шадова және басқа да еңбек ардагерлері қазірге дейін колледж төрінің сәні болуда. Әр мереке қарсаңында оларға ұлағатты ұстаз, соғыс ардагерлері ретінде сый-құрмет көрсетіліп келеді. 1953 жылдан бастап 30 жыл техникумда еңбек еткен, 1980 жылдары Алматы қаласының Құрмет тақтасында суреті бірнеше жыл бойы ілініп тұрған, техникумның мақтанышы, «Үздік байланысшы», «Еңбек ардагері» медалінің иегері В.А. Нефедова былтыр ғана 90 жасын тойлады. Сондай-ақ, кеңес өкіметі тұсында колледждің дамуына зор үлес қосқан, жоғарғы деңгейдегі мамандарды даярлауға атсалысқан, Қазақстан Республикасының Құрметті ұстазы, білім үздігі Н.Жайлаубекованы ерекше атап өтуге болады.
Еңбегі ерен, талантты басшы бола білген Ғайни Айғараеваның колледждің бүгінгі мәртебесіне қосқан үлесі зор. 39 жылдық қызметінде Ғайни Әбдібайқызы өзінің еңбекқорлығымен қызметтестерінің арасында үлкен беделге, зор құрметке ие болған тәлімгер ұстаз, ізденімпаз басшы. Білім мен тәрбие беруде қажымай еңбек етіп келе жатқан жұмыстарының нәтижесінде колледж ұжымының, студенттердің, ата-аналардың сенімінен шыға білген құрмет иесі.
Әлемдік жаhандану үдерісімен тұспа-тұс келген ХХІ ғасыр азаматының рухани-мәдени деңгейі қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қиын, бірақ сондай азаматтарды тәрбиелеп шығару қажет. Ол тәуелсіз елдің тұлғасы, жанашыры, елін жандандырып, жерін түлететін азамат болуға міндетті. Ол іскер де білгір, өзінің тарихын білетін, ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін сүйетін, халық дәстүрін бойына сіңіретін, ата салтын қадір тұтатын халық перзенті болғаны абзал. Ал мұндай азаматтарды тәрбиелеу – қоғам алдындағы міндет. Алматы байланыс колледжінің ұстаздары осындай мамандарды даярлауды тоқтпайды. Болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да еселене беретіні сөзсіз. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет колледж ұжымының негізгі ұстанымы болып қала бермек.
А.Сариева, А. Назарбекова,
ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжінің оқытушылары