213
Министр маса шағып көз жұмған әйелге алдын ала қойылған диагнозды айтты
Министр маса шағып көз жұмған әйелге алдын ала қойылған диагнозды айтты
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордада маса шаққаннан кейін ауруханаға жүгініп, ажал құшқан әйелдің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші қалалық ауруханада көз жұмған әйелге қатысты айтарым - бұл жағдай менің бақылауымда. Қазіргі таңда нақты бір минуттың, тіпті бір секундтың ішінде не болғанына дейінгі ақпарат қолымызда бар. Бүгінгі күні «анафилактикалық шок» деген алдын ала диагноз қойылып отыр. Біздің болжауымызша, жалпы аллергиялық реакцияның аясында барлық дәрі-дәрмектер толығымен хаттамалық диагностика мен емдеу, стандарт бойынша қолданылған, алайда осы кезде күрделелік пайда болған», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Ол өз сөзінде істің барлық мән-жайын зерттеу құқық қорғау органдары қызметкерлерімен жүргізілетінін атап өтті.
«Құқық қорғау органдарына хабар берілді. Олар барлық дәрі-дәрмектерді тәркіледі, сондықтан бұл біраз уақытты алады. Себебі, токсикологиялық сараптама жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша не болғанын біз міндетті түрде хабарлайтын боламыз», - деді ведомство басшысы.
Өз кезегінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров қайтыс болған әйелге препарат қалай берілгенін айтып берді.
«Бұл біздің күнделікті ондаған, жүздеген пациенттерге беріліп жатқан препараттар. Бірақ, тек сараптама қорытындысы ғана өлім жағдайына не себеп болғанын анықтап береді. Пациент ауру мен қышуды сезінетінін айтып шағымданған. Осыған байланысты оған кетонал берілген», - дейді Камалжан Надыров.
Естеріңізге сала кетейік, аталған әйелдің ауруханада көз жұмғаны туралы оның құрбысы Фейсбуктегі парақшасында жазған болатын. Оның атап өтуінше, 28 жастағы Мақпал Еспенбетова елордадағы бірінші қалалық аурухананың көмегіне жүгінген.