335
Татуласу келісімі - сот жүйесіндегі жүктемені азайтады
Татуласу келісімі - сот жүйесіндегі жүктемені азайтады
Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған Азаматтық процестік кодекске (АПК) мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жария түрде қол қойып, қолданысқа енгізілген күннен бастап,заң үстемдігін қамтамасыз етуге едәуір үлес қосқанын ауыз толтыра айтуға толық дәлелдер бар. Дауды бейбіт жолмен реттеу бұл күнде бір жолға қойылып, көптеген жағдайда оң нәтижесін беріп келеді. Осы ретте, азаматтарға тағы да түсіндіре кеткенді жөн санап отырмын, АПК-ның 17-тарауында азаматтық іс тараптарын бірінші, апелляциялық және кассациялық сот сатыларында татуластыру рәсімдері қарастырылған. Соның ішінде, тараптардың татуласу келісімі санаты бойынша сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданып, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жарияқұқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді және татуласу келісімін тек сот бекітеді. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, онда сот оны бекітпейді. Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады. Жалпы, татуластыру шараларын қолданудың тиімділігі, ол сот жүйесіндегі жүктемені азайтады. Ең бастысы, дауды созбалаңға салмай, оны шешу мерзімін қысқартады. Мұның бәрі түптеп келгенде азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға сеп.
Жанар АБДРАХМАНОВА,
Алатау аудандық сотының судьясы
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ