Бәсекелестік бәйгесінде бағымыз жансын десек...

Бәсекелестік бәйгесінде бағымыз жансын десек...

Бәсекелестік бәйгесінде бағымыз жансын десек...
ашық дереккөзі
323
Қоғам дамуына кедергі болатын кертартпа дүниелер көп-ақ. Бүгінгі таңда соның үлкені және өзектісі сыбайлас жемқорлық болып тұр. Бір анығы, әлемде бұл кеселден сырт қалған немесе оны жеңген мемлекет кемде-кем. Мұны ел Президенті Н.Назарбаев та өз сөздерінде үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлық мәселесіне мән беріп, онымен күресті жетілдіруге үнемі пәрмен беріп отыруы тегінен тегін емес. 2017 жылы жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет», — деп, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақ мақалымен мәндес ой тастаған болатын. Әлбетте, бұл бағытта Қазақстанда қыруар жұмыстар атқарылып, жемқорлықпен күрес заңнамалық тұрғыда бекітілді. Посткеңестік кеңістікте алғаш болып қабылдаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңның 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң болып өзгертілуі де жегіқұрттың салдарымен күреспей, керісінше, оның алдын алу мақсатынан туған қадам еді. Осы заңдық өзгеріс арқылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі мемлекеттік саясатының бағыты басқа арнаға бет бұрды десек болады. Ол жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кешенді шараларын құрайды. Оның аясында әлеуметтік кеселдің зияны, мемлекетке келтірер зардабы, дамуға келтірер кедергісі туралы насихат шаралары жүргізіліп, жемқорлықпен күреске қоғамды жұмылдыруды да көздейді. «Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс», — деп мұны аталмыш Жолдауында Елбасы орында атап өтті де. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі сөз болған құжатта жемқорлық тақырыбына орын берілуі де түсінікті жайт. Себебі, әлемде экономикалық, технологиялық және басқа бәсекелестік көркі қазір қызып-ақ тұр. Ал, мұндай бәсекеге түсуді, онда оза шабуды сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құрмай, елестету мүмкін емес. Ендеше, бәсекелестік бәйгесінде бағымыз жансын десек, ортақ міндетті жүзеге асыруда бірлік таныта білуіміз керек.  

Марат НУРБЕКОВ,

Алатау аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

 

Серіктес жаңалықтары