ҰСТАЗДАРДЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ШАҚЫРМАҚ

ҰСТАЗДАРДЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ШАҚЫРМАҚ

ҰСТАЗДАРДЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ШАҚЫРМАҚ
ашық дереккөзі
311
Түркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев  ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне тоқталды. Ұстаз беделі – мемлекет беделі екенін атап өткен ол білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеу үшін мұғалімдердің білімі мен қайраты мол болу керектігін айтты. Облыстан түлеп ұшып, өзге өңірлерде қызмет етіп жүрген білікті мамандар мен педагогтарды туған жерге шақыру керектігін жеткізді. Осы жиында Жансейіт Түймебаев Түркістан облысында ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау күшейтілетінін атап өтті. Мәселен, биылғы қыркүйек айынан бастап ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 4200 педагогтың айлық жалақысы санаттарына қарай 30-50 пайызға артады. Оған облыстық бюджеттен 1 млрд 67 млн теңге қаралып отыр. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беріп жатқан 32 мыңнан астам ұстазға 30 пайыз жалақы қосылды. Оған бюджеттен 10 млрд 290 млн теңге қаралған. – Облысымыз Түркістан облысы болып аталып, облыс орталығының Түркістан қаласына көшуі де ұстаздарға оң әсерін тигізеді. Егер де, сіздер Түркістан қаласына келген жағдайда айлық жалақыларыңызға 20 пайыз қосымша ақы, еңбек демалыстарыңызға 7 қосымша күн, еңбек демалыстарыңызға 1 айлық қосымша сауықтыру ақысы қосылады. Әлеуметтік сала қызметкерлері мен ұстаздар қауымы үшін Түркістан облысының  13 ауданында инвесторлар есебінен 14 мың шаршы метрлі 31 тұрғын үй салынуда,– деді облыс әкімі. Бүгінде Түркістан облысында кәсіптік білім сапасын көтеру мәселесіне әкімдік тарапынан назар аударыла бастады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды саланың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру болса, осы кәсіптік білім мекемелерін бітіруші түлектердің 25-30 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілмей келеді. Бұл мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастырмаудан дейді мамандар. Қоғамға нақты қандай мамандар қажет екені жіті зерттелмегендіктен, жастардың біразы дипломға сай жұмыс таппай жүр. Осы олқылықты жою мақсатында биыл кәсіптік маман даярлау бағытындағы мемлекеттік тапсырысты жүйелеу үшін 7 жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ қоғамға аса қажетті мамандықтарды саралайды. Осы жаңа формат бойынша биыл өңірге қажетті мамандар даярланады, жұмыссыздар саны азайып, мемлекет қаржысы тиімді мақсатта жұмсалатын болады. Биыл мемлекеттік тапсырысқа республикадан 3 млрд 900 млн теңге, ал  облыстан 17 млрд теңге қаралған. Нақты қадам арқылы кәсіптік білімнің сапасы көтеріліп, облыс экономикасына қажетті мамандар тапшылығы мәселесі де шешілмек. Түркістан облысының мұғалімдері үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Биыл бірінші рет өңір ұстаздарына М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына  20 грант бөлініп отыр. Олар үш мамандық бойынша әлемдегі ең атақты оқу орындарының бірінде білімін жетілдіріп қайтады. Бұл игілікті іске облыс бюджетінен қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданында  орналасқан Ж.Қаппаров атындағы физика-математика бағытында оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатына шеттен келген мұғалімдер үшін 15 жеке тұрғын үй салынатын болады. Жаңа оқу жылы басталысымен белгілі болған осы сияқты игілікті бастамалардың Түркістан облысындағы білім саласына серпіліс әкеліп, ұстаздар қауымының тың күшпен, нық сеніммен жұмыс істеуіне  жағдай жасайды деген сенім бар.  

Сейітхан Зеберханұлы

 Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары