1440
КӨСЕГЕНІҢ КӨКЖОНЫ
КӨСЕГЕНІҢ КӨКЖОНЫ
«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазады Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында.
Туған жерін жүрегінің түбінде әлдилеу – әрбір адам баласының табиғи қалпы. Қаратаудың оңтүстік-батысын Сырдария, солтүстік-шығысын Талас өзендері алаптары алып жатыр. Қасиет қонған киелі Қаратаудың Жамбыл облысының Сарысу мен Түркістан облысының Созақ аудандарындағы сондай көркіне көз тоймайтын жер – Көсегенің Көкжоны (базбір кезде жергілікті тұрғындар қысқартып «Көкжон» немесе «Жон» деп атай береді – С.О.). Ол Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір. Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан ені 20-30, ұзындығы 110-120 км келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егістіктері мол, сандаған мөлдір бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты бай аймақ. Бұл аймақ жөнінде ықылым заманнан қалған аңыздар бар.
Желмаяға отырып, қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Қорқыт баба Қаратаудың қырқасындағы көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап:
Басқаның бәрін қисаң да,
Көкжонды, шіркін қимайсың.
Өңгеріп алып кетер ем,
Ат сауырына сыймайсың, – деген екен. Осы бір шумақтың өзі Көкжонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп жазған болатын. Қазақ қашанда жерге себеп-салдарсыз ат қоймаған. Сол жерде өткен оқиғаларға байланысты, болмаса бедер-сипатына қарап дәл және нақты әдемі ат қойған.
«Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, біз туған жердің тарихын, табиғатын құрметтеуді, қастерлеуді толық қалыптастыруға тиіспіз.
Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір «Көсегенің Көкжоны» аталатын жерұйық өңір жайлы талай қазақ жазушылары мен ақындары (Майкөт, Тәкен Әлімқұлов, Бақберген Сәуірбеков, Аян Нысаналин, Пернебай Дүйсенбин, Дулат Шалқарбаев және т.б.) қалам тербеп, сыр тартып, жырларына қосқан.
Қаратау жотасында жатқан Көсегенің Көкжоны атты бұл өлкенің тарихы өте бай, тіпті сонау ІІ ғасырдан басталады десек те қателеспейміз.
Тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов қазыналы Қаратау бойын ұзақ жылдар зерттеген ғалымдардың бірі. Оның «Қаратаудың ортағасырлық керуен жолдары» атты еңбегінде мынадай жолдар бар: «...Жүргізілген зерттеу жұмыстарымның барысында Ұлы Жібек жолының Қазақ жері арқылы өткен тармағының бағытын анықтап, Шу, Талас өңірлері мен Қаратаудың, Сырдарияның орта ағысындағы ежелгі, ортағасырлық керуен жолдарының бағыттарын зерттедім. Олардың қатарында Шу жолы, Хан жолы, Телкөл жолы, Ұлы жол (Көсегенің көкжоны) және осы жолдармен байланысты Сырдың бойындағы ортағасырлық қалалардан шығып, Қаратаудан асатын 20-ға жуық керуен жолдарының бағыттары бар.
Көсегенің көкжоны жолы. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, Қаратаудың үстіндегі теңіз деңгейінен 1000-1500 м биікте жатқан, күнгей мен теріскейге ағатын өзендер бастау алатын жотаның үстімен жүрген бұл жолдың басы Теріс өзеніндегі өткелдің сол жағасында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан басталған.
Ол Қаратаудың күнгей мен теріскейін байланыстырып жатқан Теріс, Үлкен сай, Жосалы, Саясу, Белбұлақ, Тікасу, Үлкен Арбатас, Арбатас, Кіші Тамды, Қарашасай, Қарашат, Бесағаш, Бала Шабақты, Теспе, Байжансай, Арыстанды асулары мен шатқалдары арқылы өтетін жолдарды кесіп өтеді».
«Қазақ халқының 40 ғасырлық тарихы бар» деп, белгілі тарихшы Оразақ Смағұлов бекер айтып жүрмеген болар. Өйткені қазақ тарихы жайлы қазір «тарихшылардың атасы» атанып жүрген Геродоттан бастап көптеген жиһанкездер жазып, қағазға түсірген. Мысалы, ежелгі Рим ғалымы үлкен Плиний «Ежелгі Яксарттың арғы жағында Скиф тайпалары өмір сүреді. Оларды парсылар «Сақтар» деп атайды. Скиф халықтарының саны шексіз, олардың ішіндегі атақтылары сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар, асийлер, аримаспилер» – деп жазған. Сақтар үшке бөлінген: Тиграхауда сақтары (үшкір қалпақ киетіндер), хамоворга сақтары (сусын дайындайтындар) және пародария сақтары (өзеннің арғы жағындағы сақтар). Археолог-ғалым, профессор Мадияр Елеуов те сақтарды Жетісу, Сыр бойы және Дала сақтары деп үшке бөледі. «Олардың үшке бөлінуі тек орналасқан шекарасына ғана тән. Әйтпесе, бәрінің түбі бір. Парсы патшасы Кир соғысуға келгенде және Александр Македонскиймен (мұсылман әлемінде ол патша Зұлқарнайын делінеді) соғысарда да бір-біріне жаушы жіберіп, одақтасып отырған. Сондай шайқастардың бірінде массагеттердің патшайымы Тұмар (Томирис) ханым жан-жаққа жаушылар жіберіп, «Кең далада жолығып, ақылдасайық, кеңесейік» деп сәлем айтқан. Сақтардың көсемдері Көсегенің Көкжонында үш күн ақылдасып, жауды Талас жерінде қарсы алайық деп пәтуа жасасқан. Тұмар ханымның одақтастарын неге Жонға шақырып, ақылдасқаны қазір белгілі. Себебі Кир патшаның жер қайысқан қолымен суы мол, жыныс-жықпылы көп Сыр бойында шайқасу тиімсіз екеніне көзі жеткен. Өйткені сақ жауынгерлері шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктерімен иен далада шайқасқанда қандай мықты жауды да жеңе алатын.
Көсегенің Көкжоны арқылы ықылым заманнан сандаған керуен жолдары өткен. Жаугершілік, аласапыран заманда талай қақтығыстар болып, Қаратаудың қара тастары қанға боялған.
«Көсегенің Көкжоны», «көсеге» деген атау неден, қалай шыққаны, оның нені меңзейтіні әлі күнге жұмбақтау. Қазақта «Көсегең көгерсін!» деген жақсы тілек білдіріп, жастарға бата беретін дәстүр сақталған. Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі – құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі – теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз. Сірә, көне дәуірде Сыр өзені мен Талас-Аса өзендері теңіздей шалқып жатқан тұста қарт Қаратаудың жота-дөңестері әлгілерді екі бөліп жатқан болар. Бұл аймақ ежелгі теңіздің табаны екендігіне ғылыми дәлел жетерлік. Келе-келе топан су тартылып, таудың үсті көкорай шалғынға, табиғаты әсем аймаққа айналған сияқты. Көсегенің Көкжоны деген атауды сол дәуірлерде өмір сүрген ежелгі сақтардың, түркілердің қолдануы мүмкін.
Қаратау – тұнып тұрған тарих. 2018 жылдың 1 маусымы күні жолым түсіп, Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен басқармасының бастығы Мұратқали Сәрсеновтің кабинетінде болдым. Кабинетте Қаратау өңірінің сан түрлі тастарының жиынтығы бар екен. Соларды қызыға қарап тұрғанымда қасыма келген Мұратқали мырза:
– Мына тасқа зер салыңызшы, Сәке, – деп менің назарымды қолындағы шағын көкшіл тасқа аударды. Тастың бетінде әлде көбелек немесе өрмекші ме, жабысып тасқа айналып, таспен бітісіп кеткенін байқадым.
– Қонаққа келген академик Х.Әбжановқа көрсеткенімде ол таңғалғанын жасырмай: «Жер шарының пайда болғанына 4,5 миллиард жыл болды деп жүр қазіргі ғалымдар. Мүмкін, онысы, рас болар. Осы аймақ көне заманның көзін көрді. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді. Таудың тастарына көз салып көріңдер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді, – деп еді белгілі ғалым. Зерттелмей жатқан жұмбақ дүниелер әлі қаншама?! Мына тас Қаратау өңірінің біз білетін тарихын одан әрі кеңейте түсті. Бұл мыңдаған ғасырлық тіршіліктің куәсі ғой. Қаратаудың қойнауы тарих көмбесі, зерттей түсу керек, зерделей түсу керек екен.
Көсегенің жонында Үшбас деген ауыл бар. Үшбас атауы ауылдың күншығыс жағын қоршап тұрған үш таудан алынған. Бастөбе, Ортатөбе, Аяқтөбе деген әр тау-төбенің өз жеке аттары бар. Бұл көптеген көз жасындай мөлдір, таза, мол сулы бұлақтардан (Бәйімбет, Қаракөз, Майбұлақ, Тасбұлақ, Шырымбет, Әулиебұлақ және т.с.) басталып, Созақ өңіріндегі емдік қасиеті мол Қызылкөл көліне құятын Үшбас өзенінің соңы. Шілденің ыстығында өзен суы азайғанымен, көктемде қыста мол түскен қардың еріген суына жаңбыр-жауын қосылып, буырқанған тау өзеніне айналатын, тіпті ағысы ат өткізбейтін тентек мінезі бар. Кей кісілер кезінде өзен жағасы қалың тоғай болған дейді. Болса болған шығар, қазір де солардың жұрнағы ретінде әр тұстан өзен бойынан көкжелек ағаштарды кездестіруге болады.
Қорғантөбе, Қарауылтөбе, Қоңыртөбе, Қамыр әулие, Аққырқаның, ескі зираттар мен қорымдардың сырын кім біледі? Неге анау бір таулы қыратты Аюсоққан, екіншісін – Бүркітті, үшіншісін – Арыстанды, төртіншісін – Бұзаушоқы, әнебір суы мол, шөбі шүйгін жалпақ сазды Бәйімбет сазы (бұл сазда кеңес дәуірінде біраз жыл жазғы аудандық пионер лагері болыпты), басқа бір күнгей беттегі сазды Үркімбай сазы (белгілі ғалым, академик Марс Фазылұлы Үркімбаевтың бабаларының жайлауы) деп атаған? Қаратау сілемдеріндегі Бүркітті мен Итауыз деп аталатын қақпа арасында қалмақ шапқыншылары мен қазақтар арасында кескілескен үлкен ұрыс болыпты деген аңыз әңгіме, сірә, бекерден-бекер айтылмаған болар... Ол жерде жоңғарлар қырғынға ұшырап, жеңілістің ащы дәмін татып, тарыдай шашылып, тоз-тоз болып кетіпті. Ол жер қазір «Қалмаққырған» деп атануы осы тарихи оқиғаның куәсі секілді.
Көп әндердің авторы, белгілі сазгер, ақын Төлеу Үшқоңыров бүкіл саналы ғұмырын Сарысу ауданында өткерді. Ойы озық, көңілі ояу азамат көп жылдар ішкі істер органында еңбек ете жүріп, ән жазуды, жыр жазуды, өңір тарихын қағазға түсіріп жүруді де ұмытпады, естеліктер жазды, бірнеше кітап шығарды. Оның жазған бір мақаласында мынадай мәліметтер кездеседі: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылы болған Жоңғар шапқыншылығында қырғынға ұшыраған халықтың қалғаны Шу, Талас өзендері мен Қаратауды тастап, Сыр бойын паналайды. ХІХ ғасырдың басында олар өздерінің байырғы қоныстарына оралды. Бірақ, соның артынша-ақ қалмақтар Шу, Талас бойына, Қаратау өңіріне басып кіреді. Оларға қарсы Сеңкібай бастаған «Төбет батыр» атанған Қанай Әйтімбетұлы, Тағай Абызұлы, ожырай Шешембай, Тулақ, байтығай Санбай, Көңкібай, шелек Оразәлі батырлар қол жинап, қалмаққа қарсы тұрады. Осы ұрыста Шешенбай, Тулақ, Санбай, Тағай батырлар ерлікпен қаза табады.
...Қаратау халқы Сыр бойынан қайта келгенде ежелгі қоныстарының Асанқайғы іздеген Жерұйыққа айналғанын көреді. Қарт Қаратаудан жамырай аққан Үшбас, Бүркітті, Шабақты өзендері мен Аса, Талас өзендерінің мол суы Қаратау мен Көкшеқұм арасын сексен көлге айналдырып, аққу ұшып, қаз қонған, балығы тайдай тулаған, жолбарысы мен елігі, қасқыры мен қабаны және т.б. аңдары қалың ну қамысты жайлаған екен. Көкшеқұмның сексеуілі Қаратаудың теріскейіне дейін өсіп тұрған».
Көне қариялардың әңгімелеріне сенсек, Қаратау сілемдерінде ит тұмсығы өтпейтін ну орман, сулы өзендер мен бұлақтар мол болған. Сондықтан шығар Ақтоғай, Талдыбұлақ, Көлмекөл, Көктал, Байжансай, Қарашат және т.б. аттардың соңғы кезге дейін сақталып қалғаны. «Жері байдың, елі бай» дегендей, осы өңірде мыңғырған мал өсіріп, тоған байлап, каналдар тартып, арықтар қазып, егін еккен, сөйтіп молшылыққа кенелген ата-бабаларымыздың ерен еңбегіне тәнті боласың.
Көктем айларында бүкіл қыраттар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. Қызыл кітапқа енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, сары жауқазын гүлдер – тау қызғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізіліп, олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, селекция арқылы қызғалдақтың ондаған (базбір мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсіріп, Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.
Жоғарыда аталған Үшбас ауылы төңірегіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауылтөбе, Ақжар Х-ХІ ғасырлардан қалған қорған-қамалдар, ежелден келе жатқан тарихи орындар. Мысалы, Қамыр әулие кесенесі Үшбас ауылынан 2-3 шақырымдай жердегі ескі бейіттер ортасында дара тұр. Сырт көрінісінде ерекше сәулет жоқтың қасы. Қабырғалары күйдірілген төрт бұрышты қызыл кірпіштерден төрт құлақты етіп қаланған. Айтушылар бұл ІІІ ғасырдың туындысы дейді. Кезінде төбесі күмбезделген көрікті кесене болыпты, уақыт келе жауын-шашыннан, зілзаладан бірнеше рет бұзылып, жергілікті азаматтардың қолымен қалпына келтірілген екен. Ешкім оның алғашқы көрінісі қандай болғанын кесіп айта алмайды, алғашқы суреті еш жерде сақталмаған. Қазіргі кесененің қалыңдығы 60 см, күйдірілген, салмағы жеп-жеңіл екі қатар қызыл кірпіштен қаланған, төбесі ашық. Ені 4,6, көлденеңі 6 метрге жуық, биіктігі 2,2 метрден асады. Кесене ортасында қызыл кірпішпен қаланған бейіт бар. Ертеректе бейіт басында бетінде арабша жазуы бар ақ мрамордан белгі болған екен. Оны бір зерттеушілер «орталыққа апарып, не жазылғанын зерттеп, қайтарамыз» деп алып кетіп, содан кері қайтармапты. Оны кімнің алып кеткені, онда не жазылғаны еш пендеге белгісіз. Ерте кезден Қамыр әулие басына бала көтермей жүрген әйелдер, басына қиындық түскен жандар, денсаулығы сызат берген сырқаттар келіп, дұға оқып, садақа беріп, әулие басындағы бұлақтан су ішіп, басына түнейтін болған. Қазір де сол дәстүр жалғасып келеді.
Қамыр әулие осы Көкжон аймағында аңызға айналған тарихтың бір сәулесі. Сол қасиетті орынды қастерлеп, жаңғырту біздің, қазіргі ұрпақтың міндеті. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына сұранып тұрған қасиетті орынның бірі – Қамыр әулие кесенесі. Қамыр әулиені көпшілік болып қолға алып, жергілікті атқару органдарының көмегімен оған реставрациялық жұмыс жүргізіп, сәулетшілердің ұсынысына сай ежелгі қалпына келтірсек, артық болмас еді. Киелі орындармен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Сарысу ауданының көлеміндегі Қамыр әулие, Шоқай датқа және де басқа қасиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, басқа жұртқа да әйгілеуді назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Қорыта айтқанда, Жамбыл облысының Туризм басқармасы, Сарысу ауданының басшылары біз көтеріп отырған мәселеге бейжай қарамай, назарларында ұстап, туристерді тартатын ішкі туризм бағдарламасына қасиетті Қаратау бойындағы шұрайлы аймақ – Көкжон өңірін енгізгені артық болмас еді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор