326
Астанада қазақ-қытай бизнес форумы басталды
Астанада қазақ-қытай бизнес форумы басталды
Елордада қазақ-қытай бизнес форумы өтуде. Аталған шара «Бір белдеу- бір жол» бастамасының бес жылдығына арналып отыр. Оны Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде жариялаған болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы Ерлан Қайыровтың айтуынша, форумның негізгі мақсаты - екі елдің бизнесмендері арасында байланыс орнату, жаңа жобаларға жол ашу.
«Сол үшін "В2В" (Business to business) залы бар. Форумнан кейін екі елдің кәсіпкерлері сол жерде жеке-дара кездесіп, жаңа жобаларды талқылай алады. Негізі, бұған дейін қолға алынған жобалар ойдағыдай іске асып жатыр. Осы жолы біз жаңа жобаларды талқылаймыз», - деді Е.Қайыров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, форумға екі елдің 400-ге жуық кәсіпкері қатысуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына инвестиция құю жағынан Қытай көшбасшы мемлекеттердің қатарына кіреді. Соңғы он жылда аталған мемлекет сан алуан инвестициялық жобаларға 15 млрд доллардан астам қаржы салды. Өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 10,5 млрд доллардан асты.