1141
СҰРАПЫЛ СОҒЫСҚА СҰРАНЫП АТТАНҒАН
СҰРАПЫЛ СОҒЫСҚА СҰРАНЫП АТТАНҒАН
Қазақ халқы сандаған ғасырлар бойы озық білімге сусап, әр дәуірлердегі заманауи білімнің кәусар бұлағынан мейірі қана ішіп, толғай жұтуды арман қылған бір халық. Құрғақ білімді ғана емес, адамгершілік тәрбиеге негізделген ізгі білімді басты байлық санаған ордалы жұрт.
Ұлы ғалым, екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дейтіні де сондықтан. Иә, бұл талап қазақ халқының ежелден сақтап келген басты ұстанымы, бұзылмас қағидасы.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де осынау адамгершілік ұстанымнан ешқашан ауытқыған емес. Қазақ білімінің бастауында тұрған еңсесі биік оқу ордасы қазақ тарихындағы бірегей мектеп, тамыры терең бәйтерек. Қазіргі көптеген ЖОО-лардың мейірімді анасы, бұл күндері көптеп, көктеп шыққан білім мектептерінің әзіз әжесі десек те шеккі емес. Сондықтан да осынау бірегей оқу ордасында білім алып, тәрбиеленген қазақтың талай марқасқалары мұны мақтан етеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тағылымды тарихы – қазақ халқының қайталанбас тарихының құрамдас бөлігі.
Редакциядан
1928 жылы қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алғаш құрылғаннан бері жүргізіліп келе жатқан тарихи білім беру ісі 1934 жылы 1 қыркүйекте тұңғыш ашылған «тарих-география» факультетінде өз жалғасын тапты. Жаңа құрылған факультетке 1934 жылы 22 қыркүйекте тұңғыш декан болып тағайындалған қоғам қайраткері, профессор Санжар Асфендияровтан кейін, 1934 жылы 17 қазанда факультет басқару тізгінін қолына алысымен тарихи білім беру ісіне ұйытқы бола жүріп, тарих факультетін аяғынан тік тұрғызған айтулы тұлға – Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев еді. Х.М. Әділгереев 1934-1939 жылдары тарих факультетінде декан болумен қатар, 1937 жылы 1 желтоқсанда құрылған «КСРО тарихы» кафедрасына алғаш меңгеруші болып тағайындалып (бұйрық №1-278, 01.12.1937), тарих факультетімен қоса «КСРО тарихы» кафедрасын да қатар басқарды. Х.М. Әділгереев қазақ тарихы бойынша «ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ қоғамында төлеңгіттердің пайда болуы және әлеуметтік рөлі» тақырыбында 1939 жылы 27 қазанда Мәскеудің Н.Г. Чернышевский атындағы Тарих, философия және әдебиет институтының Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты (диплом МИТ № 00634. Мәскеу, 27.04.1940). Оның Абай атындағы ҚазПИ-де өмірінің соңына дейін тарихи білім беру ісінде лекторлық шеберлігімен танылып, ғылыми кадрлар даярлау жолында академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторы, профессорлар Тәжен Елеуов, Ғазиз Әбішев және Нығметолла Киікбаев тәрізді болашақ қазақ тарихының білгірлерін жетелеп, ғылым кеңістігіне шығара білудегі еңбегі зор. Сондай-ақ, Х.М. Әділгереевтің республика өміріндегі қиын да қарбалас кезең басталған 1941-1942 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтында (бүгінгі Абай атындағы ҚазҰПУ) директор болғаны және сол кезде халық ағарту саласында кездескен қиын міндеттерді жауапкершілікпен орындап, Қазақстанда педагогикалық білім беру мен мұғалім кадрларын даярлау ісіне зор еңбек сіңіргені бүгіндері онша айтылмай келеді. Расымен, соғыс басталғаннан кейін институтта бар болғаны бір жыл директор болса да қыруар жұмыс атқарып, артынша өз еркімен сұранып майданға аттанған асыл азаматтың қажырлы еңбегін өз замандастары және бүгінгі ұрпақ бағалай білді ме? Жасыратыны жоқ, Х.М. Әділгереевтің институтта директор болғаны кейбіреулердің тарапынан әлі де болса күмәнмен қаралып келеді. Десек те, халық ағарту саласында өнеге таныта білген әрбір азаматтың сіңірген еңбегі лайықты бағасын алуы тиіс. Ал сіңірген еңбекке әділ баға берудегі бірден-бір сүйенеріміз де мұрағат деректері болып табылады. Х.М. Әділгереевтің институт директоры болып тағайындалуына өзімен бірге осы институтта қызмет істеп, 1941 жылы Қазақ КСР Оқу Халық комиссары қызметіне ауысқан қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевтың тікелей ықпал еткені байқалады. Өйткені 1937 жылдан институт директоры болған Серғали Есбембетұлы Толыбеков 1941 жылы ақпан айында Мемлекеттік сталиндік стипендиат атанды. Осыдан барып, «Мемлекеттік сталиндік стипендиат туралы» нұсқау талабына сәйкес және кандидаттық диссертациясын жазып бітіру мақсатында өз өтініші бойынша Серғали Толыбеков 1941 жылы 8 ақпанда Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының №161 бұйрығы негізінде директорлық қызметтен босатылған. Содан кейін, 1941 жылы 14 ақпанда Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогтік институтының №1-45) бұйрығымен директор болып қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты, доцент Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев тағайындалады. Х.М. Әділгереев директорлық қызметті ең алдымен институттың оқу-өндірістік құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бұрынғы директор С.Е. Толыбековтен іс-құжат жүзінде қабылдап алудан бастады. Құжаттарға қарағанда, институттағы 5 факультет бойынша барлығы 408 студент білім алып, институт жанындағы педагогикалық факультеттің мектеп бөліміндегі кешкі тобында 21 студент, неміс тілі бойынша 2 жылдық мұғалімдер курсында 29 студент оқыған екен. Сондай-ақ, институт аспирантурасындағы барлық 24 аспиранттың ішінде 14 қазақ ұлтының өкілі ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысса, институт ұстаздарының жалпы саны 90 адам болғаны байқалады. Х.М. Әділгереевтің оқу және ғылыми іс жөніндегі орынбасары профессор В.И. Тимоско, сырттай бөлім жөніндегі орынбасары аға оқытушы Д.И. Ларин, әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі көмекшісі С.Н. Вербицкий, кешкі бөлім жөніндегі көмекшісі Ф.З. Топораш болатын. Осы кезде, институтта барлығы 5 факультет жұмыс істеп, оның ішінде тарих факультетінде аға оқытушы Г.Ф. Бутлер, тіл-әдебиет факультетінде доцент М.С. Сильченко, физика-математика факультетінде аға оқытушы Д.М. Загадский, география факультетінде аға оқытушы Н.И. Плюхин, жаратылыстану факультетінде профессор П.П. Бордаков декан болды. Бұл жылдары елімізде жоғары оқу орындарын бір жүйеге келтіру мақсатында айтулы іс-шаралар жүргізіліп жатқан болатын. Осыған байланысты, 1941 жылы 15 ақпанда Қазақ КСР Оқу Халық комиссары Төлеген Тәжібаев «Республикадағы мұғалімдер институтын педагогикалық институттарға қосу туралы» №199 бұйрық шығарды. 1941 жылы 7 наурызда педагогикалық институт директоры Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев пен Мұғалімдер институтының директоры Алексей Иванович Кузнецов арасында жүргізілген қабылдау актісі негізінде Мұғалімдер институтының барлық оқу-өндірістік және материалдық-техникалық базасы педагогикалық институт құзыретіне қабылданды. Сонымен, 1941 жылы 7 наурызда Алматы Мемлекеттік педагогтік институты мен оның жанындағы Мұғалімдер институты өзара бірігіп, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика және мұғалімдер институты (АлМПМИ) деген атаумен қайта құрылған болатын. Ендігі жерде, екі институттың өзара бірігуіне сәйкес факультеттер мен кафедралар жүйесі кеңейіп, оқытушылар құрамы Мұғалімдер институтынан келген ұстаздармен толықты. Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің директорлық қызметке кіріскен бастапқы қадамында атқарылған игі істің бірі институт тарихына қатысты 1928-1931 жылдардағы іс-құжаттардың алғаш рет жинақталып, Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік мұрағатына (ЦГА) өткізілуі болатын. Дәлірек айтсақ, директор Х.М. Әділгереев 1941 жылы 27 наурызда осы мәселеге байланысты арнайы бұйрық (№1-82) шығарды. Бұйрық негізінде институттың барлық іс жүргізушілеріне әрбір құжаттың жазылуына аса мұқият қарап, құжаттарды қолжазба күйінде емес, арнайы жазу машинкасымен басып тіркеу міндеті жүктелген. Сондай-ақ, институт іс басқарушысы А.Я. Шестаковқа 1928-1931 жылдардағы институт тарихына қатысты құжаттарды түгелдей жинақтап, Орталық Мемлекеттік мұрағатқа (ЦГА) өткізу ісіне мұрағат қызметкерлері мен іс жүргізушілерді жаппай жұмылдыру ісін жауапкершілікпен ұйымдастыру тапсырылды. Институт мұрағатының қызметкері (архивариус) Г.Сафароваға 1 мамырдан бастап 1932-1940 жылдардағы институт қызметіне қатысты мұрағат құжаттарын түгелдей өңдеуден өткізіп, талапқа сай жинақтау міндеті жүктелген болатын. Ал, мұрағат құжаттарын сақтауға қолайлы бөлмені қарастырып, техникалық жабдықтау міндетін өзінің әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі көмекшісі С.Н. Вербицкийге тапсырған екен. Нәтижесінде, факультет декандары мен барлық бөлім жетекшілері соңғы жылдардағы іс-құжаттарды даярлап, институт мұрағатына өткізу жұмысына белсене кірісті. Осылайша, мұрағат жұмысын жетілдіру және болашақ ұрпақ еншісіне қалатын тарихи құжаттарды түгелдей жинақтап, мұрағат қорларына өткізу бағытында атқарылған істерден асыл азаматтың бойындағы ғылыми ізденіске деген үлкен құрмет пен нағыз ғалымға лайық абзал қасиеттің жоғары деңгейде болғанын байқаймыз. 1941 жылы республика халық ағарту саласында үлкен өзгеріс болып, латын алфавитінен орыс графикасы негізінде бүгінгі таңда қолданылып келе жатқан кириллицаға көшу басталды. Осыған байланысты шыққан Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының жаңа алфавитке көшу туралы қаулысын іске асыру мақсатында 1941 жылы 19 наурызда Абай атындағы АлМПМИ директоры Халел Әділгереевтің №1-74 бұйрығы негізінде институтта ауқымды шаралар жүргізіле бастады. Атап айтсақ, 24 наурыздан бастап оқу үрдісіне 20 сағат көлемінде «Жаңа қазақ алфавиті» атты жаңа курс енгізіліп, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері барлық институт ұстаздары, шаруашылық қызметкерлері мен студенттер арасындағы қазақ ұлтының өкілдеріне кириллицаны үйрету басталды. Осы орайда, жаңа алфавитті үйрету және оны ұйымдастыру ісіне ф.ғ.к., доцент Сәрсен Аманжолов басқарған «Қазақ тілі» кафедрасының ұжымы сүбелі үлес қосқан екен. 1941 жылы 7 сәуірде Қазақ КСР Оқу Халық комиссары Төлеген Тәжібаев «Жоғары оқу орындарына студенттер қабылдаудың дайындық жұмыстары туралы» №20 қаулы қабылдады. Қаулы бойынша, республика халық ағарту саласын білікті мұғалім кадрлармен қамтамасыз етіп, педагогикалық білім беру ісін жетілдіруде еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының рөлін арттыру және бұл іске барлық білім басқармалары, институт және орта мектеп директорлары мен халық ағарту ісінің үздік ұстаздарын жұмылдыру көзделді. Осыған байланысты, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика және мұғалімдер институтының (АлМПМИ) республика орта мектептерімен өзара байланысы күшейтіліп, мектеп бітіруші түлектерді мұғалімдік мамандыққа оқуға тарту шаралары қарқынды түрде жүргізіле бастады. Алайда соғыстың басталуы институт өміріне күтпеген өзгерістер енгізді. Соғыс басталысымен көптеген институт ұстаздары мен аспиранттар, шаруашылық қызметкерлері майданға аттанды. 1941 жылы 3 шілдеде КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің «Әскери әуе шабуылы қорғанысына жалпыға бірдей міндетті дайындық туралы» қаулысының мәтіні «Казахстанская правда» газетінің бетінде жарық көрді. Аталмыш қаулыда көзделген міндеттерді шұғыл түрде жүзеге асыру мақсатында 1941 жылы 4 шілдеде институт директоры Халел Әділгереев өзінің №1-174 бұйрығы негізінде институтта 3 айлық әскери дайындық курсы мен әскери-патриоттық кабинеттер ұйымдастырған. Кабинетте әскери әуе шабуылы қорғанысына қатысты жүретін сабақтардың жұмыс бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралдар жинақталып, әрбір топ жетекшілері әскери дайындық курсын жоғары деңгейде өткізуге барынша күш салды. Ал мұндай сабақтардың өту барысын директор Х.М. Әділгереевтің өзі мұқият қадағалап, барлық институт қызметкерлері мен студенттердің сабаққа түгелдей қатысуын жіті назарда ұстағаны байқалады. Сондай-ақ, институтта 15 адамнан құралған азаматтық қорғаныс штабы ашылып, Комсомол-17, Пролетар- 12, Совет-22 көшелеріндегі нөмірі бірінші, екінші және үшінші студент жатақханалары мен Красин-47 және Карл Маркс-63 көшесіндегі оқытушылар үйі жанында әскери бекет құрылды. Басқа түскен қиындықтарға қарамастан директор Халел Әділгереев институтты басқаруда шебер ұйымдастырушылық қабілет таныта отырып, оқу орнын білікті мамандардан құралған бірден-бір орталыққа айналдыруға және мұғалім кадрларды даярлау ісін жақсартып, білім сапасын жетілдіруге барынша күш салды. Соғыс басталысымен Қазақстанға қоныс аударылған (эвакуация) КСРО Ғылым Академиясы көрнекті ғалымдарының институт жұмысына тартылуы Халел Әділгереевтің директорлық қызметіндегі ерекше бөліп айтатын жағдай. Айталық, 1941 жылғы шілде мен желтоқсан аралығында КСРО Ғылым Академиясының академиктері Н.Н. Баранский, В.Г. Фесенко, профессорлар Г.А. Кокиев, К.П. Персидский, А.А. Глаголев, Р.А. Фридман, П.М. Рубинштейн, И.А. Палунск, Б.А.Воронцов-Веляминов, Н.Ф. Бельчиков, А.С. Бутягинді қосқанда барлығы 11 адам директор Х.М. Әділгереевтің қолы қойылған бұйрық негізінде Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институтына жұмысқа қабылданған екен. Халел Әділгереевтің директорлық қызметі барысында институт жанындағы аспирантурада ғылыми-педагог кадрлар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп, кандидаттық диссертациялардың сапасы мен кандидаттық емтихан тапсыру кезінде қойылатын талаптардың жоғары деңгейде болуына жүйелі түрде бақылау жүргізілді. Директор Х.М. Әділгереев аспиранттарға неғұрлым білікті ғылыми жетекшілер тағайындап және олардың бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауына, сондай-ақ, одақ көлеміндегі ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарында іс-тәжірибе алмасуларына барынша қолдау көрсеткені байқалады. Бұған, аспирантурада ғылыми жетекшілік жүргізген белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 1941 жылы 2 мамыр мен 10 маусым аралығында Мәскеу және Ленинград қалаларындағы ғылыми орталықтардан тәжірибе жинақтауға және химия кафедрасының доценті Әбікен Бектұровтың 4 мамыр мен 20 мамыр аралығында Риддер зауытында ғылыми-зерттеу жүргізу үшін арнайы іссапарға жіберілгені толық дәлел. Бұл кезде аспирантурада Мәлік Ғабдуллин, Әлішер Тоқмағанбетов, Темірхан Бәкіров (қазақ әдебиеті), Бекежан Сүлейменов, Ахметхан Ахметжанов (КСРО тарихы), Нұрмаш Шоқаев, Нығметолла Киікбаев (жалпы тарих), Наурызбай Саттаров, Сергей Шкуридин (орыс тілі), Николай Чистопольский (орыс әдебиеті) т.б. аспиранттар ғылыми-зерттеу ісімен айналысты. Х.М. Әділгереев институттың оқу және ғылыми-зерттеу ісінде жемісті еңбектерімен көрінген ұстаздар мен аспиранттардың және оқу озаты болған студенттердің еңбегін әділ бағалап, оларды лайықты марапаттарға ұсына білген басшы. Айталық, 1941 жылдың 1 мамыр мерекесі қарсаңында директор Х.М. Әділгереевтің ұсынуымен оқытушылар С.А. Аманжолов, Г.Ф. Бутлер, Б.Ф. Боярчук, Н.И. Доморацкий, В.М. Зимин, М.Д. Исаев, А.Н. Коваленко, Р.Г. Лемберг, М.М. Маркович, В.И. Попова, О.А. Суворова, Н.С. Смирнова, М.И. Фетисов, Е.Г. Федоров, аспиранттар М.Ғабдуллин, Б.Сүлейменов, сталиндік стипендиаттар Б.Бөлтірікова, С.Дайырбеков, Қ.Жармағанбетов, Б.Қазықанов, П.Я. Уваров және тағы басқаларды қосқанда барлығы 37 адамның есімі институттың Құрмет тақтасына жазылса, 76 адам директордың алғыс хатымен марапатталып, Институт екпіндісі атанған екен. 1941 жылы 13 тамызда Қазақ КСР Оқу Халық Комиссариаты Коллегиясының «Республика университеттері, педагогика және мұғалімдік институттар мен педагогикалық училищенің сырттай бөліміне оқуға қабылдау туралы» қаулысы шықты (№64 хаттама). Аталмыш қаулы негізінде 1941/1942 оқу жылынан бастап Облыстық білім бөлімі (ОблОНО) жанындағы қысқа мерзімді мұғалімдер курсын және 2 жылдық педагогикалық училищені бітірушілер, орта мектеп мұғалімдері, V-VII сыныптық кәсіптік мектепті бітірген орта білімі барлар институттың сырттай бөліміне ешбір емтихан тапсырмастан қабылданатын болып белгіленіп, осыған байланысты жұмыстарды жауапкершілікпен жүзеге асыру міндеті институт директорына тапсырылған. Сондай-ақ, 1941 жылы институт жанынан 2 жылдық неміс тілін тереңдетіп оқыту курсы ашылып, онда неміс тілі мамандарын даярлау ісі жолға қойылды. 1941 жылы 21 тамыздағы Қазақ КСР Оқу Халық Комиссариатының №1388 бұйрығы негізінде институт директоры Х.М. Әділгереев 1941 жылы 26 тамызда №1-246 бұйрық шығарды. Осыған байланысты, 1 қыркүйектен бастап Мұғалімдер институтының тарих кафедрасы Абай атындағы АлМПИ-дің «КСРО тарихы» және «Жалпы тарих» кафедраларына қосылып, Мұғалімдер институты тарих факультетінің деканы Н.И. Доморацкий және тарих кафедрасының меңгерушісі доцент А.П. Чижов «КСРО тарихы» кафедрасына, ал, оқытушылар К.Мұсағалиев, В.А. Кисс «Жалпы тарих» кафедрасына ауысты. Сондай-ақ, институт кітапханалары да өзара бірігіп, Мұғалімдер институты кітапханасындағы кітап қоры мен құрал-жабдықтарды педагогикалық институтқа көшіру және Совет, 22 көшесіндегі студенттердің №3 жатақханасынан кітап сақтау бөлмелерін ұйымдастырып, жабдықтау істерін 1 қыркүйектен кешіктірмей аяқтау міндеті директордың әкімшілік-шаруашылық іс жөніндегі көмекшісі С.Н. Вербицкий мен кітапхана меңгерушісі А.А. Дворцоваға тапсырылған. Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің директор болған кезіндегі институт құрылымында болған үлкен өзгерістің бірі жаңадан «Дене шынықтыру» факультетінің құрылуы еді. Яғни, Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының 1941 жылы 27 қазандағы «Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдер институты жанынан дене шынықтыру факультетін ұйымдастыру туралы» №826 қаулысының негізінде 1941 жылы 1 қарашада институт тарихында тұңғыш рет «Дене шынықтыру» факультеті ашылып, оны басқару тізгінін аға оқытушы Виктор Матвеевич Зимин қолына алды. Сондай-ақ, аталмыш факультет құрамында «Дене шынықтыру және әскери дайындық» кафедрасы құрылып, 1941 жылы 25 желтоқсанда кафедраның алғашқы меңгерушісі болып Борис Францевич Боярчук тағайындалған болатын. Директор Х.М. Әділгереев факультет жұмысына танымал спорт шеберлері мен білікті мамандарды тарта білді. Олардың қатарында КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері М.В. Тышко, Мәскеу Дене шынықтыру институтының түлегі Г.А. Мещерский, спорт тарихын оқытушы А.А. Тер-Ованесян, шаңғы спортының жаттықтырушылары А.Ф.Горин, В.Г. Жужиков, Бүкілодақтық жекпе-жек сайысы бойынша 1-санатты жаттықтырушы Д.М. Четвериков, тағы басқалар бар еді. Институт қабырғасында жаңа ашылған дене шынықтыру факультетінде директор Х.М. Әділгереев алғаш рет қазақша күрес бәсекесін ұйымдастыруда асқан шеберлік таныта білді. Өйткені оның өзі де қазақша күрестің майталманы еді. Сөйтіп, 1941 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институты жанынан «дене шынықтыру» факультетінің ашылуы республикадағы дене шынықтыру институтын құруға бастама болды. Нәтижесінде, 1945 жылы 15 қаңтарда аталмыш факультет негізінде Қазақстанда тұңғыш рет «Дене шынықтыру институты» (қазіргі Спорт және туризм академиясы) ашылып, еліміздің спортшы мамандарын даярлау ісі жеке өз алдына жолға қойылған болатын. Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының 1941 жылы 21 қарашадағы «Сырттай бөлім студенттерінің қысқы емтихан сессияларын өткізу туралы» №18-64 бұйрығы және соғыс жылдарында халыққа білім беру жүйесіне енгізілген міндеттерге байланысты 1941 жылы желтоқсан айының соңында институтта студенттерге сабақ жүргізу тоқтатылып, уақытша жабылды. Өйткені институт дәрісханалары соғыс қажетіне босатып берілгендіктен, сырттай бөлімде оқитын студенттер қысқы сессияны өздері мұғалім болып жұмыс істеп жүрген мекемелерде тапсыратын болып белгіленді. Сондықтан институт оқытушылары республика аймақтарындағы орта мектептердің жағдайымен танысып, арнайы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және институттың сырттай бөлімінде оқитын студенттерден емтихан қабылдап, тиісті әдістемелік көмек көрсету және кәсіби бағдар беру мақсатында 2 айдан астам уақыт арнайы іссапарға жіберілген. Сондай-ақ, институт қызметкерлері мен студенттерге ауыл шаруашылық жұмысы бойынша арнайы курс оқыту мәселесі жолға қойылды. Осы мақсатта, бұл курсты жүргізуге Қазақ КСР Оқу Халық комиссариаты тарапынан 11500 сом қаржы бөлініп, бітіруші курстан басқа студенттердің барлығы қысқы сессия тапсырудан арнайы босатылды. Сөйтіп, институтта ауыл шаруашылық жұмысы бойынша жүргізілетін арнайы курсты оқыту үшін Алматы машина-трактор станцияларынан (МТС) 2 агроном маман арнайы шақырылып, сабақ кестесі бойынша өтілетін курстың аяғында барлық тыңдаушылар сынақ тапсыруға міндеттенді. Егер сұрапыл соғыс болмағанда Х.М. Әділгереев директорлық қызметті жемісті түрде одан әрі жалғастыра берер ме еді. Бірақ, кеңес-герман соғысының қасіретті жылдары өзге замандастары тәрізді оның да өмір арнасын түбегейлі өзгерткен дауылды кезең болды. Соғыс басталып, ел басына күн туған заманда институт басшысы болып, тығылып отырғанша, Отан алдында азаматтық борышын өтеуді жөн санаған Халел Әділгереев 1942 жылы 29 қаңтарда өз еркімен сұранып, майданға аттанған. Бұл әрекеттен асыл азаматтың бойындағы адамгершілік қасиет пен патриоттық сезімнің жоғары деңгейде болғаны тағы бір қырынан байқалады. Майдан шебіндегі ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендері және «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталып, 1945 жылы күзде майор әскери шенімен елге оралды. Келісімен, 1946-1951 жылдары қайтадан Абай атындағы АлМПМИ-де «КСРО тарихы» кафедрасының меңгерушісі, доцент болып жұмыс істей жүріп, 1949 жылы 10 ақпанда Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі атанған болатын. Алайда мұрағат деректеріне қарағанда, 50-жылдары саяси қуғын-сүргіннің қайта жанданған кезінде Халел Әділгереев өз ұстанымынан таймағаны үшін Ермұқан Бекмаханов тәрізді қазақтың біртуар азаматының қатарында жазықсыз саяси қуғынға ұшырап, 1951 жылы Шымкент қаласына жер аударылған. Дегенмен басқа түскен ауыртпалықтарға мойымастан Х.М. Әділгереев 1951-1954 жылдары Шымкент мұғалімдер институтында доцент, Марксизм-ленинизм кешкі институтының тарих кафедрасы меңгерушілігін атқарды. 1954 жылы 1 қыркүйектен бастап кезінде өзінің шәкірті болған Кеңес Одағының Батыры, Абай атындағы АлМПМИ директоры Мәлік Ғабдуллиннің араласуымен «КСРО тарихы» кафедрасының доценті болып қабылданып, қайтадан Алматыға ауысады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, 1956 жылы 22 қыркүйекте институт директоры Мәлік Ғабдуллиннің бұйрығы бойынша Х.М. Әділгереев тарих-филология факультетінің деканы болып екінші рет тағайындалып, 1963 жылдың 5 мамырына дейін факультетті басқарады. Оған 1966 жылы 17 қазанда институт Ғылыми кеңесінің шешімімен «профессор» ғылыми атағы берілді. Профессор Х.М. Әділгереев өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен 4 рет марапатталған (12.І.1949, 21.VІ.1961, 09.Х.1967, 03.ІХ.1968). Ол өмірінің соңғы жылдарында Қазақтың С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) өтініші бойынша студенттерге КСРО тарихынан қосымша дәріс оқыған (ХІІ.1973-VІ.1974). Осылайша, Абай атындағы ҚазПИ-де 36 жыл ұстаздық қызмет атқарып, өзінің саналы ғұмырында тарихи тұлғаға лайық қажырлы еңбегімен ұрпаққа өнеге бола білген Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев 1974 жылы 17 қазанда 67 жасында дүниеден озды. Ардақты ұстаздың 1934 жылы 17 қазанда алғаш тарихи білім мектебінің есігін ашып, арада қилы тағдырға толы 40 жыл өткеннен кейін, дәл осы 17 қазан күні өмір мектебінің есігін жабуы, сондай-ақ, 1966 жылы 17 қазанда, «профессор» ғылыми атағын алуы тарих толқынындағы өзара ұқсас сәттер болса керек. Бір сөзбен түйіндесек, қазақ тарихына сүбелі үлес қосып, қоғамға қажырлы еңбек сіңіре білген тарихи тұлға – Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің қазақ жоғары білімінің қара шаңырағында атқарған ғылыми-педагогикалық және директорлық қызметі еліміздің оқу-білім тарихындағы ұмытылмас парақтар екені күмән келтірмейді.Нұрдәулет МАНКЕЕВ,
тарихшы-зерттеуші