ЖАҢА ЗАУЫТ ЖЕЗҚАЗҒАНДА САЛЫНСА...

ЖАҢА ЗАУЫТ ЖЕЗҚАЗҒАНДА САЛЫНСА...

ЖАҢА ЗАУЫТ ЖЕЗҚАЗҒАНДА САЛЫНСА...
ашық дереккөзі
899
Халықаралық «Түркістан» газетінің 2015 жылғы 24 қыркүйегіндегі санында жарияланған «Киесі жатыр астында, иесі қайда бұл жердің?» атты мақаламызда біздер, бір топ азаматтар, бұрынғы Жезқазған, Торғай облыстарының аймағындағы өндірістік, әсіресе, әлеуметтік хал-ахуалды баяндай келіп, біраз ұсыныс жасаған едік. Сол әлеуметтік әл-ахуалға тікелей әсер ететін, бұл өңірде ғана емес, бүкіл республика өңіріне әсер ететін жанар-жағар май мәселесі күрделеніп тұрғаны анық. Егемендік алғаннан бері, жыл сайын дәл егіс науқаны, оны жинау кезінде жанар-жағармайдың құны шарықтап, тапшылығы айқын біліне бастайды. Әдейі осы науқандарды біреулер ұзақ күтіп отыратын секілді. Осы жанар-жағармайдың тапшылығы мен қымбаттығынан, әрі мезгілінде қолдарына түсіре алмауынан еліміздің майда шаруашылық қожалықтары әлі күнге дейін белдерін жаза алмай-ақ келе жатыр. Энергетика саласын басқаратын қанша министр келсе де, бірімен бірі келісіп қойғандай бәрі «бензин-солярка қымбаттамайды», «біз үйттік те, бүйттік» деп сендіргендерімен жанар-жағармай бағасы көтерілуін ешқашан тоқтатқан емес. Тіпті, бір мезгілдерде «бізге төртінші мұнай өңдеу зауытының қажеті жоқ, жұмыс істеп тұрған үш зауытты күрделі жөндеуден, өзгерістен өткізіп, республика көлемін жанар-жағармаймен қамтамасыз етеміз» деп Елбасының өзін сендіргендерін осы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін мұқтаждықтан қайта қарағанда Президент әлгіндейлерге кінә арта атап өтті. Соған қарағанда һәм өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, зауытты салу бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі толығынан айқындалды. Президент зауытты салу туралы толық мағлұмат дайындауды Энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа қатты тапсырды. Мәселе енді сол зауытты еліміздің қай өңірінде салу керек екендігінде болып тұр. Жұмыс істеп тұрған үш зауыттың жағрапиясына қарасақ, олар Қазақстанның батысын, оңтүстігін, солтүстігін қамтып жатыр. Ал енді төртінші мұнай өңдеу зауытын Құмкөл-Алашаңқой мұнай құбырының бойында, еліміздің қақ ортасында орналасқан Жезқазған қаласында салу орынды деп есептейміз. Оған себеп, жоғарыда айтылған мұнай құбырының жақын орналасуы, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана газ құбырының тартылуы, оған қоса теміржол, автомобиль жолдарының еліміздің бүкіл аймағымен жалғасқандығы. Зауыттың Жезқазғанда салынуы Жезқазған, Торғай облыстары жабылып қалғаннан кейінгі тоқырауды тоқтатып, сол өңірдің әлеуметтік жағдайының түзелуіне зор мүмкіндік берер еді. Мәселені біздер бұдан бұрын да көтеріп, бұл істің аймақ халқы үшін зор маңызы бар екендігін облыс деңгейінде де, үкімет денгейінде де айтқан едік. Жезқазған аймақтық (Жезқазған, Сәтпаев, Ұлытау) ақсақалдар алқасының (26 адам) аталған мекемелерге жолдаған тілектеріне Энергетика вице-министрі Ақшолақов мырза 2018 жылы 9 наурызда Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жиналыстың протоколы бойынша үкіметке Мұнай өңдеу зауытының мәселесін шешуді жеделдетуді, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне мұнай өңдеу зауытын салуды шешуге байланысты арнайы топ құрып, «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесе отырып 01.08.2018 жылға дейін мәселенің барлық сұрақтарын нақтылау, әрі осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бітіру тапсырылғанын, құрылған топ зауыттың шығаратын өнім мөлшерін, түрін, қайда орналасатынын мұқият қарастырып жатқанын хабарлады. Мұнымен қатар Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Айдаров мырза бұл мәселе облыс деңгейінде қаралып, бірнеше рет Үкіметке, Энергетика министрлігіне зауытты Жезқазғаннан салуды жақтап, нақты ұсыныстар айтқандарын хабарлады. Бізді түсініп қолдаған азаматтарға рахметімізді айта отырып, Үкімет, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінен зауытты Жезқазған қаласында салуды сұраймыз.  

М.Бегежанов

Қарағанды облысы

Серіктес жаңалықтары