7873
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар сараланды
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар сараланды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Тараз қаласындағы «Достық» үйіне де ат басын бұрды. Онда аймақтағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жүздескен агенттік төрағасы рухани жаңғыру, этносаралық татулық төңірегінде әңгіме өрбітіп, ой бөлісті.
«Достық» үйінің дәлізінде агенттік төрағасына облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аймақтың биылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерімен таныстырды. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жайын әңгімеледі. Ал, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жайын баяндады. Одан бөлек, ол аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасы мен жаңартылған ғимараттар жөнінде сөз қозғады. Өз кезегінде бұл саладағы жұмысқа көңілі толған Алик Шпекбаев Астананың өзінде мұндағыдай ілгерілеушілік жоқ екенін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ал, түс ауа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен кездесті. Басқосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында ең алдымен сөз алған Алик Жатқамбайұлы облыстағы тындырымды тірліктерге көңілі толатындығын айтып, бірқатар шаруаларға таңданысын да жасырмады.
– Таңертеңнен бері бірқатар нысандарды аралап көрдім. Тетігін тапқан тірліктер мен жүйелі жұмыс көзге көрініп-ақ тұр. Жаңадан ықшамаудандардың бой көтеріп жатқаны облыс экономикасы мен әлеуметтің әлеуеті артқанын айғақтауда. Әсіресе, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының ғимаратын көріп, тәнті болдым. Өңірлік академияның материалдық базасы мен оқытушылар құрамы бойынша өзгелерден оқ бойы озық тұр. Енді жамбылдықтардың Астанаға ағылып, біліктілігін арттырудың қажеті жоқ. Өйткені, барлық талапқа сай бөлімше мұнда да қызметін бастады. Осындай бастамаға ұйытқы болған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысым шексіз, – деген А.Шпекбаев одан әрі Елбасының тапсырмасыман айқындалған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының басым бағыттарына тоқталды.
Одан кейін облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің әкімшісі Айбек Әжібаев аймақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
«Достық» үйінің үлкен залында агенттік төрағасы жергілікті және еліміздің оңтүстік өңіріндегі бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен кездесіп, олардың сауалдарына құлақ түріп, сала бойынша қалыптасқан күрделі мәселелер төңірегінде пікірлесті. Кәсіпкерлер негізінен отандық өнімдерге қолдау білдіріп, ішкі нарықтың қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал етуін сұрады. Себебі, шымкенттік ауыр металл өнімдері көп жағдайда көрші елдерге сатылып, жергілікті тұтынушыларға жетпей қалып жатады екен. Ал, жарық диодты шамдар құрастыратын тараздық «Энерджи Тараз» компаниясының басшылары мемлекеттік сатып алу бойынша түсініксіз ахуал қалыптасып отырғанын жеткізді. Нақтылай түссек, келесі жылы Алматы билігі оңтүстік астанадағы жиырма мыңнан аса көше шамын ауыстырмақ екен. Алайда, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша таңдау ресейлік өнімдерге түскен. Бірақ, тараздық шамдар барлық сапалық бақылаудан оң шешім алып, көршілес мемлекеттің тауарынан еш кемшілігі болмай, бағасы жөнінен арзанға түссе де конкурстан өте алмаған. Компания өкілі А.Шпекбаевтан осы мәселе бойынша зерделеу жүргізіп, отандық өнімдерге қолдау білдіруге ықпал етуін өтінді.
Инвесторлар мен еліміздің оңтүстік облыстарынан келген кәсіпкерлерді мұқият тыңдап, әр сұраққа нақты жауап берген Алик Жатқамбайұлы әрбір өтініштің жерде қалмайтынын және бақылауға алынатынын айтты.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаев өңірдегі іссапары барысында қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы мен «Ақыртас» тарихи кешенінде болып, мұндағы жасалған жұмыстармен танысты.
Сайын Дәулетұлы