100 нақты қадам: Өңірлік академия – мемлекеттік қызметшілерге үлкен олжа

100 нақты қадам: Өңірлік академия – мемлекеттік қызметшілерге үлкен олжа

100 нақты қадам: Өңірлік академия – мемлекеттік қызметшілерге үлкен олжа
ашық дереккөзі
358
Өткен аптада киелі Әулиеата өңіріне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев арнайы іссапармен келді. Агенттік төрағасы ең алдымен ҚР  Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, жұмысымен танысты. Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың бірыңғай жүйесін құру аясында ашылған филиал өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту орталығына айналмақ. Жыл сайын филиал базасында облыстағы мемлекеттік органдардың 2 мыңға жуық қызметкері қайта даярлау мен біліктілік арттыру курсынан өтіп тұрады. Филиал ғимаратының ашылу салтанатында агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Үш қабатты зәулім ғимаратты аралап көрген А.Шпекбаевқа ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова жаңа ғимараттың нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Ал аймақ басшысы Асқар Мырзахметов стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін, сондықтан да сала мамандарын кәсіби дамытуға айрықша назар аударылып жатқанын атап өтті. Мұнан кейін агенттік төрағасы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының мәжіліс залында «Кәсібилендіру мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды факторы ретінде: аймақтық контекст» тақырыбында өткен аймақтық семинар-кеңеске қатысты. Жиында баяндама жасаған өңір басшысы Асқар Исабекұлы салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, өзінің бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. «Академияның облыстық филиалы өз дәрежесінде жұмыс жүргізуі үшін ең алдымен материалдық-техникалық базасын жақсарту керек екеніне көзіміз жетіп, бүгін жүйелі жұмыс жасауға біршама кедергісін келтіріп тұрған мәселе түбегейлі шешімін тапты. Алайда осы күнге дейін де филиал мамандары өздеріне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтере білді. Филиалдың жоспарына сай жергілікті жерлерден келген мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Сондықтан облыстық филиалда білімі мен кәсіби біліктілігін арттырған мемлекеттік қызметшілер аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай үлес қосарына сенімдімін», – деді Асқар Мырзахметов. Алик Шпекбаев филиал жұмысына оң баға беріп, мұндағы жан-жақты жасалған жағдайдың мемлекеттік қызметшілердің деңгейін өсіруде ықпалы мол екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде бүгінгі таңда заманауи құқықтық мемлекетке айналғанымызды, бұл мақсатта Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң әзірленіп, өз нәтижесін беріп жатқанын жеткізді. Алқалы жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша орамды ойлар ортаға салынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен кездесті. Басқосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, жүргізіп отырды. Жиында сөз алған Алик Жатқамбайұлы облыстағы тындырымды тірліктерге көңілі толатындығын айтып, бірқатар шаруаларға таңданысын да жасырмады. «Таңертеңнен бері бірқатар нысандарды аралап көрдім. Тетігін тапқан тірліктер мен жүйелі жұмыс көзге көрініп-ақ тұр. Жаңадан ықшам­аудандардың бой көтеріп жатқаны облыс экономикасы мен әлеуметтің әлеуеті артқанын айғақтауда. Әсіресе, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының ғимаратын көріп, тәнті болдым. Өңірлік академияның материалдық базасы мен оқытушылар құрамы бойынша өзгелерден оқ бойы озық тұр. Енді жамбылдықтардың Астанаға ағылып, біліктілігін арттырудың қажеті жоқ. Өйткені барлық талапқа сай бөлімше мұнда да қызметін бастады. Осындай бастамаға ұйытқы болған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысым шексіз», – деген Алик Шпекбаев одан әрі Елбасының тапсырмасыман айқындалған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының басым бағыттарына тоқталды. Бүгінде кез келген өтініш білдіруші мемлекеттік қызметке 3 кезеңнен өтіп барып келеді. Бұрынғыдай бір қоңырау шалдырып, қызметке келе қаламын деген дүние жоқ. Заң бәріне ортақ. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия бастапқы жемісін бергенімен, біз биыл бұл бастаманы тағы жандандыра түсудеміз. Нақтырақ айтсақ, агенттік бұған дейін жемқорларды құрықтаумен айналысқан болса, енді сыбайластықтың алдын алу шараларына басымдық береді. Тағы бір өзгешелік, 2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметте адалдық танытқан мамандар арнайы қаржылай бонустарға ие болады. Яғни, қызметтегі қырағылығы мен белсенділігінің арқасында лауазымына қарай мемлекеттік қызметші жылдық табысының еселенген мөлшеріне қол жеткізе алады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесін арттыру үшін біз осы жүйені заңдық нормаға енгізіп отырмыз. Келер жылдың тағы бір жаңалығы – Елбасының тапсырмасына сай барлық мекемелер үнемдеу мен оңтайлануға көшеді. Яғни, штаттық бірлігін оңтайландыру арқылы мекеме басшылары өзге мамандарының айлық жалақысын өсіруге құқылы. Және мекемелер үнемдеудің өзге жолдарын да қарастыруға мүмкіндіктері бар, – деген Алик Жатқамбайұлы алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер резерві және «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстарына да басымдық берілетінін айтты. Алик Шпекбаев өңірдегі іссапары барысында қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы мен «Ақыртас» тарихи кешенінде болып, мұндағы жасалған жұмыстармен танысты.  

Сайын Дәулетұлы

Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары