Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор. Ағажай

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор. Ағажай

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор. Ағажай
ашық дереккөзі
481

Мынау жалған да, сол жалғанға келген адам да ретімен қаланған кірпіш сияқты. Онсыз да бірі кем дүние, өзің де кезегіңмен қаланып, ығыса жүріп ығын тауып орнығып, қамсыз нығыздала  бастағаныңда, әлгі медеу тұтқан мықан кірпіштер сетінеп, іргең ойсырай бастайды екен. Қаншама нықталып қалансаң да,  айналаң андыздала жалаңаштанып, өзегіңді аңыратқан суық жел бойыңды тоңазыта қариды. Кешегі қуанышыңа – сүйінішін қосқан, күйінішіңе – жұбанышын тосқан, етбауырындай еркелеткен ағалардың қарасы ғайып тартып, солардың «көші кетіп, шаңы қалғанын» сезіне құмыққанда, жаныңды жұбататын, кешегі ағажай  өмірдің бір белгісін іздейсің.

Мен үшін сол белгі, ағажай өмірдің тұтқалы белгісі, көңілімнің қыры қаланған сүйеніш кірпіші – ағажай аға, ағажай академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Осыдан қырық бес жылғы, мен соңына еріп, қатарына кірпіш боп қаланған дәуреннің тілімен айтсам – Қасқабасов. Кәдімгі қою қара, артына бөріктене қайырылған, бейне бір құшақ қап-қара ебелекті басына кигізе салғандай қарқаралы толқынды қара шашты, үстінен қылшық  сырғанап түскендей қыры сынбайтын таза да ұқыпты киінетін, ауыздарынан от шашқан Рымғали ағамыз: «Ей, Қасқабасов!» – дегенде қасқа түсін қасқайтып: «Е, не дейсің, айта бер?» – деп жымия қарап тұратын Сейіт аға Қасқабасов! Сол бір жанартаулардың соңына ерген біз де оларды сыртынан, ал өз құрбыларымызды аты-жөнімен ашық атап машықтанып кетіп ек. Әдет қалмайды, қазір де Сейіт ағаны кейде сыртынан солай «Қасқабасов» деп атауды жаным қалап тұрады.

«Қырық жылда – қазан, елу жылда – ел өзгереді» дейді. Қазанын қайдам, елдің өзгергенін көрдік, бірақ Сейіт Асқарұлының өзгергенін көргенім жоқ. Сол баяғы ағажай қалпы: жайдары, жанашыр, жаңашыл, жақсыға жағымды, жастарға жұғымды,  жаны нәзік, жансарайы таза, айтқаны орынды, дәрісі қонымды, білімі білікті, сыны ілікті, ұстанғаны әділдік, сүйенгені шындық, жазғаны анық, ойы қанық, жан айнасы – жанарына мейірім-қайырым тұнған, сөзі қысқа-нұсқа, жанай  ескерткені бұйрыққа бергісіз өтімді, бұйрығының салмағы жеңіл, емеуріні ауыр, жөнін тапсаң – тіл алғыш, қырына іліксең – «неғылайынсыз», кішірейгенге –  кішпейіл, кекірейгенге – кеуделі, әзіліңді оспақпен  қайырады, ашуыңды мейірімімен басады, қателігіңді көзіңе және өзіңе айтады, өзі туралы не өзінің атынан мақала жаздырмайды, қиналсаң –  қамқор, ұмытқаныңды еске салады, келер күннің қаперін ұмыттырмайды, сырт адамға көрінетін, толық қамтылмаған осыншама сипаттың барлығынан басым қасиеті, ең тиянақты және сүйкімі басым қасиеті – сенімділігі.

Сейіт Асқарұлының бұл қасиетіне  еш алаңсыз сене беріңізуге болады.  «Қазан өзгеріп, ел жаңарған» ұзақ мезгіл аралығында мен Сейіт ағажайымның аға-барандары үшін де, дос-жарандары үшін де жаны күймеген, жанын бере олардың мүддесін өзі тіленіп орындамаған, демін ішіне тартып үнсіз, бірақ сенімді түрде нық араласпаған, ондай мүттәйім мұқтаждықты неғылайынсыз орындап шықпаған, тағы да ең бастысы сол мүттәйімдікке кеткен уақыты мен ой қайратын  (Иә, ой қайратын, өйткені ағажайымыздың ойы мен қайратының қуаты қаламының ұшына қонақтаған) ешқашанда көлденеңдете де, жанай да бұлдаған кезі болған емес. Бүкіл айналасы, аға-досы мұқтаж мұндай ғылым суатына суарылған білім мен білік иесінің қазақ фольклорын тақырыптық тұрғыдан жүйелеп, мазмұнын тиянақтап, теориялық тұрғыдан талдап, әлемдік (шын мағынасында) түзілімдердің тізіміне енгізген еңбегі ақылдан қылшық тартқан зиялы қауымға қанықты да танықты. Сондықтан да, жоғарыда санамалап жеткізе алмаған қасиеттерінің  біреуін ғана тізгінұшты дәйектейін.

Дәтімді, қара тілдің сұңғыласы, ақын Аманжан Жақыптан бәсіреге алып, өмірлік мақсатыма орайластыра малдана айтып жүрген бір тәмсілмен дәйектейін: мен – барлық пенде атаулы бай болса екен деп тілеймін, бірақ бай екенмін деп мені менсінбей қоймаса екен. Мен – барлық кісі атаулы әкімдікке жетсе екен деп тілеймін, бірақ әкім екенмін деп мені басынбаса екен. Мен – барлық адам оқымысты, дана болса екен деп жаныммен тілеймін, бірақ мені де сауатсыз екен деп ойламасын  деп тілеймін – дегенге ұмтылып жүрген дәмелі жанбыз ғой. Дегенмен де, біздің сауатымыз, сауаттымыз дегеннің денінің сауаты менің ағажай Сейіт Асқарұлының сауаты мен қаламының мәтібінің шалымына келе бермейді.

Оқыған-тоқығанымыздың артық-кемі бар шығар, алайда соны жүйелеп, салмақтандырып, ұғымды әрі өтімді етіп,   жарты бетке сиғызып, жеріне жеткізе нақ та нұқ етіп хатқа түсіруге, ғылыми тақырыпты қоюға және сипаттама беруге келгенде, әй, Заки Ахметовтен басқа ғалым өз қатарында сирек кездесті, ал біз бұл өнерді, ұлы өнерді бойымыздан сусытып алдық. Сол қасиеті үшін де өзі де сауатты оқымыстының бірі Өзбекәлі Жәнібеков марқұм бас кеңесшісі етіп сақадай сайлап алғаны кәміл. Сенімді сайын дос екеніне де бір тәмсіл бұл.

Жадағайсыз бір оқиға айтайын, ол бір ағажайымыздың құрдас досы Рымғали Нұрғалидың – Ардакүреңнің жан қиналысына түсіп жүрген ойсоқты шағы еді. Ой аспанында жарқылдаған найзағайды «жанашырлары» (ол тұста домалақ арызқойлардың сүйікті ныспысы осындай болатын) сағын сындырып, жүйкесіне жүк түсіріп жүрген кезде, докторлық диссертациясын жазып отырып, осының маған не керегі бар дегендей, қаламын лақтырып жіберетін сәттерін көзіміздің қиығы шалып жүрген кез болатын. Ал Мәскеуде бекітілетін диссертация орыс тілінде және өте сауатты ғылыми қасаң терминмен және мағынасы ауқымды үйлесіммен (формулировкамен) жазылуы тиіс-тін. Ал ондай сауатты қазақ ғалымы таптыра бермейтін.

Міне, осы кездегі Сейіт Асқарұлының қалай шұғыл да шөгел, жанкешті еңбек сіңіргенін көзімізбен көрдік, көңілімізбен сүйсіндік. Екі-үш әріп пен тыныс белгісін әктеп, почтаға салғанымыз болмаса, сол маржандай күйінде жөнін тапты. Диссертация қорғалатын кезде тағы бір қысым қаулысы шығып, қорғау құрметіне арналған дастарқан мәзірі жайылмайтын  болды. Қонақкәдеге есігін айқара ашқандардың еңбегі еш кеткендері де кездесті. Ресми оппонет Мәскеуден келген ғалымды құр ауыз қалай қайтарасың. Үй-ішіндегі қонақтар масайрай бастаған сәтте Рымғали аға белгі берді. Асыға шығып, таксилетіп Тастаққа қарай бет алдық. Бір пәтерге баспақтай асыға кірдік. Сөйтсек, беделді «жасырын қонақты» күтуге Сейіт ағамыздың үйін таңдапты. Әжеміз батасын беріп, Тамара апайым бар ықыласын дастарқанға жайып, Өмірзақ Айтбаев ағамыз әнімен әлдилеп, мәре-сәре көңілді күйде отыр екен қонағымыз. Түн ортасы ауғанша екі үйдің арасына екі рет қатынап, дос пен достың арасындағы достық сенімге сүйініп едік. Қазір айтуға оңай болғанымен де, ол кезде бұл құпияның құпиясына саналатын, сенгеніңе ғана сүйенетін тәуекелді іс еді. Рымғали ағаның Секең мен Тамара апайымның шаңырағын таңдап алуы да сол сенімділігіне сенгені.

Өзгенің мәтібін неғылайынсыз әдіптеп беретін Сейіт ағажайымыздың, сыны – сыртында, сыры – ішіндегі жігіт. Сол сенімділігі мен сауатының исі қазақ ұлтының рухани игілігін қайрылып оралуына ұйытқы-ұйымдастырушы болғанын сыралғылары болмаса, сырт жұрт біле бермейді. Тағы да өзім куә дәйекке жүгінейін. «Желтоқсанның ызғары» бетті шалып, жүректі қарып тұрған кез. Олжас Сүлейменов маған Жазушылар одағының жанындағы құқық комиссиясын басқарып: Желтоқсан оқиғасына қатысқан, қаза тапқан, тергеуге ілінген, сотталған жас-тар мен алаш көсемдерін ақтау туралы дерек жиып, Жоғарғы Кеңеске материал жинауды тапсырды. Бір жыл қысым құрсауында жүрсек те, Орталық Комитетке Өзбекәлі Жәнібеков хатшы, Сейіт Қасқабасов кеңесші, Сабыр Қасымов – Колбиннің ұйымдастыру істері жөніндегі  кеңесшісі болып келгеннен кейін тынысымыз ашылып, өрісіміз кеңіп сала берді. Желтоқсаншылардың құқығын қорғау, алаш қайраткерлерін ақтау барысындағы шараларды жүзеге асырудың жолдары жөніндегі ақыл-кеңесті енді Орталық Комитеттің ішінен алатын болдық.

Сейіт Асқарұлы өзіне тән ұқыптылықпен және асқан сауаттылықпен ұсыныстар мен қорытындыларды, қаулылар мен қарарларды пәрменді және пайымды етіп дайындап, әр қалай қитұрқылардың қыбын таба үтіктеп, бұл шараны қапысыз тиянақтады. Әйтпесе, сол бір қауырт та қилы тұста өз ұлтымыздың ішінен де, өзге ағайындардың арасынан да қапысын тауып, қарпып қалуға ұмтылғандар шықты. Өзгені былай қойғанда, бүкіл қазақ ұлтының мақтанышы дәрежесіне көтерілген бір жамағайын тұлғамыз, өзінің жетпіс жасқа толған мүшелтойындағы қандастарымен өткізген кездесуде: Жетісу – біздің байырғы атажұртымыз, автономия алатын құқымыз толық бар деп пікір көтергені бар. Ол теледидардан таралып кеткен соң Сағат Әшімбаев марқұмнан себебін сұрап едім, дәл сол кісінің ондайға баратынын күтпегендіктен де, хабарды өзі көрмегенін айтып, әлгі берілімді қайта көріп, тура сол арасын таспаға көшіртіп берді.

Жан аяйтын іс емес, мақала жазып, «Қазақ әдебиетіне» жарияладым. Іле «тұтқалы тұлғамыз» арызданып, Орталық Комитетке барды. Әйтеуір Сейіт ағамыздың табалдырығын тоздырып жүріп, беттескенде маған қату қабағын көрсетіп, оңашада оның бетін енді қандай дәлелмен  қайтару керектігін көрсетіп, аяғын үш-төрт айға созып, сиырқұйымшақпен бітірді. Сол бір идеология қағынып тұрған кезде Өзбекәлі мен Сейіт сияқты дегдарлар қазан басында отырмағанда, біз көрген құқай әркімнің басына төніп тұрды. Бұл да бір ұлт зиялыларының намысы мен зиялын сынаған шағымды шақ еді. Осындай ожданды тұлғалардың оқпанды орайластыруымен тәуелсіздік деген арман шынайы мақсатты күреске айналды және жеңіске жетті. Бүгінгі тәуелсіздіктің тылсымында Өзбекәлі мен Олжас, Сейіт пен Қасым сияқты азаматтардың тәуекелді тағдыры бар. Бұл анық.

Сол тәуекелдің барлығы да өзіне деген сеніммен, сенімді біліммен, сенімді ағалы-бауырлы әріптеспен, силасты әдеппен, бауыры жылы кішіпейілдікпен келді. Жалған ғылымға жаны қас ұстанымы нығыз ғалымның талап қоюға келгенде қаталдығы жан түршіктірмесе де сескендіретіні анық. Оның бұл қаталдығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Аттестациялық комиссияның төрағасы тұсында ерекше көрінді. Ол ереженің қатаң талабы мен нақты мәтібтері қазақ ғылымының деңгейін көтеруге елеулі септігін тигізді. Ізденуші сондағы ережелер мен талапты толтыру кезінде-ақ өзіне қандай ғылыми сара мен парасат-пайым керектігін түсініп,  сол жауаптың деңгейінен шығу үшін кәдімгідей ізденіп, дайындалатын. Кейін қатаң талаптар мен формулировкалар жұмсарды, дегенмен де құжаттық үлгінің үлгісі жасалып, қалыптанды.

Ағажайымыздың мерейі үстем тартқан сайын, мінезі де соғұрлым кішіпейіл тартты. Тіпті бұрынғыдан көрі қолжетімді көкеге айналды. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйін қайта қалпына келтіру барысында күніне жоғары жаққа үш хат жолдауға тура келді. Жазушылық машыққа үйренген кез, бір хаттағы сөзді екінші хатта қайталамай, бір мәселені қырық түрлі себеп-салдармен баяндау да ығыр етті. Әрине, ықтиятты түсіремін деп көлеміне де қарамайсың. Долыланып тұрған сәтімде ағажайыма бардым: «Ей, сен өйтіп ақымақ болма. Хаттың көлемі жарты беттен аспасын және хат жолданатын адам көп болғанымен, мәселе біреу. Сондықтан бәріне ортақ бір үлгі жасап ал және ісіңді түсіндірем десең мәтінді орысша жаз. Сенің тіліңді түсінетін шенеунік бізде жоқ», – деді.

Табан астында өзіне жабыса кеттім және шұғыл орындауын талап (иә, өтініп емес) еттім. Түстіктен қайтып келгенде жарты беттік дайын мәтінді ұсынды. Ішінде мен бес бетке сиғыза алмай жүрген сөздің бәрі бар. Жақсылап сиымды сөзбен қазақша аудардым да, екі мәтінді Қазақстанның басшысынан бастап, академияның президенті аралығындағы қырық буынды үкімет дәбірлеріне жолдадым да отырдым. Олар да сипай қамшылауынан (отписка) жазбады, мен де «әм майлық, әм сулық» мәтінді екі тілде қайыра жолдаудан жазбадым. Сол, Сейіт ағаның мәтіні жолаяқты болып, ақыры мұражай-үй туралы үкімет қаулысын шығарып тынды. Осы күнге дейін жоғарыға хат жазсам болды, сол мәтіннің оралымдары ойыма оралады да тұрады.

Сол әдетпен, өткен күндер еске түскенде, сол күндердің ащы-тұщысының дәмін қайыра еске алу үшін ағажайыма анда-санда қиялай соғып, қайырыла қалатыным бар. Тым тереңдетпей, ескі күнді екпіндете еске салып, елпектеген күйі есіктен шығып кетуге тырысамын. Өйткені сол бір жылдардағы жылы мейірім мен қайырым иелерінің қасиеттерін тереңдете қопарып, ағамыздың көңіл-күйін бұзғым келмейді, өзімнің де жүрегім шанши жөнелетінді шығарды. Әрине, әлі де жұмсаймыз. Тапсырмамызды орындайды. Оның амалын тауып алғамыз.

Тек, бір ғана сенім қуаты бар. Ол – ағажайымыз, яғни, Сейіт Асқарұлы Қасқабасов кірпіш болып қаланған жерден жел соқпайды. Оған еш күдігіңіз бен кәдігіңіз болмасын. Сондай-ақ, алдағы баспалдақтарды да еш кәдік-күмәнсіз сеніммен аттап өтетініне күдігім де, кәдігім де жоқ.   Оған сенім кәміл.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор

Серіктес жаңалықтары