488
«Талайды таңырқатқан жырау еді»
«Талайды таңырқатқан жырау еді»
«Рухани жаңғыру» жылында Сыр еліндегі ірі тұлғаларды ұлықтау, халқымен қайта табыстыру жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бір айғағындай жақында Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығына арналған «Талайды таңырқатқан жырау еді» атты республикалық жыршы-жыраулардың байқауы және оның өмір жолы мен шығармашылығы жайында «Тау тұлға Тұрымбет жырау» атты ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Конференция атақты жырау Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде өтті. Алғашқы құттықтау сөзді Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашев айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Тұрымбет – қазақ тарихындағы көрнекті жырау-ақын» тақырыбында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, «Тұрымбет жыраудың ата-тек шежіресі және жыраулық өнері» тақырыбында Жазушылар одағының мүшесі, этнограф Тынышбек Дайрабай, «Тұрымбет Салқынбайұлының өскен ортасы, өмір жолы және ақындық қырлары» тақырыбында жыраудың немересі, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ибрагим Бекмаханов, «Жыраулық дәстүрдің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері» атты тақырыпта республикаға есімі танымал жырау, Көшеней Рүстембеков атындағы Қармақшы аудандық жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов баяндама жасап, ақын-жырау Тұрымбет Салқынбайұлының шығармашылық және өмір жолы туралы ғылыми-танымдық ойларын ортаға салды.
Осы күні республикамыздың әр өңірінен келген жыраулар жарысы өтті. Бұл байқауға 17 жырау қатысып, Тұрымбет Салқынбайұлының шығармаларын қаншалықты білетіндігі, жыр мен дастандарды орындау мәнері, мақамы, шеберлігі байқалды.
Сөйтіп, Сыр аспанында Тұрымбет Салқынбайұлының әсем әні мен жыры қалықтады.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ