Елімізде Қызыл Крест Комитетінің кеңсесі ашылады

Елімізде Қызыл Крест Комитетінің кеңсесі ашылады

Елімізде Қызыл Крест Комитетінің кеңсесі ашылады
ашық дереккөзі
260
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тиісті келісімге 2011 жылғы ақпанда Астанада қол қойылған болатын. «Осы Комитет тәуелсіз әрі бейтарап ұйым болып табылады. Ол қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың басқа жағдайларынан зардап шеккен адамдарды қорғауға, төтенше жағдайлардың құрбандарына көмек көрсетуге, сондай-ақ гуманитарлық құқық пен қағидаттарды дамытуға өзінің жұмысын бағыттаған», - деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Белгілі болғандай, Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай халықаралық қозғалысының құрамдас бөлігі. Сонымен қатар, оның құрамына ұлттық қоғамдар, соның ішінде Қазақстандағы Қызыл Жарты Ай қоғамы, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамының халықаралық федерациясы кіреді. «Қарулы және гуманитарлық қақтығыс жағдайында Комитет қозғалыстың көмек көрсету жөніндегі халықаралық қызметін үйлестіреді әрі басқарады. Ұйым соғыс құрбандарын қорғау туралы Женева конвенциясының және оған қосымша хаттамалардың негізінде жұмыс істейді. Аталған құжаттар зорлық құрбандарын қорғауға бағыттаған ұйымның міндеттері мен ерекше мандаттарын айқындайды. Бұл мандатты әлемнің барлық мемлекеттері мойындайды. Қазақстан жоғарыда аталған барлық конвенциялар мен хаттамаларға қосылды. Комитетпен жұмыс  - ол Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығының маңызды бөлігі», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, жобаны қабылдау  - Қазақстандағы осы Комитеттің кеңсесін ашуға және оның қызметін барынша аз шығындармен және көмекке мұқтаж адамдарға тікелей пайдасын барынша арттыра  отырып, жүзеге асыруға жәрдемдеседі. «Бастапқы кезеңде аталған комитеттің кеңсесінде 3 қызметкер болады деп көзделген. Олар Қазақстан азаматтары болады. Болашақта осы комитеттің жобаларының саны артса, жұмыс көлемі мен мазмұны артса, оның қатарында істейтін азаматтардың саны 5-ке дейін көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ комитеттің басшысы ретінде халықаралық деңгейде конкурс арқылы шетел азаматтары келуі ықтимал», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары