Сенат төрағасы сапалы заң шығаруға шақырды
Сенат төрағасы сапалы заң шығаруға шақырды
Сенат Бюросының отырысында Палатаның 1 қазанда болатын кезекті отырысының күн тәртібі келісілді, сондай-ақ, таяуда Мәжілісте мақұлданған 23 Заң жобасы жұмысқа қабылданды.
Бюрода Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Мемлекет құрылысындағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған Заң жобаларын Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың қарауына жібере бастады. Қазіргі кезде Сенатта Президент Н.Назарбаевтың институттық реформалары аясындағы 22 Заң жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Төрағаның айтуынша, Сенат алдында қауырт жұмыстар күтіп тұр, «қабылданатын заңдардың маңыздылығын ескере келе, біз оларды жан-жақты талқылап, өте мұқият қарауымыз қажет. Уақыттың тығыздығына қарамастан, Заң жобалары бойынша қайшылықтар туындаған жағдайда ол мәселелерді терең пысықтап, Үкіметпен бірлесе отырып шешім қабылдаған жөн болады», – деді Қ.Тоқаев өз сөзінде.
Сенат Төрағасы еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Мәжіліс жедел түрде мақұлдаған екі Заң жобасына да назар аударып, сенаторларды Заң жобаларын басымдық ретімен қарауға шақырды. Бұл жерде 1994 жылғы 15 сәуірдегі ДСҰ-ны кұру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы және біздің еліміздің осы ұйымға кіруіне байланысты заңнамаға түзетулер енгізу туралы Заң жобалары жайында айтылып отыр.
Бюрода Мәжілістен түскен Заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлінді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізу туралы және Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режимі туралы ҚХР-мен үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің жобасы, заңнамаға кәсіпкерлік мәселелері бойынша ілеспе түзетулермен, сондай-ақ заңнамалық актілерге электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулармен айналысатын болады. Одан басқа, осы комитетке ДСҰ-ны кұру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттаманың ратификациясын, осы ұйымға кіруге байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар жобасын, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы келісімнің ратификациясын қолға алу тапсырылды.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімді, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты, Қазақстан мен Монако арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялауды пысықтайтын болды.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң жобасы және заңнамаға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе Заң жобасы Қаржы және бюджет комитетіне тапсырылды.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң жобасы, заңнамаға ілеспе өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы, кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
«Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заң жобасы, заңнамаға ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді, Жер кодексіне түзетулерді, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті қолға алатын болды.
Сенаттың 1 қазанда болатын жалпы отырысына 13 Заң жобасы шығарылатын болды. Атап айтқанда, депутаттар ДСҰ-ны кұру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттаманы ратификациялап, ДСҰ-ға кіруге байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобаларын қарайды. Палата ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны, Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы үкіметаралық келісімді, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан мен Иран арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауды жоспарлап отыр.
Одан басқа, сенаторлар «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы Заң жобасын қарайды. Сондай-ақ, жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиа тасымалды дамыту мәселелері бойынша; арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша; сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша; сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар түзетулерді бірінші оқылымда талқылау жоспарланды.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ