586
Шерхан Мұртаза өмірден озды
Шерхан Мұртаза өмірден озды
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза өмірден озды, деп хабарлайды «Хабар24».
Қыркүйек айында 86 жасқа толған қоғам қайраткері Тараз қаласында қайтыс болды. Елі «Шер-аға» деп білетін жазушының туған жері – Жамбыл облысының Жуалы ауданы. Алаштың абызы, қазақ журналистикасының қара нары, әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан талантты жазушының «Қызыл жебе», «Мылтықсыз майдан», «41 жылғы келіншек», «Бір кем дүние», «Ай мен Айша» секілді тағы да басқа туындылары халық мұрасына айналды. Шерхан Мұртаза мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, тәуелсіздік алған жылдары Мәжіліс депутаты болып сайланып, жоғары мінберден өзекті тақырыптарды көтеріп, түйткілді мәселелерді шешуге де күш салды. Классик жазушы ретінде бір дәуірді тәрбиеледі. Шерхан Мұртаза – тума талант, кемел ойдың иесі. Шер-ағаның әрбір еңбегі талайды тамсандырған, әңгіме жазудың теңдессіз шебері, қоғамда шындықтың шырақшысы болған ерекше тұлға еді.