ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҮШІН ТЕР ТӨККЕН

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҮШІН ТЕР ТӨККЕН

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҮШІН ТЕР ТӨККЕН
ашық дереккөзі
357
Сенатор Әлімжан Құртаевтың негізгі мамандығы – инженер. Ол сонау сексенінші жылдары «Оңтүстікқұрылыс» тресінде шебер, аға инженер болып құрылыстың қызу ортасында білек түріп жұмыс істеді. Сондықтан осы саланың жай-жапсарын, ұңғыл-шұңғылын бес саусақтай жақсы біледі. Одан кейінгі еңбек жолы да құрылысқа тікелей қатысты болды. 1985-1990 жылдары Алматы құрылыс жобалау ғылыми-зерттеу институты зертханасының ғылыми қызметкері, 1990-1993 жылдары «Шымкентпромстрой» тресіне қарасты құрылыс материалдары комбинатының директоры, трест басқарушысының орынбасары қызметтерін атқарды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының әкімі болып жүргенде теміржолшылар шаһарының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қоса білді. Көп ұзамай қызметі жоғарылады – облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалды. Әлімжан Құртаев – қасиетті де киелі Отырардың тумасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы 2 қыркүйек күні осы өңірге жұмыс сапарымен барған кезде Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Бұл уақытта Әлімжан Құртаев осы ауданның әкімі еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға аудан әкімі бел шеше кірісті. Ел ағалары мен ел-жердің тарихын жақсы білетін тұлғалармен ақылдаса отырып, Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдырудың кешенді жоспарын жасап, оны жүзеге асыра бастады. Осындай игілікті істің арқасында әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың өшпес рухымен қазақстандықтар қайта қауышты. Олардың қабірі туған елден жырақта екені белгілі. Тарихи тұлғалардың басына барып, тәу етіп, туған жердің топырағын салды. Бұл өте сауапты іс болғаны айдан анық. Атақты бабаларымыздың жатқан жерінен бір уыс топырақ Отырар еліне әкелініп, Арыстанбаб кесенесінің жанына арулап қойылды. Сөз жоқ, бұл тарихи оқиға, елеулі еңбек. Бұл Әлімжан Сейітжанұлының киелі Отырарды халықаралық деңгейге көтерген көп еңбегінің бірі ғана. Ол көші-қон саласымен де жақсы таныс. Өйткені осы жүйеде басшылық қызметте болды. Түйткілді мәселелерге қанықты. Соның бірі – тығыз орналасқан оңтүстік халқын солтүстік облыстарға қоныстандыру. Бұл өзекті мәселені Елбасы біраздан бері айтып келеді. Бірақ, үдере көшіп жатқан халық жоқ. Себебі неде? Не кедергі? Бұл ретте бірінші кезекте қандай мәселелерді шешкен жөн? Әлекең «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғанда осы мәселені өзі бас болып қолға алды. Әлімжан Құртаев айтқан әңгіме: «Оңтүстік тұрмыс-тіршілікке қолайлы екені белгілі. Бірақ жұмыс табу қиын. Тұрғындармен кездескен кезде көбінің айтатыны осы. Баспана мәселесі де өзекті. Халық көп болғандықтан, балабақша, мектеп және басқа да әлеуметтік жағдайларды оңтайлы шешу оңай емес. Жұрт оңтүстіктен солтүстікке көшкісі келмейді емес, бөтен жер, бөтен облыс болғандықтан, ағайын-туыс, жақын-жұрағаты жоқ, «далаға барғандай боламыз ба» деп тартыншақтайды. Мемлекет тарапынан қолдау болатынына көздері жеткенде ғана, көшуге келіседі. «Нұр Отанда» қызмет істеп жүргенде Сарыағаш, Жетісай, Қазығұрт және басқа да аудандардан бірнеше отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды. Осы ұлы көштің басы-қасында өзім де болдым. Көшті шығарып салумен жұмыс біткен жоқ, қоныс аударғандар қалай орналасты, барлық жағдай жасалды ма, оны да әрдайым бақылауда ұстадық». Әлімжан Құртаев Сенат депутаттығына сайланғанда да осы мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі ретінде депутаттық сауалнама жолдап, Үкіметтің алдына ішкі көші-қонға байланысты нақты жайттарды қоя білді. Сенатор Ә.Құртаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің атына жолдаған сауалнамасынан: Оңтүстік Қазақстан облысының 844 елді мекенінде 3 миллионға жуық халық тұрады, бұл дегеніміз Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі. Ал Солтүстік өңірлерде  керісінше Қазақстан халқының тек 17 пайызы ғана шоғырланған. Елбасы қойған міндеттердің бірі – ішкі көші-қон процесстерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жалғасып келеді. 2018-2020 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстік өңірлерге жыл сайын 2600 жуық отбасыны көшіру  жоспарланып отыр. 2018-2020 жылдары Оңтүстіктен солтүстікке көшіру  2017 жылмен салыстырғанда  әр жылға 7 есе көп отбасыны қамтиды. Бұл бағыттағы бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін келесі мәселелерді қарастыруды ұсынамыз: − Республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныс аударушыларға тұрғылықты жеріне жетіп алу үшін қаралатын қаржыны алдын-ала төлеу механизмдері қарастырылса дұрыс болар еді. Себебі қоныс аударатын отбасылардың көпшілігі үйі, жұмысы жоқ азаматтар. Олардың көшуге деген ниеттері бар, бірақ қаржысы жеткіліксіз; − Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың барғаннан кейін кемінде 1-2 ай көлемінде тиісті табысы болмайды. Сондықтан алғашқы айларда қаржылай көмек беру қарастырылса; − Оңтүстіктен солтүстікке көшетін азаматтардың негізгі сұрауы –тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқандай, Солтүстіктегі шекара аймақтарындағы ауылдарда қаншама үйлер қаңырап бос қалуда. Соны жергілікті атқарушы органдардың балансына енгізіп, көшіп келген отбасы сол үйлерде бес жыл көлемінде тегін тұрып, ал кейін жекешелендіруге мүмкіндік беру мәселесін қарастыруды сұраймыз. Сенатор Ә.Құртаев халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты да бағалы ұсыныстар айтып келеді. Соның бірі – «көгілдір отын» тарифы. Осыған байланысты әріптестері А.Бейсенбаев, Ә.Бектаевпен бірге Үкіметке сауалнама жолдағанын жұртшылық жақсы біледі. Ондағы негізгі мәселе – Қазақстанның аймақтарында газ бағасының айтарлықтай айырмашылығы. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында табиғи газдың бір мың текше метрінің құны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жеке тұлғаларға – 34 475,20 теңге, заңды тұлғаларға – 36 103,97 теңге, жылу энергиясын өндіретін заңды тұлғаларға – 25 148,26 теңге болып белгіленген. Ал Ақтөбе облысында жеке тұтынушылар үшін осы тариф – 8,4 мың, Маңғыстау облысында – 9,4 мың, Қызылорда облысында – 19,9 мың, Жамбыл облысында – 26,1 мың теңге. Айырмашылық айтарлықтай. Бір елде отырып осынша көп айырмашылық болуының себебі неде? Мұндай ала-құлалықты реттеуге болмай ма? «Көгілдір отынға» оңтүстік халқы басқа өңірлермен салыстырғанда неге бірнеше есе көп қаржы төлеуі керек? Депутаттар осындай сауалды алға тартты. Оңтүстікте Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда орташа жалақы деңгейі төмен – 98,9 мың теңге. Ал Батыс Қазақстан облысында – 136,3 мың, Шығыс Қазақстан облысында –118,6 мың, Қызылордада –117,9 мың теңге. Тіпті, оңтүстіктегі газ тарифі көршілес Өзбекстанмен салыстырғанда үш есе артық болып шықты. Бұл ғана емес, республика аймақтарында электр энергиясының құны да әртүрлі. Сондықтан депутаттар осының бәрін Үкіметтің алдына жайып салды. Тарифтің жоғары болуы шағын және орта бизнес қарқынды дамып отырған Оңтүстік Қазақстанда тауарлардың өзіндік құнының жоғары болуына, бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, өңірге инвесторлардың келуін азайтуға және жеке кәсіпкерлердің басқа өңірлерге ауысып кетуіне әкеліп соғуда. Осыған байланысты халық қалаулылары Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Оңтүстік Қазақстан облысын табиғи газбен қамтамасыз етудегі ерекшеліктерді ескере отырып, елімізде бірыңғай ортақ тариф енгізу мәселесін қарастыруды сұраған болатын. Оңтүстік өңірі халқының әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартуды Әлімжан Құртаев билікте жүрген кезінде де, қазір де –Сенат депутаты ретінде бір сәт естен шығарған емес. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында белсенді іс-әрекет танытып келеді. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Шымкент халқының бір миллионнан асуына байланысты қалаға республикалық мәртебе беруін, Түркістан облысының құрылуын Қазақстан халқы зор қуанышпен қабылдады. Осыны естігенде қуанбаған жан жоқ шығар, сірә. Сенатор Құртаев та осы бір жағымды жаңалық ерекше көңіл-күйге бөлегенін жасырып қала алмай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікпен бөлісті. «Шымкент – XIV ғасырда қазығы қағылып, өсіп-жетіліп, әдебиет пен мәдениеттің, қайнаған өндірістің ошағына айналған қала. Қысқалау қайырсақ, республикалық мәртебеге лайықты қала. Түркістан – тарихының тамыры тереңге кеткен көне қалалардың бірі де бірегейі. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі орналасқан, қазақтың небір жақсы, жайсаңы, хандары мен билері мәңгілік тыныс тапқан қасиетті жер. Елбасы Жарлығы қазір 200 мыңға жуық тұрғыны бар Түркістан қаласының өсіп-өркендеуінің бастауы болады. Бұдан былай облыс орталығы ретінде Түркістанның орны ерекшелене түседі. Өңірде туризмнің дамуына, экономиканың өркендеуіне даңғыл жол ашылмақ. Енді, Түркістан қаласына инвестиця молынан тартылады. Сонымен бірге, өткен жылы ғана «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген мәртебеге ие болды. Енді, Елбасының тікелей қолдауымен Түркі әлемінің нағыз орталығына айналуына толық негіз бар» деп тілегін білдірген болатын. Уақыт – тоқтаусыз. Кешегі күн бүгінге өлшем емес. Өзгеріске көз ілеспейді. Ұдайы жаңару. Заман көшінен қалыс қалмау үшін барлығы да сайма-сай болуы қажет. Соның ішіндегі ең негізгі тірек – заң. Қабылданған заң да уақыт ағымына қарай толықтыру мен өзгертуді қажет ететіні жасырын емес. Елбасы Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап кәсіпкерліктің кең қанат жаюына ерекше көңіл бөліп келе жатқаны белгілі. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бар. Осы саланың өркендеуіне мүмкіндік беретін тиісті заңнамалар бар. Қажетті құрылымдар құрылды. Соның бірі – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары. Бұл туралы алғаш рет Қазақстан Президентінің 2006 жылғы «Қазақстанның əлемдегі бəсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауында айтылып, 2007 жылдап бастап корпорациялар құрыла бастаған болатын. Бұл уақыттың талабы еді. Өйткені өңірлерде кәсіпкерліктің дамуы осы жаңа құрылымға тікелей байланысты болатын. Сондықтан корпорацияларды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалып, 2012 жылғы 31 қазанда Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Осы тұжырымдамада əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорацияларға байланысты екі кезең белгіленген болатын. Бірінші кезең – 2013-2014 жылдар аралығы. Бұл мерзім өтіп кетті. Нәтиже қандай? Көңіл көншітпейді. Корпорацияларды жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатындағы талпыныс та ойдағыдай болмады. Мəселен, 12 корпорация 2014 жылды, 6 корпорация 2015 және 2016 жылды шығынмен аяқтаған. Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың екінші кезеңі 2015-2020 жылдар аралығын қамтиды. Оның да нәтижесі ойдағыдай емес. Бұл кезеңде корпорациялар инвестициялық жобаларды көбірек жүзеге асыруы тиіс болатын. Бірақ бұл жөніндегі көрсеткіштер де көңіл көншітерлік емес. Өте аз. Экспортты арттыру мақсатындағы жобалардың да нәтижесі де мәз емес. Сонымен бірге корпорациялардың қолдауымен ашылған жаңа өндірістердің де өркендегені байқалмайды. Сонда өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын жақсарту үшін қандай іс-шараларды қолға алған жөн? Қандай мәселелерге ерекше мән берген маңызды? Сенатор Әлімжан Құртаев Парламент қабырғасында осы жөнінде ойға қонымды ұсыныстар жасай білді. Бірінші кезекте, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне қатысты мəселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басқа да түйткілді мәселелері бар екені Сенатор Әлімжан Құртаевтың Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалнамасында жан-жақты айтылған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә.Құртаевтың Премьер-министр Б.Сағынтаевқа жолдаған сауалнамасынан: «Көптеген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары өңірдің даму мәселелерін шешумен емес, көпшілік жағдайда ағымдағы әлеуметтік мәселелерді шешетін жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне айналып кеткендігі тәжірибеде көрініс табуда. Осыған сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары өз шығынын өзі өтеуі негізінде әрекет ететін, жеке бизнестің дамуына және жас кәсіпкерлерге  ықпалын тигізетін, сондай-ақ, қаржы агенттігі статусын алып, мемлекеттік ресурстарды қолдана отырып қарыз беруді жүзеге асыратын  өңірлік даму институты ретінде қайта құрылу қажеттілігі туындаған сияқты. Өңірлік даму институты ретінде тиімді әрекет етуін қамсыздандыру үшін  әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары «Өңірлік даму корпорациялары» ретінде қайта құрылып, келесідей қызметтерді атқарса, оң нәтиже беруші еді: Бірінші. Өңірлік даму корпорациялары өңірдегі басым секторларды, яғни индустриалдық аймақтарды, агроиндустриалдық аймақтарды, арнайы-экономикалық аймақтарды, көліктік-логистикалық аймақтарды  дамыту бойынша ең басты операторына айналуы; Екінші. Қаржы агенттігінің статусын алуы және экономиканың белгілі бір салаларында өңірдегі инвестжобаларды және инвестициялық саясатты жүзеге асыру аясындағы банктік операциялардың жекелеген түрлері бойынша қаржы агенттігінің қызметін жүзеге асыру; Үшінші. Жобаларға өз қаржысымен, жер телімімен, жер қойнауын пайдалану құқығымен, интеллектуалды меншігімен кіре отырып шағын және орта бизнестің жобаларын қолдауды жүзеге асыруы. Ұлттық компаниялар секілді сатып алудың ерекше жүргізу тәртібін ӘКК сақтап қалуы. Төртінші. Жайлы инвестициялық климатты қалыптастыру, инвесторларды іздеу және тарту, операциялық қызмет көрсету, бастапқы құжаттарын дайындау, шетелдік инвесторлар жүгінулеріне шұғыл түрде әрекет етуді қамтамасыз ету, ұйымдастыру, келіссөздерді, кездесулерді жүргізу бойынша операторлық қызметті жүзеге асыруы; Бесінші. Әлеуметтік мемлекеттік бағдарламаларды, сонымен қоса азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қолдану және қалыптастыру бағдарламасын  шығынсыз етіп жүзеге асыру; Алтыншы. Өңірдің ерекшелігін, бәсекелестік әлеуетін, кәсіпкерлік белсенділігін  айқындау және анықтау бойынша операторлық қызметтерді жүзеге асыруы. Жетінші. Қатқыл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, сонымен қатар барлау және өндіру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу негізінде конкурс өткізбеуге қатысты операцияларын жүргізуге шарт жасау құқығын ӘКК беру». Міне, сенатор Әлімжан Құртаев осындай өзекті мәселелерді Парламент депутаты ретінде лайықты қозғап келеді. Әлі де қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатындағы талай көкейкесті мәселелердің түйіінін тарқатуға білімі мен тәжірибесін сарқа жұмсай беретіні сөзсіз. Абзал жанның ел үшін еселі еңбек ете беретіні айдан анық.  

                Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана  

Серіктес жаңалықтары