341
Уақыт талабы – өмір сапасын арттыру
Уақыт талабы – өмір сапасын арттыру
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арнады. Жолдауда Елбасы 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп аталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Президент мұғалімдердің мәртебесін арттыратын заң қабылданатынын да атап өтті. Мемлекет басшысы адам капиталын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын білім саласына айрықша көңіл бөліп, балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім беру сапасын арттыруға баса назар аударуды тапсырды.
Расында да, бәсекеге қабілетті болу үшін білім мен ғылымның дамуы аса маңызды. Президенттің бұл ойын Жолдауды тыңдаған әрбір қазақстандық құптайды. Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен шаһар жұртшылығы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын Республика сарайында үлкен экран арқылы тамашалады. Елбасы Жолдауымен тікелей танысқан алматылықтар да Нұрсұлтан Әбішұлының әрбір бастамасына қолдау көрсетуге әзір екендіктерін білдірді.
«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан
Гүлнұр ДҮЙСЕМБИЕВА,
Алматы қаласы «Жаңа ғасыр» №175 гимназияның информатика пәнінің мұғалімі:
Бұл – мұғалімдерге жасалған қамқорлық
– Елбасының Жолдауынан біз жақсы әсер алдық. Өйткені бұл Жолдауда мұғалімдердің мәртебесіне көбірек назар аударылды. Ұстаздарды қағазбастылықтан арылту, жүктемені және мектептердегі мұғалімдерге қатысы жоқ жұмыстарды азайту туралы сөз болды. Бұл – ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге жасалған ерекше қамқорлық болды десем, артық айтпаспын. Оның үстіне, Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау қажеттігін атап өтті. Аталмыш заң жобасы қабылданғаннан кейін ұстаздардың беделі, мәртебесі биіктей түседі деп сенемін. Сондай-ақ, мектептердегі білім сапасын арттыру, тәрбиеге баса мән беру, 9-11-сыныптарда мамандыққа бейімдеу туралы айтылды. Мұның бәрі білім сапасын арттыруға үлкен сеп болатыны сөзсіз. Мектепке дейінгі білім беру ісіне баса мән берілді. Бұл – мектептегі білім сапасын арттыруға көмектесетін факторлардың бірі. Өйткені мектепке дейін дұрыс білім алған бала мектеп қабырғасына дайын болып келеді. Жоғары білім беру саласы бойынша да талай мәселелер айтылды. Әсіресе, білім гранттары санының артқандығы – жас талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі уақытта біздің гимназияда жаратылыстану пәндерін үш тілде өткізу қолға алынған. Ал мұндай жүйемен сабақ беріп жүрген мұғалімдерге қосымша 35 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Сонымен бірге, біз жаңартылған білім мазмұнына көштік. Бұл шәкірттер үшін де, мұғалімдер үшін де тиімді. «Электронды журнал» да өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Ата-аналар үйінде, жұмысында отырып-ақ баласының оқу үлгерімін электронды журналдан көре алады. Біздің гимназиядағы барлық кабинеттер интернетпен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы ұсынған цифрландыру жүйесіне көшуге біздің мектебіміз толықтай дайын. Ұстаздардың да біліктілігі көңіл көншітерліктей. Барлығы арнайы курстардан өтіп, компьютерлік сауаттылықтарын арттырды. Мемлекет басшысының келер жылды «Жастар жылы» деп атау туралы ұсынысын да ерекше айтып өткім келеді. «Ел келешегі – жастардың қолында» екенін үнемі айтамыз. 2019 жылы жастар тынбай еңбек етіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл үшін елімізде барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Ендеше, жаңа ғасыр жастарының Қазақстанның өрлеуі үшін табысты еңбек етуіне еш кедергі жоқ. «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс мен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан Айсұлу ЕРНИЯЗОВА, Алматы қаласы «Еріктілер лигасының» төрайымы:Жолдау жастарға қанат бітірді
– Келер жылдың «Жастар жылы» деп аталатыны бізді шынымен қуантты. Бұл Жолдау жастарға қанат бітірді. Жастар мәселесінің көбірек қозғалуы, «Жастар жылының» жариялануы Алматы қаласы үшін өте маңызды. Өйткені Алматы – жастардың қаласы. Біз Алматы жастарын жинап, ашық кеңістікте (Open Space) жоспарлар түзетін боламыз. Жолдауда айтылған маңызды мәселелерді талқылаймыз. Осы Жолдауда жастарға қатысты көп нәрсе айтылды. Елбасы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге назар аударып өтті. Бұл ретте біз де ойлануымыз қажет. Жастарды қалай патриоттыққа тәрбиелеуге болады? Бұл мәселеге қай қырынан келген дұрыс? Біз бұл мәселелерді өз қаламыздан бастаймыз. Біз өзіміздің осы елде тұратынымызды, осы мемлекетте әрі қарай ұрпағымызды тәрбиелейтінімізді жақсы түсінеміз. Сондықтан бізді елдегі жағдайдың бәрі алаңдатуы тиіс. Елбасының Жолдауын тыңдай отырып, айтылған әр мәселе бойынша, біз, жастар не істей аламыз деген сауалға жауап іздедім. Мысалы, спорттық нысандарды пайдалану туралы айтты. Бұл ретте біз спорттық шараларды көбірек ұйымдастыруымыз керек, спортқа көбірек көңіл аударып, жастардың бос уақытында спортпен айналысуына жол ашуымыз керек. Бұл мәселеге келгенде алматылықтар мақтана алады. Өйткені шаһар басшысы Бауыржан Байбек бүгінгі күнге дейін талай шаруа тындырды. Қазіргі уақытта қаладағы аулалардың басым көпшілігінде спорттық жабдықтар орнатылған. Мысалы, Тимирязев көшесінің бойында арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар маңына қойылған жаттығу орындарында таңертең қарттардың, кешкі уақытта жастардың жаттығып жатқанын көріп жүрміз. Міне, біздің шаһарда тұрғындар үшін спортпен айналысудың тегін және қолжетімді түрі бар. Азық-түліктердің сапасы туралы да көтерілген мәселелер өте орынды болды. Еріктілер лигасы «Ұлттық тұтынушылар лигасы» атты шараны қолға алмақ. Мысалы, сіз тауар сатып аласыз, ол үшін ақша төлейсіз. Демек, бұл өнімнің сапасы үшін біреу жауапты болуы тиіс. Сондықтан біз азаматтарды мұндай мәселелерге бейжай қарамауға үйреткіміз келеді. Көбінесе тауарды ұсынушылар оның сапасыздығын біле тұрып, сатылымға шығаруы мүмкін. Ал сол тауарды сатып алған адам оны білсе де, үнсіз қалады. Мұндай кезде екінші адам да өзінің жауапкершіліктен қашып отырғанын ұғынуы тиіс. Яғни, әлгі дүкен мұндай сапасыз тауарларды әрі қарай саудалай беретіні анық. «Ұлттық тұтынушылар лигасы» арқылы біз тұрғындарға осыны жеткізгіміз келеді, әлеуметтік жауапкершілікті ұғындыруға тырысамыз. Мемлекет басшысы: «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс», – деп атап өтті. Сондықтан бұл Жолдауда айтылған әрбір мәселенің, әрбір бастаманың өзіміз үшін де маңызы жоғары екенін ұғына білуіміз қажет. «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан Дәурен БАБАМҰРАТ, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:Жоғары оқу орындары сапалы білім беруі тиіс
– Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауында қоғамдағы өзекті деген мәселелердің көпшілігі қозғалды. Мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары білім беруге дейінгі кезеңдердің мәселелеріне толықтай тоқталды. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бейнебақылау орнату мәселесі сөз болды. «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын» – деп, атап өтті Мемлекет басшысы. Бұл – өте орынды бастама. Біз бұл арқылы ең алдымен, ұрпағымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Балалардың қауіпсіздігі аса маңызды. Сонымен қатар, осы арқылы біз сапаға қол жеткізе аламыз. Бақылаудың арқасында тәртіпті ретке келтіруге мүмкіндік туады. Ал жоғары білім беретін оқу орындарының сапасына қатысты айтылған сынның бәрі орынды. Елбасы ел жастарының қазіргі мүмкіндігін, көңіл-күйін, шама-шарқын жақсы біледі. Қазір талантты, білікті жастардың көбі шетелге кетіп жатыр. Неге? Біз қай жерден жаңылдық? Бұл ретте Мемлекет басшысы мәселе жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасында екенін ашып айтты. Егер университеттер өз деңгейіндегі тиісті білімді бере алмаса, олардың жұмысын тоқтату керек. Осыған сай алдағы уақытта жоғары оқу орындарының сапасы түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Егер университет түлектері көбірек жұмыспен қамтылатын болса, сол жоғары оқу орны сапалы білім береді деген сөз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл жастары жайында сөз қозғады. Демек, елімізде ауылда жұмыс істегісі келетін, ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті жастар бар. Оларға не қажет? Ең алдымен, кәсіби ауыл шаруашылығын үйрете алатын сапалы білім қажет. Тағы бір жайт – шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру. Бұл туралы үнемі айтып келеміз. Біздің елде әлі де тауарларды сырттан тасымалдайды. Ал импорттық тауарлардың бағасы қолжетімді бола бермейді. Сондықтан Елбасы отандық өнімдерді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Ол үшін қосымша қаржы да қарастырылады. Осының бәрі жүзеге асып, жұмыстар дұрыс атқарылса, қазақстандықтар отандық өнімдерді тұтына алады. Мәселен, елдің бәрі шетелдік брендтерге қол жеткізе алмайды. Егер отандық өндірісті өркендетсек, қазақстандықтар өз өнімімізді пайдалана алады.Дайындаған Әсел Әнуарбек