224
Ақтауда "іріңді менингитпен" ауырған сарбаз қайтыс болды
Ақтауда "іріңді менингитпен" ауырған сарбаз қайтыс болды
Ақтауда "іріңді менингоэнцефалит" диагнозымен ауруханаға түсіп, комада жатқан сарбаз қайтыс болды деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сарбаз 14 қазан күні таңертең қайтыс болған, деп хабарлайды centralasian.org.
Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінің сарбазы Бауыржан Есқожиев 30 қыркүйекте дене қызуы жоғарылап, Маңғыстау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне аса ауыр халде түскен еді. Қазанның 3-і күні тағы 12 сарбаз осыған ұқсас белгілермен ауруханаға жатқызылып, кейін оның алтауы шығарылған.
Қазанның 4-і күні Маңғыстау облысының бас штаттан тыс инфекционисі Гүлбану Нұржанова сарбазға аса ауыр іріңді менингоэнцефалит диагнозы қойылғанын, оның ауыр халде ми комасында жатқанын хабарлаған.
22 жастағы Бауыржан Есқожиев Ақтөбе қаласының тумасы. Ол былтырғы қаңтардан бері Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан. Ауруханаға түсердің алдында әскери бөлім сарбазы арасында кезекті оқу-жаттығулары өткен.