237
Министрдің мүлт кетуі
Министрдің мүлт кетуі
Қазақтың осы сөзі Ресейдің Саратов облысы Еңбек, жұмыспен қамту және миграция министрі Наталья Соколованың қазіргі жағдайын бейнелейтін тәрізді. «3,5 мың рубльге бір ай тойып тамақтануға болады» деп басы дауға қалған министр ақыр соңында қызметінен қуылды. Бір жағынан, бұл сөзді министр аңдамай айтты дегенге сену қиындау. Себебі ғаламторда таралып кеткен бейнежазбада оның өз пікірінен еш әбестік көрмейтіні анық байқалады.
Соколованың ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты білдірген пікірі көпшіліктің ашуын туғызды. Наталья Соколова 3,5 мың рубльге (19 600 теңге) зейнеткердің бір айлық мәзірін дайындап беруге әзір екенін де жеткізген еді. Саратов облысы Еңбек, жұмыспен қамту және миграция министрі қызметінен босатылған Наталья Соколова 3,5 мың рубльге зейнеткердің азық-түлік себетін толтыруға болатынын айтқаннан кейін бұл мәселеге қатысты пікір білдірушілер қатары артты. Әрине, Соколованың ұсынысы жұрттың ашу-ызасын туғызғанымен, зейнет жасындағы адамдардың толыққанды тамақтануы көпті алаңдататыны аңғарылды. Жұртшылық министр бұл бастаманы әуелі өзінен бастасын деп ашуланғаны сол еді, Соколова өзі көрсеткен рацион бойынша тамақтанудан бас тартатынын айтты. Экс-министрдің сөзінше, «бұл оның статусына сай келмейді». Нақтырақ айтсақ, Соколова: «Менің бұған министрлік статусым мүмкіндік бермейді», – деді. Қазір Соколова министр емес. Ендеше, оның өзі ұсынған 3,5 мың рубльмен бір ай бойы қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне еш кедергі жоқ. Реті келгенде айта кетейік, Соколова 2017 жылы 2 млн 296 мың рубль көлемінде жалақы алған. Бұл орта есеппен алғанда айына 190 мың рубльді құрайды.
Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев Соколованың пікірін қарапайым халыққа қатысты кемсітушілік деп қабылдайтынын жеткізді. «Өңірлік министрлік басшысының адамдар үшін маңызы бар тақырыптарға қатысты мұндай қарым-қатынас қалыптастыруына жол жоқ. Жауапкершілікті естен шығарғандар қатаң түрде жазаланатын болады», – деді губернатор. Өңірдегі бюджет ахуалы қазір мәз емес. Бірақ солай екен деп, мұншалықты шектен шығуға бола ма? Мемлекетке қарап отырған зейнеткерлерден қаржыны үнемдеу үшін осылай деу кәсібилікке жата ма? Дәл қазір Саратов халқы осы сауалдарға жауап іздеп әуре.
Айта кетейік, бүгінде Саратов облысындағы зейнеткерлерге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 7176 рубльді құрайды. Ал Соколованың қоғамда дүрбелең туғызған мәлімдемесі облыстық дума депутаты Николай Бондаренкомен сөз таластырып отырған уақытта айтылған болатын. Негізі, бұл отырыста депутаттар ең төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде қосымша 500 рубльге көтеру мәселесін талқылаған еді. Бірақ Соколова оны тек 288 рубльге көтеріп, 8278 рубль көлемінде бекітудің өзі жеткілікті деп санайтынын айтты.
Осы даудан кейін қызметтен босатылған Соколованың әлі де лауазымды қызмет атқыруға мүмкіндігі бар. «Общественное мнение» басылымының жазуынша, Наталья Соколова министрліктен қуылғанымен, Ресей мемлекеттік қызметінің кадрлық резервінде әлі де тұр. Оны ол тізімнен шығаруға да ешкім ниетті емес тәрізді. Басылым тілшілері жағдай біраз тұрақталып, бәрі ұмытылғаннан кейін Соколованың еш қиындықсыз жоғары лауазымды қызметке қайта оралуы әбден ықтимал екендігін жазып отыр.