Мемлекетті ұлт

Мемлекетті ұлт

Мемлекетті ұлт
ашық дереккөзі
694

Қазіргі уақытта басым түрде батыс мемлекеттерінде «тарих саясаты» немесе «тарихи жад саясаты» (мәселен, Германияда, Францияда) сияқты ұғымдар айналымға жиі тартылуда. Бұл еуропалық қоғамдардың кешегі өздерінің жүріп өткен жолына деген қатынасын, көңіл күйін анықтауға байланысты қалыптасқан жағдай.

Мұндай мазмұн және осы бағыттағы әрекет біздің елімізде де байқалады. Қоғамның өз тарихын жаңа сапада қорытуға деген сұранысын қолдаған Н.Ә Назарбаев 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялады, ал одан бұрынғы 1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болды.

Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай және басқа тарихи тұлғалардың есімдері оқулықтардан орын алды, Алаш зиялыларының артында қалған мұралары жарық көрді. Бұл іс мемлекеттің қолдауымен қазір де жүргізілуде.

Міне, осы аталған және басқа атқарылған көптеген істердің табиғи жалғасы ретінде мемлекет басшысының ұсынысы бойынша елімізде «Мәдени мұра» аталатын мемелекеттік бағдарлама іске асты. Оған шығармашылықтағы зиялылардың үлкен тобы жұмылдырылды.

Осы атқарылған жұмыстар арнасында Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты белгіленген шаралардың маңызы ерекше. Өйткені Қазақ хандығы геосаяси құрылым ретінде – ол біздің халқымыздың шынайы тарихы, сондай-ақ ол еліміздің өткен өмірі ғана емес, тарихи және табиғи сабақтастық жалғасы бар бүгінгі шындығы. Қазақ хандығын еске алу – бұл ұлттың тарихи жадын жаңғырту әрекеті ғана емес, сонымен бірге отарлық кезеңде жеңілген, бүктелген оның ұлттық болмысы мен санасын жаңа сапаға көтеру әрекеті. Қазақ хандығы туралы сөз – бұл Мағжан ақын айтқандай Алтын айға – Азаттыққа қол созып, бірақ жете алмаған Исатай мен Кенесары, Әлихан мен Ахмет, Тұрар мен Смағұлдың асыл арманын есте ұстап, іске асыруға ұмтылыс. Қазақ хандығы – ол біздің бүгінгі тәуелсіз мемлекеттігіміздің бастау көзі.

Мемлекеттігі жоқ ел – жетім ел (Ә.Н.Бөкейханов). Ол елдің мінезі, ділі жағымсыз өзгерістерге ұшырайды. Атамекен жері күтімсіз күй кешіп, азып-тозады. Өткен XX ғасырда жүріп өткен тарихымыз соған айғақ. Сондықтан да қазақ мемлекеттілігінің өмірге келген сәтін, атамекен жеріміздің ауқымын анықтап, елдігімізді сақтап, өркендету жолындағы қызметін қоғам, әсіресе жас ұрпақ санасына сіңірудің маңызы зор.

Отандық тарихнамада қазақ халқының мемлекет құру тәжірибесіне белгілі себептерге байланысты тиесілі дәрежеде көңіл аударылмай келді. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұжымы 2007 жылы «Қазақ мемлекеттігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең)» аталатын монографиялық зерттеу жариялады. Бұл еңбек еліміздегі мемлекеттілік тарихына арналған сәтті зерттеу ретінде аталуға әбден лайық.

Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «біздің халық үшін бас біріктірудің бастауы ұдайы мемлекеттік идеясы болып отырған», – деп көрсетіп, қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің үш кезеңін, яғни Ресей империясы құрамына енгенге дейінгі мемлекеттілік, формальды сипаттағы кеңес мемлекеттігін, сондай-ақ бүгінгі жаңа типтегі тәуелсіз Қазақстан Республикасын атайды. Соңғы кезеңге байланысты Елбасы «бәлкім, бұл біздің халқымыздың маңдайына жазылған ең соңғы тарихи мүмкіндік болар» деген тұжырымға келеді.

Яғни, Елбасының бұл берілген тұжырымнан Тәуелсіз Қазақстан Республикасын қазақ жерінде ерте кезеңдерден бері орын алған мемлекеттік құрылымдардың табиғи логикалық жалғасы ретінде қарастырып отырғандығын түсіну, әрине, қиынға түспейді.

Жинақы тұрғыдан қазақ жерінде ерте замандардан бергі уақытта орын алған мемлекеттік құрылымдарды мынадай сабақтастықта қарастыруға болар еді:

Қазақ жеріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдар (сақ бірлестігі (б.з.д. VIIғ. – б.з II ғ), үйсін және қаңлы мемлекеттік құрылымдары (б.з.д.ІІ ғ. – б.з. VІ ғ.).

Жалпытүркілік мемлекеттік құрылымдар (батыс түрік қағанатынан (603-659 ж.ж) Ақ Орда мемлекеттігіне (1370-1410 ж.ж) дейінгі

Қазақ хандығы (1465-1466 ж.ж – ХVІІІ ғ. 20-шы ж.ж)

Советтер Одағы құрамындағы Қазақ Республикасы (ХХ ғ.)

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы (1991 ж. бері )

Кестеде берілген мемлекеттілік құрылымдардың даму ерекшеліктері мен олардың өзара сабақтастығы мәселесіне мақала көлемінде арнайы тоқталу мүмкін емес. Дегенмен, мәселенің мынадай қырларына назар аудару қажет-ақ.

Біріншіден, бұл мемлекеттік құрылымдардың бәрі де бүгінгі қазақ мемлекетінің территориялық аумағында өмірге келді. Яғни олардың әрқайсысы осы өңірді шаруашылық тұрғыдан игеру және оны шеттен төнген қауіп-қатерден сақтауға өз үлестерін қосты. Олардың мемлекет құру және оны жетілдіру тәжірибесі бүгінгі қазақ елінің интеллектуалдық қорының негізін құрады.

Мемлекет қалыптастыру, сол арқылы өзінің саяси-экономикалық және рухани тәуелсіздігін, ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтап, нығайту ісінде біздің ата-бабаларымыз әрекетсіз болған емес, бұл мәселеде біреулерден, мүмкін, кем, ал енді біреулерден артық түсіп жатты. Қалай болғанда да қамсыз қалған жоқ.

Екіншіден, қоғамдық даму жолын таңдау, мәдени құндылықтарды қалыптастыру ісінде де халқымыз табыссыз болды деп айта алмаймыз.

751 жылы зул-хиджа (шілде) айында Тараз қаласына жақын орналасқан Атлах қалашығының маңында тарихқа «Атлах-Талас шайқасы» деген атпен енген тарихи оқиға болып өтті. Бұл жерде сол заманның екі алып империясының әскер күштері, яғни қытай және араб әскерлері қанды шайқасқа шығып, бақ сынасты.

Бұл соғыста жергілікті халық – түркештер мен қарлұқтардың қолдауына сүйенген арабтар жеңіске жетті.

Міне, осы тарихи беттесуде араб жағын қолдаған түркеш және қарлұқ қағандары тарихи тұрғыдан тура шешім қабылдаған еді. Біріншіден, үлкен қарқын ала бастаған қытай экспансиясының жолы кесілді. Сол арқылы, екіншіден, түрік халықтары өздерінің этникалық болмысын сақтап қалды. Үшіншіден, түрік халықтары Алланың хақ діні Исламмен қауышты.

Ислам дінін қабылдау түркі халықтарының мемлекеттік дамуына да жағымды әсері болды. Ислам дінін қабылдаған Қарахандар әулеті Орта Азия түркілерінің басқару салтын сақтай отырып, оны ислам институттарымен байыта түсті.

Қарахандар мемлекеті ортаазиялық түркілердің Ислам дінін қабылдаған алғашқы мемлекеті еді. Қарахандар мемлекетінде түркілер мәдениетін жалпыадамзаттық кеңістікке алып шыққан ғылыми және көркем шығармалар дүниеге келді. Түрік мәдениетінің жаңа сапаға көтерілуінің жинақы көрінісі түркі әдеби тілінің қалыптасуы болды.

Осы ретте әсіресе Ж.Баласағұн мен М.Қашқари еңбектерінің орнына ерекше тоқталған жөн. Бұл екі ғұлама барлық түрік халықтарына ортақ тарихи тұлғалар ретінде аталады және солай екендігі ешқандай да дау туғызбайды. Ж.Баласағұн болса біздің жерлесіміз. Ол Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туып өскен, «Құтты білік» аталатын ұлы еңбегін Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтап, Сатұқ Бура ханға тарту етеді.

Махмұд Қашқари түріктер Алланың басқа да сүйікті құлдарының санатында екендігін айтып, «Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды» деп көрсетіп, сондықтанда «мәңгілік жәдігерлік, таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып», «Түрік тілдерінің диуаны» кітабын жазғанын баяндайды.

Түркі халықтары құрған мемлекетті іргелі де тұрақты шындыққа айналдыру, ал оның халқын шынайы бақытқа жеткізу жолдарын іздестіру Ж.Баласағұн шығармасының өзекті жібі. Ойшылдың пікірінше, билікке ізгі басшы отырғанда ғана қоғамда береке-бірлік болмақ. Мемлекет басшысы Күнтуды Елік хан сарайына келген ақыл иесі Айтолдының елді дұрыс басқаруға байланысты тұжырым-пікірлерін естіген соң:

Сендей жанды аңсап, іздеп жүр едім,

Тәңір берді, қабыл болды тілегім, – деген тұжырымға келді.

Әділ заңға сүйенген иманды қоғам құру жолдарын іздеген бұл ұлы шығарманы оның авторы қазақ жерінде салтанат құрған Қарахан мемлекетінің орталықтарының бірі Баласұғын қаласында жазғандығын, ал мұндай еңбектің син-хронды тұрғыдан алғанда XI ғасырдағы Еуропа мен Ресейде жазыла қоймағандығын ескерсек, қазақ елінде мемлекет құру идеясы мен тәжірибесі өріс алмаған деген сөздің ұшқары айтылған пікір екендігін жеңіл аңғаруға болады.

 Қоғамда ұлттық мемлекеттіліктің бастау алатын мезгіліне байланысты пікірлер қайшылығы бар екендігі байқалады. Мәселен, бұл ретте оны сақ және ғұн (б.з.д. мыңжылдық) сияқты соңында терең із қалдырған мемлекеттік құрылымдардан бастауды жөн санайтындар бар. Олар, әрине, біздің ұлттық тіліміз бен мәдениетіміздің де түп-тамырын осы қоғамдық бірлестіктерден іздеуге шақырады.

Келесі ұстанымдағылар ұлттық мемлекеттіліктің тарихын ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығынан бастағанды жөн санайды. Қазақ мәдениеті мен тілінің тарихын осы мезгілден бергі уақытпен шектеуді орынды көреді.

Түптеп келгенде бұл екі ұстанымның арасында соншалықты терең қайшылық та жоқ. Өйткені ешнәрсе ғайыптан пайда болмайды. Алтын Орда аталған алып империялық құрылым ыдыраған соң өмірге келген қазақ ұлты мен оның мемлекеттігі соған дейінгі қазақ жерінде тынымсыз жүріп жатқан әлеуметтік-саяси процестердің жиынтығы және логикалық жалғасы еді. Яғни, ХІV-XV ғасырларға дейінгі тарихымызды жалпытүркілік кезең, ал XV ғасырдан кейінгі тарихи кезеңді мемлекетті ұлт кезеңі ретінде қарастыру орынды болмақ.

Мұндай тұжырымға Әбілхайыр хан билеген Өзбек ұлысынан Керей мен Жәнібек сұлтандар бастап бөліне көшкен елдің Жетісудағы Қозыбасы биігінде шаңырағын көтеріп, туын тіккен мемлекеттік-құрылымға қазақ деген өз атын беруі жеткілікті негіз бола алады.

XV ғасырда құрылған Қазақ хандығы өзіне дейінгі қазақ жерінде көрініс тапқан саяси бірлестіктер мен мемлекеттік құрылымдардың қызметін одан әрі жалғастырды. 1509-1521 ж.ж. аралығында билік құрған Қасым хан тұсында Қазақ мемлекетінің этносаяси аумағы толығымен қалыптасып, қазақ халқы ұлт ретінде бір мемлекет шаңырағы астына бірікті.

Сонымен хиджраның 870 жылы, яғни 1465-1466 жыл қазақ хандығының құрылған мезгілі ретінде қабылданған. Ал оның шаңырақ көтерген жері Жетісудың батыс бөлігі, яғни қазақ халқының құрамына енген тайпалық одақтардың дәстүрлі атамекені.

Қазақ тарихында белгілі бір ру-тайпаның қоғамның басқа бөлігінен түрлі себептерге байланысты бөліне көшуі түрлі кезеңдерде болып тұрған. Ал бұл жолғы Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған біраз жұрттың Өзбек ұлысынан жарыла көшуі, әрине, биліктегі Шыңғыс ұрпағы арасындағы кезекті билік үшін таласынан анағұрлым кең ауқым алғандығын аңғартса керек.

Сондай-ақ деректік материалдар Өзбек ұлысынан біраз жұрттың жаңа пайда болған хандыққа бет бұрып жарыла көшуі бір емес, бірнеше мәрте қайталанғандығын білдіреді. Демек, екі сұлтанның Әбілхайыр ұлысынан бөліне көшуіне себепші болған жағдай халықтың қалың арасындағы ықпалды топтардың ішінде саналы әрі мақсатты түрде мемлекеттік құрылымға бағытталған әрекеттің орын алғандығы болса керек. Өкінішке қарай, хандар мен сұлтандардың қызметін қырағы бақылап отырған ортағасырлық деректер қара халықтың арасынан шыққан белсенді әрекеттерге көп жағдайда самарқаулық танытқан. Сондықтан да тарихи маңызы бар істерге келгенде көп жағдайда қара халық үнсіз тобырдың орнында жүреді. Ендеше халықтың билеуші топтарының кезінде Жетісуға келіп, хандық құрған (XІV ғ. соңы) Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керейге мемлекеттік құру ісін мойындарына алып, тарихшы Қадырғали би Қосымұлы айтқандай, «атасының ұлысын билеу» жөнінде ұсыныс жасауы әбден мүмкін еді және солай болды да.

Алғашқы қазақ хандарын (Керей мен Жәнібек) қоршаған орта, олардың сол ортамен ара қатынасы, ортаның жеке тарихи тұлғалары туралы зерттеу еңбектерінде тұшымды нәрсе жоқ десе де болады. Мұндай жағдайға, мүмкін, таң қалудың қажеті де бола қоймас. Өйткені алғашқы қазақ хандары жөнінде бізге жеткен жазба дерек көздерінде олардың төңірегі, жеке тарихи тұлғалар жөнінде ештеңе айтылмайды. Ал тек жазба құжат түрінде жеткен фактілік материалдарды ғана мойындайтын дәстүрлі тарихнама ол жөнінде мәселе қозғап, ойланып та жатпады.

Осы арнада қалыптасқан тарихнама қазақ хандығы кезеңінен бері халық жадында сақталып, ХІХ-ХХ ғасырларда ғана қағаз жүзіне түскен фактілік материалдарға жоғарыдан менсінбей қарап, оларды қалың тобырға тиесілі сенімсіз аңыз-әңгімелер қатарына жатқызды. Ғылым жүзінде оларды зерттеуге алып, ғылыми айналымға тарту ісін әдебиетшілердің үлесіне қалдырды. Тек кейінгі кезеңде ғана мұндай көзқарастың іргесі сөгіле бастағаны байқалады. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзінің» бірнеше томы тарихи әңгімелерге, жырларға, қазақ хандығы тұсындағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы аңыздарға берілді. Қазіргі уақытта әлеуметтік ғылым салалары алдында осыншама ауқымды мұраны ыждағаттықпен игеру міндеті тұр. Ал тарихнама ғылымына шынайы халық тарихын жазу мүмкіндігі кеңейе түсті деп айтуға негіз бар.

Міне, осы дерек көзідеріне сүйене отырып, қазақ хандары сарайына жақын жеке тұлғалар болғанын, олардың қатарында, мәселен, Асан қайғы Сәбитұлы, Жиренше шешен сияқты өз ортасына танымал адамдардың болғанын байқауға болады.

 Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы халықтардың әрқайсысы өз бетінше ел, мемлекет болу қамына көшкен ауыр тарихи кезеңде қалың қазақтың арасынан шығып, «не болады?» деген астарлы сұрауды ел алдына алғаш тастаған осы Асан ата еді дейді М.Әуезов. «Содан кейінгі заманда шыққан – деп жазды ол, – жақсының барлығы да сол сұрақты мың қайтарып айтқан, бірақ ешбірі жауап беріп алмай, шешу айта алмаған...». (М.Әуезов жиырма томдық шығармалар жинағы. 16 т., А., 1985, 182-183 б.б.)

Асан қайғы мен Жиренше шешен есімдері алғашқы қазақ хандары төңірегіндегі ел қамын ойлаған кемеңгер билер мен шешендердің халық жадында сақталып, бізге жеткендері ғана, ал олар аз болмаған.

Ал осы халық жадындағы аңыз-әңгімелердегі Жәнібек хан Ж.Баласағұн айтқандай ізгілікті басшы. Төңірегіне әділдік, тазалық жолындағы адамдарды жинайды. Қарапайым халыққа жақын. Асан қайғы, Жиренше шешен сияқты кемеңгер тұлғалар оның кеңесшілері. Осы ретте халық жадындағы Жәнібек хан бейнесі шындыққа жанасады ма? деген сауал туындайды. Біздің пікірімізше, ия ол шынайылықтан алыс емес. Өйткені халық жаратпаса оның есіміне «әз» деген жұрнақты қосып «әз Жәнібек » атамас еді. Сондай-ақ Жәнібек хандай әкенің тәрбиесін алмаса Қасым хандай оның мұрагері болар ма еді?

Ал, қара халықтың билеуші топтарының Жәнібек пен Керей сұлтандарға мемлекет құрып, ел болу туралы ұсыныс айтуына түрткі боларлық себептер аз еместін. Солардың негізгісі, әрине, қазақ жеріне, соның ішінде әсіресе Жетісу мен Шу өңіріне сырттан төнген қауіп еді.

Бұл ретте ең алдымен қазақ елінің шығыс жағындағы көршісі жоңғарлық ойраттар жеріндегі тарихи өзгерістерді еске алуға тура келеді. XV ғ. ортасына қарай барлық ойрат (қалмақ) елін бір мемлекетке біріктірген Тоған тайшаның ұлы Есен тайша бүкіл батыс және шығыс моңғолдардың билеушісі дәрежесін иемденген еді. Оның Мин империясына жасаған бір жорығы тіптен император Чжу Цичжэнді тұтқындаумен аяқталады. Қытайдан алым-салық алып тұрудан қанаттанған Есен тайшаның назары енді Моғолстан мен Жетісу жаққа қарай ойысып, бұл жақ беттегі көршілерінің көңілінде үлкен алаңдаушылық туғыза бастайды.

1452 ж. Есен тайшаның қолдары Моғолстанға басып кіріп, сонан соң Жетісуға еніп, одан ары оңтүстікке бет алып, Сыр бойы өңірін, Түркістан, Ташкент, Отырар сияқты орталықтарды тонап, Сығанаққа жақын Көккесене атты жерде Әбілхайыр ханның әскерімен кездесіп, оны талқандап жеңеді. Қалмақтардың бұл жорығы 1455 жылы, яғни Есен тайшы өлгеннен кейін аяқталады.

Қуатты қалмақ мемлекетінің өмірге келуі бұл кездегі Моғолстан билеушісі Исабұғы (Иса Бұға) ханды да, Алаш жұрты мен оның билеушілерін де терең ойға батырғандығы анық. Сондықтан да Исабұғы ханның Қазақ бірлестігіне қолдау танытып, Жетісудағы Қозыбасыда жаңа хандықтың шаңырағын көтеруге ықылас білдіруін қалмақтар тарапынан төнген қауіпке тосқауыл қою қажеттілігінен туған шара есебінде қарауға негіз аз емес-тін.

Сонымен бірге, Жәнібек пен Керей сұлтандардың Жетісуға келіп орын тебуін сол тарихи кезеңдегі халық санасындағы билік туралы ұғым-түсініктерден де бөліп қарауға болмас. Қарапайым халық күнделікті өміріндегі жағымды өзгерістерді, бетпе-бет келген қоғамдық мәселелердің дұрыс шешімін табуын ақылды да жігерлі тұлғалардың билікке келуімен байланыстырды.

Халық санасында берік орныққан бұл пікір жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати: «Алла тағала әлемді жаратты және жаһанда тәртіп орнату үшін соған лайық биік тұлғалы патшалардың дәнекер болуын жөн көрді. Сонда ғана адамзат зұлым-зорлықтан аман-есен болып, тіршілігін жасар болар деген. Бұл құдайдың хикметі» – деп жазды. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтауға негізделген қазақ мемлекеті тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі болған заңдар ережесі қабылданды. Қазақ Мемлекеттігі туралы мәлімет Еуропа елдеріне де жете бастады.

Ал Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» –бұл орталық хандық билік тарапынан ел өміріне заңдық негіз беріп, сол арқылы саяси тұтастықты сақтау және күшейте түсу әрекеті болатын. Сондай-ақ бұл ұлт санасында мемлекеттік бірегейлік ұғымын орнықтыру әрекеті де еді.

Орыс тарихшысы Левшин Орыс патшалығының қазақ жеріне аяқ басар қарсаңында Қазақ хандығында мемлекеттіліктің барлық атрибуттарының болғандығын көрсетіп жазды. Хан – мемлекет басы, ал оның жанында тұрақты билер кеңесі ел өміріне байланысты шешімдер қабылдап отырды.

Тәуке хан тұсында билер институтының белсенділігі мен беделі артып, күнделікті құқықты және басқа өткінші істерді жүргізуде маңызды рөл атқарды. Хан сарайы жанында қарулы топ – төлеңгіттер ұстады. Төлеңгіттер түрлі міндеттер атқарды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, халықтан алым-салық жинау болды. «Жеті жарғы» бойынша салықтың көлемі сұлтандардан басқа барлық қару асынатындар хан мен ел билеушілеріне жыл сайын мүлкінің 20-дан бір бөлігін салық ретінде төлеуге тиісті болды. Хандықтың астанасы және елдің рухани орталығы Түркістан қаласы. Аса маңызды жалпыұлттық мәселелер, соның ішінде басқа елдермен қатынас сипатын анықтау орталық хандық билікке жүктелді.        Сонымен бірге, Қазақ хандығы аталған бұл мемлекеттік билікті біз асыра дәріптеуден алыспыз, бұл мемлекеттік жүйенің әлсіз жақтары да бар еді. Көшпелі мал шаруашылығына сүйенген экономиканың әлсіздігі, қуатты мемлекеттік басқару аппаратының жоқтығы, сондай-ақ бұларға территориялық алшақтық қосылып, феодалдық бытыраңқылыққа жол ашты.

Тәуке хан өмірден қайтқан соң бытыраңқылыққа ұшыраған қазақ қоғамы 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығына қарсылық көрсете алмады.

XVIII ғасырдың басында Ресей қазақ жеріне көз сала бастағанда қазақ қоғамы саяси және экономикалық тұрғыдан әлсіреген, бытыраңқы жағдайда еді. Бұл жағдайды танып білген Ресей әкімшілігі біріншіден, қазақ қоғамындағы хандық билікті біртіндеп әлсірету, сонан соң, екіншіден, мемлекеттіліктің барлық көрінісін біржола жою саясатын жүргізді.

XIX ғасырдағы бүкіл қазақ қоғамын құшағына алған көтерілістер (И.Тайманұлы, Ж.Тіленшіұлы, Ж.Нұрмұхамедұлы, К.Қасымұлы бастаған және басқа) Ресей әкімшілігінің қазақ қоғамының ішкі өміріне араласып, өз тәртібін орнату әрекетіне көрсетілген қарсылық, сондай-ақ қалыптасқан жағдайға байланысты қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекеті болатын.

Ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту, яғни мемлекеттік дербестікті қалпына келтіру әрекеті XX ғасырда, 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында және одан кейінгі уақытта да жүрді.

1917 жылы қазақ зиялылары империяда қалыптасқан саяси жағдайды пайдаланып, ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру жолына түсті. Осы жылғы мамыр айынан бастап барлық қазақ облыстарында, уездерінде және кейбір болыстықтарда Қазақ комитеттері құрылып, олар империялық билік алдында қазақ мүддесін қорғау ісін қолға алды.

Осы жылдың шілде айында болып өткен І жалпықазақ съезі ұлттық-демократиялық ұстанымдағы Алаш партиясын құру туралы шешім қабылдады. Жылдың аяғында өткен ІІ жалпықазақ съезі Алашорда үкіметін сайлап, Алаш автономиясын жариялау туралы шешім қабылдады. Осы жасалған әрекеттің дерлік бәрі де негізгі мақсат Қазақ мемлекеттігін жаңғырту әрекеті болатын.

Тек мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта қазақ халқы еркін даму, сондай-ақ дағдарысқа ұшыраған ұлттық бірегейлігін жаңғырту мүмкіндігіне ие болды. Ал ұлттық бірегейлікті жаңғырту және сақтау ұлттық мемлекеттіксіз мүмкін емес. Мемлекеттілік арқылы ғана біз өзіміз қалағандай бағытта және мазмұнда өзгере аламыз. Сондықтан да бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау және оны нығайта түсуге бар ерік-жігерімізді жұмсаудан асқан зор міндет жоқ.

Мәмбет Қойгелдиев, профессор

Серіктес жаңалықтары