Цифрландыру – экономиканың ашықтығын айқындайтын тетік

Цифрландыру – экономиканың ашықтығын айқындайтын тетік

Цифрландыру – экономиканың ашықтығын айқындайтын тетік
ашық дереккөзі
928
Бүгінгі күні елімізде барлық саланы цифрландыру жұмыстары қолға алынуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында осы мәселеге назар аудара отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз етуді тапсырған. Елбасы Жолдауында: «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді», – деп атап өткен еді. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды цифрландыру жұмыстары қолға алынуда. Аталған мәселенің Алматы шаһары үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Өйткені Алматы – кәсіпкерлердің қаласы, бизнес өкілдерінің басым бөлігі осы шаһарда шоғырланған. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Алматыда мемлекеттік органдар мен қаланың бизнес-қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен жыл сайынғы конференцияда қала әкімі Бауыржан Байбек: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда жеке бастамаларды ынталандыруға және бизнес-ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі күні мегаполис жеке бизнес пен шикізатсыз экономика капиталының қаласы ретінде қалыптасуда, мұнда шағын және орта бизнестің 170 мыңнан астам субъектісі бар, бұлар 10 алматылықтың 7-еуін жұмыспен қамтамасыз етуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге біз бизнес жүргізудің жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды жүзеге асырудамыз, несие ресурстарының қолжетімділігі және әкімшіліктік кедергілердің азаюы басты бағыт болуда», – деген болатын. Бүгінгі күні Алматыда шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Биыл олардың қатары 13 мыңға көбейген. Бизнесмендерге қолдау көрсету мақсатында қалада көптеген мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Былтырдың өзінде шағын несиелеу үшін 3 миллиард теңге бөлінді. Аталған саланы жетілдіру үшін Президент өзінің үндеуіндегі төртінші бағытты шағын несиелеуге арнады. Алматыда шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген азаматтар саны 576 мыңнан асады. Өткен жылғы 3 тоқсанда шығарылған өнімдер 14 пайызға ұлғайып, 3,7 триллион теңгені құраған. Қалада кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 2 мемлекеттік, 4 аймақтық бағдарлама іске асырылуда. Алматыда инвестициялық ахуалдың тартымдылығын арттыру үшін құрылыс салу мен коммуналдық желілерге қосылу процесстері электронды форматқа көшірілген. almaty.genplan.kz интерактивті картада қызыл жиектер, инженерлік желілер, электр энергиясы мен судың бос қуаттары ашық жарияланған. Бизнес өкілдеріне қаланың жеке жоспары мен дамудың бас жоспары, алынған және бос жатқан жер учаскелері көрсетілген жер-кадастрлық карта да қолжетімді болуда. Өткен жылы электронды форматта көрсетілген мемлекеттік қызмет саны 8 есе өсті. Биылғы жылы «paper-free» қағидасы бойынша әкімдіктің көрсететін 10 актуалды қызметі электронды форматқа көшірілген. Бұлардан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында, ақылды жариялауда және Big dataны қалыптастыруда жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған. «Open Almaty» алаңының «бір терезе» форматында техникалық жағдайларды жасау қызметін ұсыну жобаланған. Шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық платформаның мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарымен қызмет көрсету арқылы және «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін қосымшалардың көмегімен отандық шағын және орта бизнестің кәсіпкерлік қабілеті мен өнімділігін арттыру. Бұл шағын және орта бизнесті цифрландыру процесін әлдеқайда жеделдетеді әрі жеңілдетеді. Платформаның міндеті – шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру, шағын және орта бизнес өнімдерінің нарыққа шығу уақытын қысқарту, шағын және орта бизнес өнімдерін сату мен өткізу құралдарын беру, шағын және орта бизнес қызметін жетілдіру үшін құралдар беру, өнім сұранысының маркетингтік талдауын жасау, шағын және орта бизнес үшін мамандарды таңдау мен дамыту құралдарын беру. Платформада барлық телекоммуникациялық және есептеу негізі қосылады, сондай-ақ, бизнестің әр түріне қажетті электронды сервис жиынтығы кіргізіледі. Сонымен қатар, бүгінге дейін Алматыны дамыту Орталығының базасында цифрландыру офисі құрылған. Айта кетерлігі, қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде мегаполис бекітілген жобалар саны бойынша бірінші орынға шықты. «Өнімді еңбекпен қамтуды дамыту және бұқаралық кәсіпкерлік» бағдарламасы қолға алынған, ол жұмыссыздар мен өз бетінше еңбектенушілерді жылына 6 пайызбен несие беру жолымен кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Бағдарлама басталғалы бері құны 1,4 млрд теңге болатын 90 жоба қаржыландырылды. Қазір де Алматы қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген іс-шара атқарылуда. Соның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының да маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – цифрлы технологияның көмегімен азаматтарға жылдам қызмет көрсету. Бұл бағытта мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес-процестерді «бір өтініш» принципіне көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Алмалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығындағы жаңа әдістерді айтуға болады. Бір реттік SMS құпия сөзін пайдалану арқылы немесе жеке куәлікпен электронды қызметтерді алуға арналған 37 орындық цифрлық қызметтер секторымен, 4 қоғамдық қол жеткізу пунктімен жабдықталған. Тұрғындардың мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бейнебайланыс арқылы өтініш беруіне, онлайн бейнекеңестер алуына да мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар электронды қызметті өз бетінше пайдаланғысы келетін азаматтарды үйретуге арналған арнайы сынып жабдықталған. Қазіргі кезде Алматы экономикасының 80 пайыздан астамын сауда мен қызмет көрсету саласы қамтиды. Осы орайда көлеңкелі айналымды 40 пайызға қысқарту міндеттелген. Жолдауды жүзеге асыруға байланысты Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару бағытында жүйелі әрі тұрақты шараларды жүзеге асырып, базарларды жаңғырту бағытында жұмыс істеп келеді. Соңғы 3 жылда сауда саласын дамытуға 240 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Қала басшысының айтуынша, цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз етудің, кәсіпкерлікте және бизнестегі кедергілерді жоюдың ең ұтымды жолы. Қазіргі кезде Алматыда «Smart Almaty» бойынша 40-тан астам жоба жүзеге асуда. Ситуациялық орталық пен BigData жұмысы жолға қойылған. «Оңай» және «А-паркингтің» төлемді жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде 9 ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға артып, 1,3 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шығындарына жұмсалатын қаржыны арттырып отыр. Қала бюджетіне 8 ай ішінде өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға салық көп жиналған, шағын және орта бизнестен 6 пайызға артық салық түсіп отыр. Бүгінде елімізде қолға алынған «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын реинжиниринг жасау мен автоматтандыру, сондай-ақ осы қызмет түрлерін бір терезе қағидатына негізделген Atameken Services жүйесіне енгізу жұмысы атқарылып жатқанын атап өтті. Нәтижесінде, бизнеске қызмет көрсету мерзімі 50 күннен 1-3 күнге қысқарады әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек. Жалпы, бизнесті цифрландыру форматына ауыстыру көлеңкелі кәсіпті жоюға септеседі. Ақпарға сүйенсек, кәсіптің 38 пайызы көлеңкелі жұмыс істеп келеді. Цифрлық жүйеге көшу заңсыз жұмысқа тыйым салмақ. 2022 жылға дейін электрондық сауда жүйесіне 200 мың бизнес өкілін қосу жоспарланған. Ал келер жылы еліміз бойынша бизнесті қолдауды автоматтандыру жұмыстары толыққанды жүзеге асырылады. Бұл міндетті атқаруға Алматы қаласы да толықтай әзір деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.   «Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары