Кәсіптен нәсіп тапқандар

Кәсіптен нәсіп тапқандар

Кәсіптен нәсіп тапқандар
ашық дереккөзі
348
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл бастаманың кәсіппен айналысамын деген қазақстандықтарға үлкен қолдау екені сөзсіз.  Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы елімізде 2010 жылы  іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларында өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, тұрақты жұмыс орындарын сақтау және жаңаларын құру. 10 жылға жоспарланған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы енді Елбасының тікелей тапсырмасымен тағы 5 жылға ұзартылды. 2010 жылдан бері бастау алған бұл бағдарламаның арқасында 225 миллиард теңгені құрайтын жобаларды субсидиялау қарастырылған. Енді алдағы 3 жылға тағы да миллиардтаған сома бөлінбек. Үстіміздегі жылдың тамыз айында аталмыш бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Дегенмен мемлекеттік бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдары сақталғанын атап өтті, оның ішінде: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, оқыту және бизнеске консультациялық қызметтер көрсету. Мемлекеттік бағдарламаның жаңалығы – жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралын енгізу. Бұл шара банктік және қор нарықтарының дамуы үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тағы бір жаңашылдық – кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру және оңтайландыру. Бұл жұмыс бизнеске арналған Бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шараларын «бір­ыңғай терезе» қағидаты бойынша электрондық форматта ұсынуды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілуде. Сонымен қатар, енгізілген өзгерістерге сай, шешімдер қабылдау процесінен бірқатар кезеңдер алынып тасталды, бұл кәсіпкерлерге осы қызметтерді ұсыну мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қазаннан бастап, субсидиялар мен кепілдіктер бойынша шешім қабылдау мерзімі 25 күннен 5 күнге дейін қысқартылатын болады. Гранттар беру және жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралдары бойынша өтінімдер де ақпараттық жүйе арқылы қабылданатын болады. Автоматтандыруды есепке ала отырып, гранттар бойынша шешім қабылдау мерзімдері осы айдың соңына дейін 48 күннен 16 күнге дейін қысқаратын болады, 2019 жылы бұл процесс 3 күнді құрайды. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша шағын және орта бизнес субъектісінің өтінімін қарау және хаттама жазу мерзімі 27 күннен 4 күнге дейін қысқартылды. Пайдаланылатын қаражаттың тиiм­дi­лiгiн арттыру мақсатында, Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары тиімді кәсіпорындарға қайта бағдарланды. Мәселен, моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде қаржылай қолдау алуға мемлекеттік қолдау алынған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін салық төлеуді, өнім өндіруді және жұмыс орындары санын 10 пайызға ұлғайтуды қамтамасыз етуге қабілетті кәсіпкерлердің жобалары жіберіледі. Экономиканың басым салаларында және индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы салаларында қолдау көрсету қолдауды алғанға дейін салық төлемдерін, өнім өндіруді 20 пайызға ұлғайту түрінде тиімді өндірістік қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің жобалары бойынша жүзеге асырылады. Қаржылай емес қызметтерді цифр­­ландыру үшін барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын құру көзделген. Олар консультациялық қызметтерді, оқытуды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің және кәсіпкерлік бастамасы бар халықтың салық және статистикалық есептерді тапсыруды онлайн режимде ұсынуды қамтамасыз етеді. Оқыту жобалары бойынша онлайн режимде, сондай-ақ, өз бетімен оқу қарастырылған. Онлайн режимде қызметтерді ұсыну кәсіпкерге алынған консультацияларды жеке кабинетінде қарауға, шағымдар мен өтініштер беру арқылы ұсынылған қызметтің сапасын бағалауға және ең бастысы, осы қызметтерді алуға, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Автоматтандыруды есепке ала отырып, қаржылай емес қызметтерді өнеркәсіптік қолданысқа енгізу биылғы қазан айына жоспарланған. Биыл шағын және орта бизнес субъектілеріне екінші деңгейлі банктер несиелері бойынша шамамен 2200 субсидия мен кепілдік ұсыну, 6,6 миллиард теңгеден астам сомаға шағын және орта бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз ету және 20 мыңнан астам адамды қаржылай емес қолдау шараларымен қамту көзделген. Айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты бойынша оператор қызметін атқарады. Төрт жылда 200-ден астам жаңадан бастаушы және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер қызмет түрлерін алды. Атап айтқанда, 7600 жаңа кәсіпорын ашылды, 11 мыңға жуық жоба іске қосылды. Осы жылдың алты айында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Бұл аталған бағдарламаның кәсіпкерлер үшін аса маңыздылығы мен оның әлеуетінің дәлелі. Бағдарлама аясында палата кәсіпкерлерге 8 бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Олардың негізгілері – бизнес-жоспар дайындау, маркетинг, салық және құқық салаларында көмек көрсету.  Бизнеске 61 тегін қызмет көрсетіледі. Аудан орталықтары мен моноқалаларда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 189 пункт жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жыл сайын бюджеттен шағын және орта кәсіп иелерін қолдауға 30 миллиард теңге бөлінеді. Алдағы үш жылда 4 мың жоба іске қосылады. Сәйкесінше, жаңадан 22 мың жұмыс орны ашылып, олар 3 триллион теңгенің өнімін шығаруы тиіс. Салықтан үш жылда қазынаға 224 миллиард теңге қаржы түседі. Жалпы, бағдарлама шеңберінде 19 мың жоба жүзеге асып, 90 мың жұмыс орны пайдалануға берілді. Елдегі кәсіп иелеріне қаржылай қолдаудың арқасында алдағы алты жылда жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады. Бір ғана Астананың өзінде бағдарлама аясында бүгінге дейін жалпы құны 150 миллиард теңгені құрайтын 709 жоба іске асыпты. Өндірілген өнім көлемі 800 миллиард теңгеге жетіп, бюджетке 46 миллиард теңге түскен. Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап үш бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 2,2 триллион теңгеге 11 904 жоба субсидияланды, екі бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 155 миллиард теңгеге 4302 жоба кепілдендірілді. 4,6 миллиард теңге сомасына 1940 жобаға мемлекеттік гранттар ұсынылды, 123 миллиард теңгеге 810 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жеткізілген. Ал Ақтөбе облысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылғалы 1500 кәсіпкерге 24 миллиард теңгеге қаржылай қолдау көрсетілген. Шағын және орта бизнес саласында 7 жыл ішінде 9 мың жұмыс орны ашылған. Тек былтырдың өзінде бұл бағдарлама аясында 400-ге жуық жоба қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктердің салаға бөлген несие көлемі 58 пайызға артқан. 2015 жылдан бастап, өңірде дәстүрлі емес шаруашылықты дамытуға ден қойылды. 21 шаруа қожалығы асылтұқымды ешкі басын көбейтсе, 15 омарташы бал дайындайды. Қаз-үйрек пен күркетауық өсіретін 80 шаруашылық бар. Тек Қобда ауданының өзінде соңғы үш жылда 200 миллион теңге қаражат игерілген. Қомақты қаржы ауданда құс фермасы, тігін цехы мен жылыжай, ет өңдеу орындары сияқты жаңа кәсіп көздерін ашуға мүмкіндік берді. Қобда ауданының орталығында орналасқан бұл шағын цехта күніне 50 келі ет өнімдері шығады. Жартылай даярланған азық-түліктің дәмін әзірге тек жергілікті тұрғындар татып көрген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында бұл серіктестікке 21 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Мемлекеттің қолдауын сезген қобдалық жас кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілік те жоғары екенін біледі. Қобда ауданында қазірде 600-ден астам бизнес нысаны бар. Аудан орталығы Ақтөбені Батыс Қазақстан облысы одан әрі Ресеймен байланыстырар тас жолы бойында. Мұны ескерген жергілікті тұрғындар қонақүй мен асхана құрылысына да мемлекеттен несие рәсімдеуде. Айта кету керек, келер жылдан бастап «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа бөлінер қаржы екі жарым миллиардқа артып, 3 миллиард 700 миллион теңгені құрайды. Шамамен 500-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері нақты қолдауға қол жеткізеді. Жамбыл облысында биыл «Банк несиелеріне кепілдіктер беру»  бағыты бойынша құны 3 миллиард 362 миллион 300 мың теңгені құрайтын  284 келісімшарт жасалды. 262 жобаға субсидия түрінде қолдау көрсетілді, 22-сіне кепілдік берілді. Қазір республикалық рейтингте өңір үшінші орында тұр. 50 кәсіпкерге 140 миллион көлемінде мемлкеттік грант бөлінді. Индустриялық  инфрақұрылымды қамтамасыз ету шеңберінде 83 жоба мақұлданып, оларды іске асыру қолға алынуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі секторларында жүзеге асырылған жобаларға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Мойынқұм ауданында бүгінгі таңда бизнестің жол картасы бойынша құрылған екі наубайхана бар. Ал Ертіс өңірінде биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 миллиард 896,3 миллион теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 1 миллиард 807,3 миллион теңге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, 46 миллион теңге несие бойынша кепілдік ұсыну және 43 миллион теңге гранттық қаржыландыруға бағытталған. «Бизнестің жол картасы» қабылданған 2010 жылдан бері Қызылорда облысында жалпы құны 55,73 миллиард теңгені құрайтын 1332 жоба мақұлданған. Оның ішінде осы жылдың өзінде жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын 335 жоба қаржыландырылып отыр. Бағдарлама қабылданған 8 жылдың ішінде 9081 жұмыс орны сақталып, жаңадан 4446 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнан өзге, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жұмыссыздардың, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға биылдың өзінде жалпы сомасы 200 миллион теңгені құрайтын 224 мемлекеттік грант бөлінген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шарапатын көргендердің қатарында алматылық кәсіпкерлер де бар. Енді алматылық іскерлер үшін тағы да 20 миллиард теңге қарастырылмақ. Бұл сомма «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында үлестіріледі. Бағдарламаның арқасында жұмысын ілгерілеткен компанияның бірі Қазақстан нарығында 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 500 түрлі тауар түрін шығаратын кәсіпорын күніне кем дегенде, 7 тонна кисель, одан бөлек, сан түрлі дәмдеуіштер мен қара бұрыш, шай және жаңғақтан жасалған тәттілерді даярлайды. Тәулігіне бас-аяғы, 12 тонна өнім шығарады. Қанттан басқа барлық шикізатты шетелден әкелетін зауыттың өнімдері отандық нарықтан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғыз еліне экспортқа жіберіледі. Шикізатты сырттан доллармен сатып алғандарына қарамастан, тауарлардың бағасы өзге елдің өнімінен 30 пайызға арзан. 11 жыл бойы нысанды жалға алып, жұмыс істеп келген кәсіпорын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы субсидияға қол жеткізген. Соның арқасында зауыт ғимаратын толықтай сатып алған. Ал айналымдағы ақшаны өндіріс қуаттылығын 40 пайызға көтеруге жұмсапты. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша 7 пайыздық субсидияға іліккендердің 17 пайызы көлік және логистика, 8 пайызы білім, 6 пайызы денсаулық сақтау салаларына тиесілі. «Бизнестің жол картасы» арқылы берілетін ең жоғары шекті қаражат көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Іскерлердің ісін қолдау арқылы Алматыда осы бағдарлама аясында 3 жылда 3 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Бизнеске қолдау беретін мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, тиімді тетіктерін кәсібінің дамуына пайдаланып, кәсіп көзін ашқан жандар аз емес. Мұның бәрі елімізде шағын және орта бизнестің аясын кеңейтіп, жаппай кәсіпкерліктің қанат жаюына жол ашатыны сөзсіз.   «Біз 2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске қостық. Аймақтарды аралаған кезде бұл бағдарламаның нақты нәтиже беріп жатқанына көз жеткіздім. Осыған сәйкес, бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту қажет. Бұл үшін 30 млрд теңге қосымша қаржы қарастырылуға тиіс». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары