528
Аурухананың инфрақұрылымы кеңейе түсті
Аурухананың инфрақұрылымы кеңейе түсті
Соңғы жылдары қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде цифрландыру жүйесі енгізілуде. Бұл процесс сөз жоқ денсаулық сақтау саласын да айналып өткен жоқ. Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы «қағазсыз аурухана» жобасы енгізілді. Бір айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласына цифрлық жүйе енгізу керек деген әңгіменің қозғалып, алғашқы жобалары жасала бастағанына да биыл 25 жыл болыпты. Бұл жүйе қазір өңірдегі медициналық мекемелерге де келіп жетті.
«Сайрам аудандық орталық ауруханасы» Түркістан облысындағы мемлекеттік комуналдық кәсіпорындар арасындағы ең ірілерінің бірі саналады. Мұнда сегіз бөлімнен басқа аудандық перзентхана үйі, «Қайнарбұлақ» және «Қарамұрт» ауылдық ауруханалары жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына 1391 медицина қызметкері, олардың ішінде 309 дәрігер, 1091 орта буындағы қызметкерлер дәрігерлік қызмет көрсету үстінде. Соңғы кездері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауданға 12 жас маман келген, олардың тең жартысы баспанамен қамтамасыз етілген. Айта кету керек, жас мамандарға аудандық ауылшаруашылық басқармасы басшыларының қаржылай көмек көрсетіп келе жатқаны өте құптарлық дер едік.
– Биыл ауруханамызда үлкен жаңалық болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының №649 бұйрығына сәйкес 1 тамыздан бастап «Өңірлік инсульт орталығы» ашылды. Жанында ересектерге арналған жансақтау бөлімі бар, жаңа құрылым керекті жабдықтармен және мамандармен толық қамтамасыз етілген. Өңірлік инсульт орталығына құны 365 млн 980 мың теңге тұратын компьютерлік томография орнатылып, КМ-1 функционалдық он төсек қойылған. Нейрохирургиялық операциялар жасау үшін бір дәрігер нейрохирургияның өзекті мәселелері циклы бойынша біліктілігін арттыруға Санкт-Петербург қаласына жіберілді. Екі дәрігеріміз Ұлттық нейрохирургия орталығында «Инсульттер. Науқастарды мультидисциплинарлық топпен диагностикалау, емдеу және жүргізу тәсілі. Тромболитикалық терапия» бойынша білім жетілдіріп қайтты. Жаңа орталықтың ашылуына орай төрт дәрігеріміз бен сегіз медбикеміз Алматыда қайта даярлаудан өтіп келді, – деп аурухананың бас дәрігері Қалдыбай Сәдуақасұлы Ыдырышов соңғы жаңалықтарымен бөлісті.
Орталық ауруханада басым бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар баршылық екен. Ауруханада «Ана мен баланы қорғау орталығы» құрылған, сонымен қатар «Ана мен бала мектебі» жұмыс істеуде. Биыл жыл басынан бері 24 сабақ өткізіліп, оған 184 науқас қатысқан. Сол сияқты оташы, жарақат, ҚМҚ, жұқпалы аурулар, жүйке аурулары бөлімдерінен балаларға стационарлық көмек көрсететін орындар қарастырылған.
Қазіргі кезде қан айналымы жүйесі сырқатына ұшырайтындар көбейіп отыр. Бұл ретте де Сайрам аудандық орталық ауруханасында оңды істер атқарылуда. Биылғы алты айдың өзінде кардиология бөлімінде 734 науқас емделіп шықты. Сырқаттанудың алдын алу және оның асқындырмау мақсатында «Жүректің ишемиялық ауруы» мектебі жұмыс істеуде, жыл басынан бері 24 сабақ өтіп, оған 258 науқас қатысқан. Ауыл тұрғындарының арасында жедел инфаркт миокард ауруының алдын алу және өлім көрсеткішін төмендету бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Ауруханада аудан халқына жүйке аурулар бөлімі тәулік бойы қызмет көрсетеді. 2014 жылдан бері «Инсульттен кейінгі өмір» атты мектеп нәтижелі жұмыс істеуде.
Сайрам аудандық орталық ауруханасының мемлекеттік тапсырыстар бойынша атқарған жұмыстары да айтарлықтай болып отырғанын айта кету керек. Биылғы жылдың алты айында 9427 науқас емделіп шыққан, науқастардың саны мұның алдындағы жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр. Ал жоспарлы түскен науқастар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,5 пайызға төмендеген. Ауруханада аудан халқына сапалы емдік-диагностикалық көмек көрсету мақсатында телемедициналық орталық (ТМЦ) қызмет жасауда. Аудандық емханамен бірлескен жоспар түзілген. Облыстық клиникалық және облыстық балалар ауруханасымен тікелей байланысқа шығып, кеңестер алынады. Биылғы алты айдың ішінде телемедицинадан 187 кеңес алынған, оның 95-і ересектерге, 92-і балаларға арналған екен. Бас дәрігер Қалдыбай Ыдырысов ауруханадағы кәсіби мамандардың, медицина қызметкерлерінің біліктілігіне, озық тәжірибесіне, шеберлігіне ерекше көңіл бөліп, ақ халатты абзал жандардың ауыл адамдарының денсаулығына мұқияттылықпен қарауын үнемі бақылауда ұстайды. Соның нәтижесінде бұл ұжымда берік тәртіп, сапалы медициналық қызмет көрсету жолға қойылған.
– Ауруханада жаңа технологияларды енгізуге баса көңіл бөлінуде. Мәселен, жүрек аурулар бөлімінде нуқастарға диагностикалық қызметтерді жақсарту үшін Холтермонитор, СМАД аппараттары қолданыла басталы. Перзентханаға отоакустикалық аппарат қойылып, нәрестелердің есту мүкісін ерте диагностикалау және фнилкетонурияға скрининг зерттеулерді кеңінен пайдалану мүмкіндігіне жол ашылды. Сонымен қатар оттегі концентратор аппараты кеңінен қолданылуда. Қазақстан Республикасының 2008-2010 жыдар аралығында «Қан қызметін жетілдіру» бағдарламасын іске асыру мақсатында ауруханада облыстық қан орталығымен бірлесе отырып, трансфузиялық көмекті ұйымдастыруға және сапасын арттыруға өз септігін тигізуде. Ал оташы бөлімінде үш жылдан бері лапароскопия әдісімен холецистэктомия отасы және диагностика мақсатында іш қуысын зерттеу оталары жасалынуда, – дейді Қалдыбай Садуақасұлы.
Қорыта айтар болсақ, Сайрам аудандық орталық ауруханасында тұрғындарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсетудің мүмкіндіктері мол. Сайрамдық ақ халатты абзал жандар сол мүмкіндіктерді жете пайдаланып та келе жатыр. Әрине, аудандық орталық аурухана ұжымының мұндай игі істерге нәтижелі қол жеткізуі білікті де білімді, тәжірибелі басшы Қалдыбай Ыдырысовтың ерен еңбегі.
Мейрамгүл Сыбан