Парасат патшасы

Парасат патшасы

Парасат патшасы
ашық дереккөзі
761
Бабаларымыздың артында қалдырған асыл қазынасы – ауыз әдебиетіндегі, басқасын айтпағанда, мақал-мәтелдердің, нақыл сөздердің орны бір бөлек. Бір ауыз мақалдың ішіндегі даналыққа, фәлсафаға қайран қаласың. Небір қиын кезеңді бастан өткізген қазақ халқы, әрбір өмір сәттерінен ой өрнегін түйіп, сөзбен зерделеп, атадан балаға мұра етіп қалдырған. Иә, жүйелі, жарқын ойлы сөз – құдіретті де киелі. Ондай сөздің төркінін түсіну түгілі, күнделікті тұрмыстағы қажет тілін ұмытып бара жатқан ұрпаққа қалай әсер етуге болады? Әрбір қоғамда жеңілден, қарабайырлықтан жиреніп, биіктікке, парасаттылыққа құмартатын кез туары сөзсіз. Сондықтан қазірден бастап қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, тілінің мәселесін қолға алмасақ, сөз дәмін ұқпас ұрпақ көбейіп, халқымыздың мұрасына ие таба алмай қалуымыз ықтимал. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Нақылдың төркіннамасы» атты кітабы – сол зерделі сөз, орамды ой түйінінің қазіргі заманға лайық жалғасы. Қызығы, Мұзағаң сөзді жона келіп, ойды ұштап, бір-екі сөйлемді иіріп жіберсе, ол нақыл боп шыға келеді. Мысалы: «Ессізге екі той бұйырмайды», «Еліне сенбегеннің еңбегі жанбас», «Жымысқы дегенше, қылмысты де», «Құлаған қисайғанға тіреу болмас», «Төніп тұрған пәле жоқ, сұр көжекте зәре жоқ», «Қар қатын ханға да тезек тергізер», «Міні бар кісі міңгірлеуік», «Қырсықты күннің қысқасы жақсы», «Ұсталықты берген құдай, кейде ұстамдықты қимайды», «Көп істің шала білгірі болғанша, бір істің дара білгірі бол», «Сөзіңе сүйінген – ісіңе күйінбесін». Осы нақылдың бәрі де тәлім-тәрбие емес пе? Оның үстіне нақылды айшықтандыра түсу үшін автор оқиға құрып, шағын әрі көркем миниатюралар жасаған. Әрі естелік, әрі кинодағы кадрлар сияқты әрбіреуі оқырманның көз алдына тізіліп тұра қалады. «Жәй сөзбен шұбыртып айтқанша, нақылмен бір-ақ ұрған дәл тиеді екен-ау» деп ойлайсың. «Сөз ауыздың дәмін кіргізер» деп Мұзағаң өзі айтқандай, бұл кітаптың, әсіресе, жастардың сана-сезімін ұштап, ой-түйсігін дамытуға әсері мол. Өмірдің мән-мағынасын фәлсафалық оймен түйіндеп, оны шұрайлы да шырайлы бір-екі сөйлеммен үйіріп нақыл шығару – ақынның сана-сезімінің қуаттылығының жемісі деп білу қажет. «Нарға татыр мақал бар» дейтін Мұзағаң тынбай ізденіс үстінде жүрген. Ұлан шағынан бастап төл нақылдар шығаратын ақынның бірнеше «Нақылдар кітабы» жарық көрді. Қаламын қара қылыштай сермеген, елгезек те жаны жомарт ағамыздың өз нақылын келтірсек: «Қалам жеңісі – халық жемісі бола бергей!» Ақын Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығындағы аса үлкен арналы сала – балалар әдебиеті. Зерттеушілер де, қалың қауым да оны балалар поэзиясының классигі деп бағалайды. Оның танымдық та тәлімдік туындылары сонау елуінші жылдардың басынан бері бастауыш мектеп оқулықтарына, балабақша репертуарына молынан енген. «Жыл он екі ай» күнтізбесінен үзбей орын тепкен маңызды тақырыптардағы таңдаулы өлең-жырларының өзі бір төбе. Көптеген шығармалары бүлдіршіндердің қолынан түспес құндылыққа айналған. 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты өлеңдер жинағы үшін Мұзафар Әлімбаевқа Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Ол қазақ балалар әдебиеті бойынша осы сыйлықтың лауреаты атанған бірден бір қаламгер. Мұзағаң, шын мәнінде, педагог-жазушы. Ол кісінің сонау алпысыншы жылдары қазақ радиосынан жүргізген лекциялары ата-аналарға таптырмас бағыт-бағдар болғаны рас. «Тәрбие туралы әңгімелер» (1972 ж.), «Халық қапысыз тәрбиеші» (1976 ж.), «Халық ғажап тәлімгер» (1994 ж.) соның нәтижесі. Халық творчествосындағы тағылымдық тенденцияларға арналған зерттемелері баспасөзде үздіксіз жарияланып келді. Мұзафар Әлімбай – эссеист жазушы, әдебиет зерттеушісі, сыншы. Әсіресе, оның «Өрнекті сөз – ортақ қазына» (1967 ж.) атты ғылыми монографиясы мақал-мәтелдің көркемдік табиғатын, оны аударудың теориясы мен практикасын талдаған зерттеулері жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық әрі тәржімашыларға көмекші құрал болып табылды. «Қалам қайраты» (1976 ж.), «Толқыннан толқын туады» (1992 ж.) ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің келелі мәселелеріне, жеке қайраткерлеріне арналған эсселер, сын мақалалары болса, «Көңіл күнделігінен» (1980 ж.) атты кітабы қазақ әдебиетінде жазушы лабораториясын тұңғыш сөз еткен еңбек. Мұзафар Әлімбаевтың эпикалық жанрда жазған оннан астам поэмасы бар. Соның ішінде шоқтығы биігі және халық сүйіспеншілігіне бөленгені «Естай-Қорлан» атты лиро-эпикалық дастаны. Бұл шығарма қазақ сахарасына аты кеңінен жайылған даңғайыр композитор, ақын, әнші Естай Беркімбайұлының трагедиялық тағдырына арналған, ол бірнеше рет қайталанып басылды, орыс тіліне де аударылды. Отанға, туған халқына деген ыстық сезім Мұзағаңның жүрегінен небір жалынды шығармаларды жарқ еткізді. «Менің Қазақстаным», «Елдіктің еңсесі», «Зерденің зері», «Аяз би» атты өрнекті туындылар солардың қатарында. Мұзағаңның 350-дей өлеңіне атақты композиторлар ән шығарған, 1984 жылы жарық көрген «Ақмаңдайлым» атты жинағында сол әндердің көбі қамтылған. Естелік жанрында да елеулі еңбек етіп келе жатқан Мұзафар Әлімбай өзі араласып, сырлас болған қазақ әдебиетінің майталмандары: М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, С.Мәуленов, М.Иманжанов және т.б. 50-60 шақты қазақ зиялыларының кісілік парасатын ашып, «Өмір. Өнер. Өнерпаз» (1990 ж.), «Көргендерім көңілімде» (1992 ж.), «Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның» (2002 ж.) кітаптарын оқырманға тарту етті. 2003 жылдың 4 шілдесінде «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұзафар Әлімбайдың «Заңғар замандастар – қайран қаламдастар» деген атпен реквием-жырлары шықты. Әрбір төрт жол – қазақ әдебиетінің біртуарларына нәрлі көркем сөзбен бейнелеп, фәлсафалық оймен түйіндеп жасалған ескерткіштей. Кеудемнен арылта алмай қара бұлтты, Көңілім өткенді ойлап алабұртты... О заңғар замандастар – қаламдастар! Туған ел сендер кетіп нала жұтты. Мұншама қадіріңді ұғар ма едім, Ұға алмасам майысып сынар ма едім?! Жас ұрпақ жалғастырсын: бұл өлеңім, Баршаңа бағыштаған дұғам менің! Осылайша Мұзафар ақын замандастарының заңғарлығын асқақтатып, кейінгілерге өмірдің мәнін де, сәнін де ұқтырып, ұлттың санасын өсіріп, рухын шыңдайтын ірі тұлғаларды қадірлеп-қастерлеуді үйретеді. Өйткені сол біртуарлар елдің рухани ғұмырының бағдаршамы ғой. Мұзафар Әлімбай шығармалары 39 тілге аударылған, ақын өзі де көркем аудармамен көп айналысып, Еуропа, Шығыс елдер әдебиетінің классиктерінің татымды туындыларын қазақшалаған. «Ақын болу деген не? Ақын болу – халық атынан сөйлеуге хақың болу» және «Әміршіге ел: «Хан ием!» деген, ал ақынға ел: «Әулием!» деген». Осындай нақылдарымен Мұзағаң ақындықтың киелілігін қастерлеп, оған қойылар талаптың да биік екенін ұқтырады. Мұзафар ақынның талантының шыңдалуына ықпал етіп, оның адамдық, тазалық, парасаттық, кішіпейілдік, еңбекқорлық қасиеттеріне тәнті болған аға-іні, замандастарының өз пікірлерін білдіріп жазғандар қатарында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Омаров және т.б. көптеген қазақ зиялылары бар. Еліміздің егемендігіне шаттанбаған қазақ зиялысы бар ма, Мұзағаң да тебіреніп, Мемлекеттік алғашқы Әнұранның сөзін жазып, төрт автордың бірі болды. «Ақын халқы үшін тер төксе, елі де ақынын ардақтайды» деген Мұзафар Әлімбаевқа 1994 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. 2017 жылы қазан айында дүниеден озған пайым – парасаты мол, жұртымен бірге тауқыметтің де небір зұлматты азабын татып, егеменді елінің арайлы таңын жырлаған қазақтың абызы Мұзафар Әлімбаев үстіміздегі жылдың 29 қазанында 95 жасқа келер еді. Елімен бірге ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз ақынның халқының тағдырымен бірге өрілген шығармалары руханиятымызға қосқан мол мұрасы болып қала бермек.  

Жадыра Дәрібаева,

ақын, «Алаш»

 сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары