250
Пайдалы қазбаларды заңсыз алушылар 5 жылға сотталуы мүмкін
Пайдалы қазбаларды заңсыз алушылар 5 жылға сотталуы мүмкін
Қарағанды облысында кәсіпкерлердің шағымдарынан соң жер қойнауын заңсыз қазушылармен күрес үдетілді. Сегіз қылмыстық іс қозғалып, 20-дан астам материал шешім қабылдау үшін полиция мен Экология департаментіне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл сұрақ мамыр айында аймақ басшысы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі комиссида көтерілген. Содан кейін билік өкілдері жұмыс тобын құрған, оның құрамына құқыққорғау және күш органдары, жер қойнауын пайдаланушылардың өкілдері енді.
«Пайдалы қазбаларды заңсыз түрде қазудың алдын алу үшін Жол картасын құрған болатынбыз. Ауылдық әкімдіктер мен учаскелік инспекторлардан бастап барлық мемлекеттік органдар бұл бағытта жұмыстарын үдетті. Рейдтердің нәтижесінде маусымнан бастап жер қойнауын заңсыз қазудың 30 дерегі тіркелді», - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Инвестицияларды жұмылдыру және аймақтың инвестициялық климатын жақсарту бойынша кеңес пен Кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі комиссияның бірлескен отырысында.
Атап өтілгендей, қылмыстың аумағы кең: Жезқазғаннан бастап Нұра ауданына дейін. Ең көп деректер Бұқар жырау ауданында тіркелген (10). Сегіз факті бойынша ҚР ҚК-нің 334-бабымен («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») қылмыстық істер қозғалды. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе үлкен сомада айыппұл қарастырылған (келтірілген шығынға байланысты 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде).
«Шағымдарымыз назарға алынып, әрекеттер қолға алынды. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Үлкен көлемді экскаваторлар мен жүк тиеуші техниканы қолдана отырып, ашық түрде жер қойнауын тонау деректері жоқ», - деді кәсіпкер Александр Кику.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында құм-қиыршық тас қоспасына сұраныс 60% артқан. Ол құрылыс науқанының қарқынымен байланысты. Заңсыз бәсекелестікті жою барлығына тең оң әсерін етуде.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл жұмысты жүйелі түрде әлі де жалғастыруды тапсырды.