416
«Тарихты көп қаузайтын...
«Тарихты көп қаузайтын...
Белгілі бард-ақын Табылды Досымовтың ұлы Абылды көпшілік жиналған ортада кездестіріп қалатынмын. Мінезі ашық, достарымен бас қосқан жерде гитарамен әкесінің әндерін шырқап, тыңдаған жұртқа Табылды отырғандай әсер қалдырады.
Бүгінде Абыл Досымов «Тұңғыш рет» жобасымен әр аймақта бардтық жанрда концерт ұйымдастырып жүр.
«Әкенің баласына жамандық тілемейтіні анық. Кейде ойлап отырсам, сол кездің өзінде әкем өз ортасын қатты аңсаған сияқты. Оны қазір түсініп жүрмін. Алматыны сағынып, жастық дәуренін, шабытты шақтарын жиі айтатын.
Үй ішінде шығармашылықтан гөрі тарихты көп қаузайтын. Махамбет Өтемісұлы атамызды зерттеп, мәйітінің тұрғызылуына да, кітаптарының жинақталуына да себепші болды. Әрдайым: «Еліңнің, жеріңнің тарихын білмей, ешқашан болашаққа бара алмайсың», – дейтін. Байқасам, тарихты терең білетін адамның бойында тәкаппарлық болмайды екен. Сол жағына да мән берген болуы керек.
Әкеміз бізге өз ісімен үлгі көрсетті. «Сен былай ет» деп ешқашан туралап айтқан емес. Өзінің үйдегі жүріс-тұрысына қатты мән берді. Себебі оған қарап бой түзейтінімізді білген болуы керек».
МЕНІ «БАЛАМ» ДЕМЕЙТІН
«Бізге ән шығарып жүргені, толғаныста жүргені білінген емес. Ән шығарған кезде ғана «мен ән шығардым» деп келетін. «Мынадай аккордтары бар» деп, ноталарын әкеліп, маған күйсандықта ойнататын. Тыңдап болған соң кішкентай болсақ та, жеке-жеке пікірімізді сұрайтын. «Саған ән ұнады ма?» деп жауабымызды ерекше ықыласпен тыңдайтын. Сосын әкем бөлмеден шығып кеткен кезде оның жаңа әнін қайталап ойнап отырсам, сыртта тұрып тыңдап, ләззат алатын. «Демек, бұл ән құлақта қалатын дүние», – деп мәз болушы еді. Ол кезде көп мән бермейтінбіз. Бұл әдеті студент күнінен бар екен. Мұны жақын жолдастары айтып берді. Әкемнің орындаған әнін өзге біреу орындаса, «мына әнім жақсы екен» деп марқайып қалатын. Үйде қазақтың бард ақыны Табылды Досымов бар екенін білмейміз ғой (күлді). Біз үшін ол тек әке болатын. Мені «балам» демейтін. Жалғыз ұл болғандықтан, «шал-кемпірдің баласы» дейтін. 11-12 жасымнан бастап барлық жолдастарына мені «інім» деп таныстыратын. Арасында әзілдеп қоятын. Достарының арасында қалжыңбас көрінетін. Туған әке-шешемізге жақындап кетсек, атам қызғанып, ренжіп қалатын. Әлі күнге дейін шешеме «жеңеше» деймін. Әкем бала тәрбиесіне өте қатал еді. Анам әкеме қарсы келген емес. Қас-қабағын түймей-ақ бір-бірін өте жақсы түсінетін. Барлық еркелігін көтерді. Шыны керек, анам бала тәрбиесіне көп араласпайтын. Барлығына әкем жауап берді. Шешімді де әкем қабылдайтын. Әлі күнге дейін анам «соңғы шешімді ер адам айту керек» деп отырады, санасында сондай пікір қалыптасып қалған. Әлі күнге дейін үйдің ұсақ-түйек шаруалары болса да, менің пікірімді сұрайды».СУРЕТ САЛУҒА ҚҰМАР БОЛДЫ
«Әкем сурет салуға құмар болды. Үйдегі жазу-сызуынан соны байқаймын. Суретті келістіріп салатын. Бірақ өздігінен отырып біреудің портретін салған емес. Мінезі кейде бала сияқты ерке еді. Көңіліне бірнәрсе жақпай қалса, босаңсып кететін. Алыпты да жығатын дүр мінезі болды. Қатты ашуланған кезде бәрін қопарып тастайтындай көрінетін. Әкем жалғыз өсті. Тыныштықта өскен соң ба, шуды көп жақтырмайтын. Ол ашуланған кезде үйде артық дыбыс шығаруға болмайтын. Ал көңілді болған кезде бәрімізді жинап, ақылдасып, әңгімелесетін».ЗАТЫН ЖОҒАЛТЫП КӨРМЕГЕН АДАМ
«Қыздарына қарағанда маған жұмсақтау болды. «Шал-кемпірдің баласы» деп қабағыма қарайтын. Үйдегі заттарды жылжыту, үйді өзгерту керек болса да балаларымен ақылдасатын. Әкем өмірінде бірде-бір затын жоғалтып көрмеген адам. Оның кітап сөресін әлі күнге дейін қозғаған жоқпыз. Қай кітаптың қай жерде тұрғанын жатқа білетін. «Мына қатарда, пәленінші тұрған кітап, алдында мынадай кітап бар» деп жұмсайтын. Барсаң, тура сондай, жаңылыспайтын. Өте мұқият болатын. Заттарын өзі жинайтын. «Костюмімнің мына қалтасында мына зат бар, ана қалтасында мына зат бар» деп айтып отыратын. Бала күнінен маған қатты сенім білдірген болуы керек. Әлде өмірге тәрбиелегісі келді ме, 11-12 жастағы балаға барлық құжаттары мен ақшасын беріп қоятын. Көршілермен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Жалғыз өскеннен бе, туған-туыспен етене жақын араласпайтын. Суретке түсуді ұнатпайтын. «Ертең өліп қаламыз ба? Соншама не болды?» дейтін».БАРД ЖАНРЫ ЖОҒАЛМАСА ЕКЕН...
«Әкемнің жарияланбаған әндері де, өлеңдері де көп. Оларды әзір жариялаудың уақыты келмеген сияқты. Біздің қоғам оларды қабылдай алмайтындай көрінеді. Шағын ортада ғана айтылуы мүмкін, бірақ қалың көпшілік қабылдай алмайтын дүниелер. Бұдан бөлек, шығуға тиіс әндері де бар. Бұйырса, дайындап жатырмыз. Әуелі әкеміздің өнерін халыққа тарату басты мақсатымыз болып тұр. Бард жанрын жыраулық дәстүр деуге келеді. Негізі, бард эстрада жанрына жатады. Ресейде Цойдың не Высоцкийдің әнін ешкім тарсылдатып орындамайды. Қынжылатыным – елімізде бард жанры бағаланған емес. «Қара бауыр қасқалдаққа» талай адам құдалықта, тойда селкілдеп билейді. Ал оның тарихы қандай? Сол ән секілді әкемнің «Сәйгүлігі» де кең таралып бара жатыр. Тарихына ешкім мән бермейді. Көпшілік әндері де тойға арналып орындалып жүр. Демек, бард – ақша табудың құралына айналып кетті. Қазақ эстрадасында жанрға деген құрмет жоқ. Айтамын деген адамға әннен көп нәрсе жоқ, бірақ солардың ішінен таңдап келіп, тойда бардтық жанрдағы әнді қоятынына ызам келеді. Бұл бардтық жанрды құрту деп ойлаймын. Елдің алдына шығып, жоба құруыма да осы нәрсе себеп болды. Әкемнің әндері ақша табудың, тойда көңіл көтерудің деңгейіне түсетін әндер емес. Бірақ тойда орындап жүргендердің көбі – музыкалық білімдері бар адамдар. Неге сонша немқұрайлы қарайтынына таңғаламын. Әкемнің әндерін басқа ортада орындауға қарсы емеспін, тек мақамын жоймаса екен деймін. Мәселен, гитара аспабымен шықсын, дәл сол стильде орындасын. Ал тарсылдатып, басқа әуенге салу бардтық өнерді жоғалту деп білемін».ТАБЫЛДЫНЫ ҚАЙТАЛАҒЫМ КЕЛМЕЙДІ
«Әзірге біздің демеушіміз жоқ. Әлемде бардтық кештер не байқау өтетін болса Қазақстаннан да бард әншілер қатысуы керек. Сол үшін Табылды Досымов секілді бардтардың шығармаларын талан-тараж қылуға болмайды. Бардтық жанрға деген жанашырлықты қалыптастырғым келетіні сол. Мақсатым – жұлдыз болу не тойдан нәпақа табу емес. Әкем өмірден өткен соң оның атына қор ашылды. Оның жұмысын жүргізіп келе жатқан Бижан Қалмағанбетов ағаға алғысым мол. Қаншама жақсы дүниелер ұйымдастырды. Енді Ақжол Қаздың жобасымен 20 ән кешін ұйымдастырғымыз келеді. Ол – Астана қаласы, Атбасар ауданынан. Әкемнің өнеріне ғашық азамат. Қазіргі жобадағы шаралардың бәрі соның еңбегі. Мен әкемді қайталағым келмейді, тек осы жанрдың жоғалып кетпеуі үшін тер төгіп жүрмін».Жазып алған
Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ