496
Елге қонақ көп келсе...
Елге қонақ көп келсе...
Елімізде ішкі және сыртқы туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жұмыстар көп. Соның бірі – туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы.
Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген мемлекеттік бағдарлама алдағы 5 жылға арналған туризм дамыту бойынша институционалды жоспар болмақ. Егер бағдарлама сәтті жүзеге асса, 2025 жылға қарай еліміздегі туристер ағыны 3 миллионнан 13 миллион адамға дейін көбейеді. Ал туризм саласындағы жұмыс орындарының саны 60 мыңға жетеді. Сондай-ақ, ұлттық парктерді басқару, туристік нысандарға желі тарту мен туристік кәсіп иелеріне салықтық жеңілдік беру мәселесі қарастырылуда.
Ал туристік бизнес тарапынан ірі туристік нысандарды корпоративті табыс салығынан, мүлік және жер салығынан 10 жылға босату ұсынылды. Нәтижесінде, бюджет салықтан түсетін 25 миллиард теңгені жоғалтуы мүмкін. Есесіне, салаға 600 миллиард теңге тікелей инвестиция құйылады. Сонда ғана жаңа мемлекеттік бағдарлама тиімді болмақ.
«Бұл мемлекеттік бағдарламаның ең басты бағыттары – елімізге келетін туристердің санын арттыру, олардың елге кіріп-шығу жолдарын жеңілдету, кедергілерді жою, туризм инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттар дұрыс жолға қойылса, 5 жылдың ішінде елімізге келетін туристердің саны көбейеді», – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов.