301
Ресей: «Алтыншы бекет» өзін ақтай ма?
Ресей: «Алтыншы бекет» өзін ақтай ма?
Ресей астанасы – Мәскеу қаласында қазақстандық «Алтыншы бекет» әскери драмасының тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша, қазақ режиссері Серікбол Өтепбергенов түсірген фильм Ресейде прокатқа шықты. Фильм Ресейдегі 24 қаланың кинотеатрларында көрсетіледі.
Meloman Entertainment атты қазақстандық дистрибьютор Ресейде өз бөлімін ашып, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда түсірілген киноларды көрсетуді көздеп отыр. Ал «Алтыншы бекет» фильмінің прокатқа шығатын тұңғыш фильм ретінде таңдалуы жайдан-жай емес.
Осыдан 17 жыл бұрын Баткенде болған оқиғалар жүздеген мың адамның өміріне әсер етіп, діни экстремизмнің қаупін бүкіл әлемге аңдатқан болатын. Аталған кино да экстремизмнің салдарын көрсетіп отыр. Арқауы өмірде шынайы болған оқиғаларға негізделген. Бұл – Кеңес Одағы тарихында қатаң тәртіптегі колониядан ең көп тұтқынның қашуы туралы кино. «Қазақстандық прокатта жақсы жағынан көрінуге тырыстық. Қазақстанда фильмімізді сегіз апта бойы көрсеткен. Шынын айтсақ, бұл біз үшін үлкен тәжірибе болмақ. Көрермендердің қандай ілтипат білдіретінін әзірге білмейміз. Бұл комедия емес, әскери драма ғой. Бәрі жақсы болатынына үміттіміз», – дейді фильм режиссері Серікбол Өтепбергенов.
Ал Meloman компаниясының негізін қалаушы Игорь Дериглазов: «Аймақтық киноға үлкен сұраныс бар. Жалпы, қазір әлемде адамдардың талғамы кеңейіп жатыр, блокбастерлерден өзге фильмдерді де көргісі келеді. «Алтыншы бекет» фильміне назар аударғанымыздың себебі, ол бәріне ортақ тақырыпқа негізделген. Қызмет борышы мен достық арасында таңдау жасау – бұл барлық елдерге қызық болмақ», – деп атап өтті.