582
Тарихи шешім
Тарихи шешім
Шұғыл шаруа болып, Түркістан қаласына бардым. Арыс-Түркістан каналы бойындағы «Түркістан облысы әкімдігі басқармалары» деген жазуы бар үлкен ғимаратқа бас сұқтым. Сөйтсем, облыс әкімдігі этнографиялық мұражайға орналасқан екен.
Кезінде астананы Орынбордан Қызылордаға көшіргенде қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Түркістан қазақтың ежелгі астанасы еді, енді оны ретімен Ақмешітке көшірелік» десе, ел басқарған түркістандық Нұртас Оңдасынов «Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру қолымнан келетін еді, енді ол кейінгілерге аманат» деп өкінген екен. Міне, тарихи шешім Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен биылғы жылдың 19 маусымында жүзеге асты. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Елбасы Түркістан үшін ғана емес, Қазақстан халқы үшін де үлкен маңызға ие бұл шешім туралы республика тұрғындарына арнайы жариялады. Осыдан он жыл бұрын «Түркістан рухани астана болса, Кентау да гүлденер еді» атты мақала жазып едім. Өткен жылы ТҮРКСОЙ шешімімен «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» деп бекітіліп, түркі жұрты осында бас қосқан еді. Барлық аудан округтері Кентау қаласына беріліп, міне, біз де Түркістан ауданының орталығы атанып, халық саны 200 мыңнан асты. Өзім бұрынғы Түркістан ауданының Қызылшаруа, қазіргі Қаратөбе ауылында туып өстім. «Әркімге өзінің туып өскен жері артық» дегендей, бұл өңір ерекше ыстық. Ес білгелі киелі қаланың топырағын басып келемін. Сондықтан сүйікті қаланың өткені, бүгіні мен ертеңі мен үшін маңызды. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, «Алаш» қозғалысының ардақтысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, елімнің, туған қаламның болашағы үшін қызмет етуге әзірмін.
Ысқақ ӘЛІҰЛЫ
Кентау қаласы