Кино түсіру ермекке айналды ма?

Кино түсіру ермекке айналды ма?

Кино түсіру ермекке айналды ма?
ашық дереккөзі
1453
Соңғы кезде сахнада ән салып жүргендер кассалық кино түсіруге кірісіп кеткен сияқты. Әуелі – Баян Мақсатқызы, сосын Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан. Бұл тізім әлі жалғаса беретін шығар. Бірақ айтпағым ол емес. Мәселе – кино түсіру өнер ме, әлде бизнес пе? Бір айта кетерлігі, продюсерлікті мойнына алған әншілердің киноға кірісуіне не себеп? Және олардың қолынан тек комедия түсіру ғана келе ме? Әуелі продюсер Баян Мақсатқызы мен режиссер Асқар Ұзабаевтың «Ғашық жүрегінің» жарнамасы жер жарды. 500 мың долларға түсіріліп, прокаттан 1 миллион доллар тапты. Баянның биыл жарық көрген тағы бір туындысы – «Сиситай». Мұнда да продюсер өмірінің кей тұстарын көрсеткен. Есентаева феномені кезекті рет көрініс тапты десек, артық емес. Шыққан бойда қазақстандық кинопрокаттың көшін бастады. 2013 жылы отандық кино қатары «Өкінішпен» толықты. Басты рөлді сомдаған Қайрат Нұртас ол кезде отбасы туралы тіс жармайтын, көпшілікке құпия еді. Сондықтан әншінің өмір жолы жайлы түсірілген туындыны тамашалауға талайы ынтық болды. Продюсерлік еткен Гүлзира Айдарбекова былтыр «Арман/Когда ангелы спят» фильмін ұсынды. Мұнда да Қайрат ойнайды. Өздері түсіріп, басты рөлді өздері сомдайды. Дегенмен көрерменді қызықтырғаны – әншінің әйелі Жұлдыз Әбдукәрімованың кинодағы дебюті. Ал жақында әнші Төреғалидің тағдыры туралы «Ұлы дала комедиясы» шықты. Өзін «Ұлы дала баласы» деп атайтын әншінің туындысы да кассалық фильм санын толықтырған сыңайлы. Фильмде елдің еркесі, Төреші атанған ол әбден масаттанып, «жұлдыз» ауруына шалдығады. Көзін шел басып, есі кетеді. Тәубеге түсіруші кейіпкер Төреғалиді қарапайым Талғаттың кейпіне енгізеді. Өз өмірі. Бұған дейін әншінің басы бірнеше рет дауға қалғаны есте. Соған қарағанда бұл фильм тыңдарманы алдында ақталу сияқты. Алайда бізге әзір сапа туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Өзі жайлы кино түсіргеннен бөлек, өзі кино түсіріп жүргендер тіпті көп. Біркелкі, жеңіл әзіл мен отбасы – ошақ қасындағы тақырыптар. Сол мезетте күлесің, бірақ еш ой салмайды. Біркүндік дүние. Таяуда ғана тұсауы кесілген Ерке Есмаханның «Махаббат кафесі» де сондай. Әншінің алаяққа тап болған оқиғасының негізінде түсірілген фильм де комедия жанрында. Неге бәрі комедия? Басқа жанрда кино түсіруге өресі жетпей ме, әлде комедияны таспалау оңай ма?

Анар Қанай,

өнертанушы

Серіктес жаңалықтары