ҰЙЫТҚЫ

ҰЙЫТҚЫ

ҰЙЫТҚЫ
ашық дереккөзі
852
Серік Қарымсақов көп кәсіпкерлердің бірі емес, бірегейі. Бизнестің қыр-сырын бір адамдай жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдардан бастап осы салада жүргендіктен болар, көрген-түйгені де, тәжірибесі де жеткілікті. Рас, бизнестің жолы ауыр. Көңілі құлазып, аузы күйген сәттер де болды. Бірақ меселі қайтқан емес. Тауы шағылған жоқ. Себебі кәсіпкерлік жолы даңғыл болмайтынын әу баста-ақ аңдаған. Соқтықпалы-соқпақты болатынын сезген. Соның өзі Серікті ширатты. Қайратына қайрат, жігеріне жігер қосты. Қандай қиындық пен кедергілер болса да алған бетінен қайтпауға бекем бел буды. Мұның өзі үлкен сабақ, үлкен мектеп. Серік Қарымсақовтың серіктестері Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де жеткілікті. Біраз елді аралады. Қыдыру үшін емес, бизнестің ұңғыл-шұңғылына қанығу үшін шарлады. Сенімді серіктестер тапты. Олармен қоян-қолтық араласа жүріп бірнеше бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Көп барған, көңіл қалауы түскен ел – Индонезия. Бұл елмен іскерлік қарым-қатынасы өте жақсы. Тіпті, осы елдің президенті, Серіктің іскерлік қабілет-қарымын байқағандықтан болар, оны Индонезияның Алматыдағы құрметті консулы етіп екінші мәрте тағайындады. Сонымен бірге Серік Қарымсақов «Қазақстан – Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы. Ол екі ел арасындағы іскерлік байланыстардың дамуына жанын салып, ұйытқы болып жүрген азамат. Серік Қарымсақов – кең жүректі кәсіпкер. Әлеуметтік маңызы зор қайырымдылық шаралардың бел ортасында ұйытқы болып, демеушілік жасап жүретін жан. Кіндік қаны тамған Сыр елін де, тәлім-тәрбие алған алтын ұя мектебін де ұмытқан емес. Қолдан келер көмегін жасауға әрдайым әзір. Күнделікті күйбең тірлік, қым-қуыт жұмыс бастан асып жатса да Серік кәсіпкердің күйгелектеніп, сабырсыздық танытқан кезі болған емес, Бұл біріншіден, отбасында алған тәрбиенің арқасы, екіншіден, индонезиялық әріптес-серіктестерімен тығыз аралас-құралас бола жүріп көріп-білгені мен көңілге түйгені. Индонезиялықтар өте сабырлы. Асығып-аптығу деген атымен жоқ. Жүздері жайдары. Жылы қабақ танытып жүреді. Үлкені де, кішісі де инабатты, кішіпейіл. Ашу шақыру деген жоқ. Сөз бен ісіне мығым. Осындай жақсы қасиеттер индонезиялықтармен біраз жылдан бері етене араласып жүрген Серікке де жұғысты болған-ау, шамасы. Атасы Әбсаттар мен әжесі Әнипаның, әкесі Итен мен анасы Күләйханның және басқа да ағайын-туыс, көрші-қолаң мен ауылдастардың өнегелі істері мен тәлім-тәрбиесін көріп, ұлағатты сөздерін тыңдап өскен Серікті өмірдің өзі шыңдады. Білімді болуға ұмтылды. Қызылорда қаласында жоғары білім алды. Әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. Ширықты. Осының бәрі алға қойған айқын мақсатына жетуге жетелеген еді. Арманы – Алматы қаласында кәсіп ашу болатын. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарға тұспа-тұс келген кез еді. Дәл осы уақытта Елбасы әр кездесуде жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырып жатты. Осының өзі Серіктің асқақ арманының орындалуына қозғау салғандай, көп ойланып, тартыншақтаған жоқ, Алматыны бетке алады. Серіктестерімен бірлесіп бизнес ашты. Құрылыспен айналысты. Сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлер салды. Кәсіпкерліктің аясы кеңи бастады. Қазақстанның елордасы Астанаға ауысқан уақытта Бас қалада ауқымды құрылысты қолға алды. Бұл уақытта қазақстандық ғана емес, шетелдік кәсіп иелері де бизнес бастау үшін Астанаға қарай ағыла бастаған еді. Олар тұрақтайтын, қона жатып, іскерлік кездесулер өткізіп, жұмысты бастайтын жайлы орындардың Астанада ауадай қажеттігі байқалып қалды. Тәуелсіз Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалайтын елдердің де қатары осы жылдары арта түсті. Дипломаттар да елордаға көптеп келе бастады. Осы сәтті қалт жібермеген Серіктің серіктестері елордада «Дипломат» атауымен қонақүй, мейрамхана, тұрғын үй салды.

«КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСІЛ»

Серіктің кіндік қаны тамған жер – Аманкелді. Әлі оң-солын жете тани қоймаған бала Серік айналшықтап Әбсаттар атасының қасынан шықпайтын. «Атасының баласы» болатын. Атасы айтқан әңгімелер мен қанатты сөздер баланың жадында жатталып қалды. – Балам, уақыт дегенің қас-қағым сәт. Уақыттың қадірін біл. Өмірден керегіңді алуға тырыс. Ең бірінші керегі – білім. Білімді болуға талпын. Қатарыңнан қалыс қалма. Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның дәмі тіл үйіретін болады. Ертең-ақ ержетіп, үлкен азамат боласың. Қандай биікке шықсаң да, асып-тасыма. Биікке шығу қиын болғанымен, одан құлау оңай. «Болдым-толдым» деп ешуақытта тоқмейілсіме. Адамды аздыратын да, тоздыратын да осы жаман әдет. Көрпеңе қарай көсіл. Осыны есіңде мықтап ұста, – дейтін атасы. Осы кеңестің бәрі күні бүгінге дейін Серіктің есінен әсте шыққан емес. Күнделікті жұмысында атасының айтқандарын қағида ретінде ұстанады. 1973 жылы мектеп табалдырығын аттаған кезде де атасының әңгімелері жадында жаңғырып тұрды. Қатарластарынан қалып қоймауды, кем болмауды ойлады. Сабағын жақсы оқуға тырысты. Білімге құштар болды. Бұл уақытта олар Қызылорда қаласына көшіп келген еді. Серік осы қалада мектеп табалдырығын аттады. Бұл №140 мектеп болатын. Қазір Абылайхан атындағы білім ордасы. Әкесі Итен Қарымсақұлы осы жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне қызметке орналасқан. Ол әскерге дейін де осы газетте еңбек жолын бастаған еді. Тәжірибесі әскер қатарында жүргенде толыға түседі. Әкесі кәсіби журналист. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1966 жылы бітірген. Әскерде взвод командирі болған Итен Қарымсақұлы мамандығынан қол үзбей, округтің «Красный боец» газетінің штаттан тыс тілшісі болады. Ол уақытта кәсіби журналистер тапшы.Мамандарды даярлайтын жоғары оқу орны тек Алматыда ғана. Оны бітірген журналистер жеткілікті емес. Ал жаңадан ашылып жатқан газеттерге білікті де білімді мамандар керек. Оның үстіне Итен Қарымсақұлы редакцияның секретариатында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған маман. Журналистердің тілімен айтқанда, секретариат – редакцияның штабы. Итен Қарымсақұлы осындай мектептен өткен журналист. Оны жақсы білетін әріптестері жетпісінші жылдардың басында жаңадан ашылған Торғай облыстық «Торғай таңы» газетіне жауапты хатшының орынбасарлығына шақырады. Осы газетте үш жылға жуық абыройлы жұмыс істейді. 1973 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығымен Маңғышлақ және Жезқазған облыстары құрылған болатын. Жаңадан ашылған Жезқазған облысының құрамына Жезқазған, Балқаш, Қаражал қалалары мен Ақтоғай, Жезді, Жезқазған, Жаңарқа, Шет аудандары енді. Сондай-ақ Шет, Жаңарқа аудандары мен Қаражал қаласына қарасты бірнеше елді мекенді біріктірген Ақадыр ауданы пайда болды. Жаңа облыстың өз газеті болуы – заңды. Сол жылы 13 сәуірде «Жезқазған туының» алғашқы нөмірі оқырмандар қолына тиеді. Редакция ары қарай жұмысты жалғастыру үшін жан-жақтан журналистерді шақыра бастайды. Соның бірі – Итен Қарымсақ­ұлы. Жалындап тұрған жас журналист Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің бөлім меңгерушісі әрі редакция алқасының мүшесі болады. Ал сол 1973 жылы бала Серік Қызылорда қаласында мектеп табалдырығын бірінші рет аттаған болатын. – Әкемнің бума-бума газеттерді үйге әкеліп, жата-жастанып оқитыны әлі күнге көз алдымда. Газет-журналдан бас алмайтын. Менің де ежіктеп кітап оқуға шама-шарқым жетіп қалған кез. Әкем ұсынған газеттердегі материалдарды, шала-шарпы түсінсем де, шаршамай-шалдықпай оқитыным есімде. – Газет-журнал көп оқысаң өзіңе жақсы. Жылдам оқуға жаттығасың. Оқи бер, оқи бер, – деп әкем де дем беріп қоятын. – Журналистерге жақын жүретініңіздің себебі осы екен ғой, – деймін мен де қарап тұрмай. – Иә. Оныңыз рас, журналист жора-жолдастарым көп. Оның үстіне бала күнімнен газет-журналға сусындап өскен жоқпын ба?! Сіздерге, журналистерге жақын жүретінім сол. – Әкенің жолын жалғастырған балалары бар ма? – Біздің үйдегі келіні – Садуова Айгүл әдебиетке жақын. Өлең жазады.Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Орыстың атақты ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржіма жасаумен айналысады. Былайша айтқанда, хоббиі. Біздің үйде қазір газет-журналды, кітапты көп оқитын сол.

«АЛЫС ТА ЖАҚЫН ИНДОНЕЗИЯ»

2012 жылдың 10 наурызы. Бұл күн Серіктің есінен ешқашан шықпайтын шығар. Дәл осы күні «Қазақстан – Индонезия» іскерлік кеңесі құрылып, оның төрағасы болып Серік Қарымсақов сайланған еді. Сол жолы екі мемлекеттің бірқатар министрліктері мен кәсіпкерлік қауымдастықтарының өкілдері бас қосып, іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру жөнінде келелі ой-пікір алмасқан болатын. Индонезия Қазақстан үшін маңызды әріп­тес. Біздің елмен арақашықтығы алыс болса да, жақын мемлекетке айналды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынас жыл өткен сайын айрықша қар­қын алып келеді. Индонезияның іскерлік қауымдастығынан қазақстандық кәсіпкерлер үйренетін үрдіс көп. – Индонезияда орта бизнестің үлесі 25 пайыздан асады, – дейді Серік Қарымсақов. – Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ел экономикасының өркендеп отырғаны орта бизнестің арқасы. Халқының саны жағынан Индонезия әлемде төртінші орынды иеленетінін ескерсек, олардың көп бөлігі бизнеспен айналысатынын аңдау қиын емес. Бұл тұрғыда Индонезиядан талмай үйренуге болады. Оны Елбасымыз да талай мәрте айтқан болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Бұл ел 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі», – деген болатын. Индонезия Қазақстан секілді көп ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан мемлекет. Халқының саны 260 миллионнан астам. 300-ден көп этникалық топ бар Индонезия тұрғындары 700-ден астам тілде сөйлейді. Бірақ мемлекеттік тіл – индонезия тілі. Осы тілде сөйлеседі, іс-қағаздарын жүргізеді. Тұрғындар арасында алауыздық жоқ. Тыныш, бейбіт, келісті өмір сүріп жатыр. Индонезия дүниежүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет. – Индонезияда кәсіпкерліктің қай түрі болсын жақсы дамыған. Оған осы елде бірнеше рет болған кезімде көзім айқын жетті. Индонезиядағы кәсіпкерлер адал әрі таза. Бір күндігін емес, болашағын ойлайды. Не жасаса да сапалы жасайды. Олар Қазақстанның жері кең, кенге бай екенін жақсы біледі. Индонезияның да жері бай, халқы бақуатты. Бизнеске ерекше көңіл бөледі. Біздің елде де кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау айрықша екеніне көздері жеткен индонезиялық бизнесмендер бірнеше инвестициялық жобаларды бастауға тас-түйін дайын. Ең басты қиындық – жер шалғай. Бірақ соған қарамастан іскерлік байланыстарды арттыруға мүдделі. Қиын мәселенің бірі – көлік-логистика. Бұл ретте Қазақстан тарапынан нақты қадамдар бар, – дейді «Қазақстан – Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы Серік Қарымсақов. Индонезия өз тәуелсіздігін 1945 жылы Жапониядан алған болатын. Одан бері – 73 жыл. Индонезияның Қазақстандағы елшілігі осы мерекені біздің елде де атап өтті. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына – ширек ғасыр. Осы жылдар ішінде екі мемлекет арасындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік ынтымақтастық артып келеді. Міне, осындай іскерлік байланыстардың бел ортасында жүрген азамат – Серік Қарымсақов. Ол – осы істердің ұйытқысы, дәнекері. Алғаш рет Мәскеуде Индонезия елшісімен жолыққан болатын. Сол күннен бастап Индонезия мен Қазақстан кәсіпкерлері арасында тығыз, ынтымақты қарым-қатынас орнай бастады. Бұған да ұйытқы болған Серік Қарымсақов. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Бұл жылдар текке кеткен жоқ. Қазақстандық кәсіпкер индонезиялық кәсіпкерлердің біздің елдегі ең сенімді серіктесіне айналды. Ол осы жақында ғана Индонезия президенті Джоко Видороның бұйрығымен Индонезияның Алматыдағы құрметті консулы болып қайта тағайындалды. Осының өзі Қарымсақов жайлы көп жайды аңғартса керек. Қазақстандық кәсіпкерге сенім жүгі салмақтана түскен.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК

Серік №140 мектепті жақсы аяқтаған соң, Жамбыл гидромелиорация институтының Қызылорда филиалына оқуға түседі. Білім ордасын жақсы бітіреді. Инженер-механик мамандығын алып шықты. Бірақ бар ойы Алматыға ауды да тұрды. Неге екенін кім білсін, әйтеуір бизнестің қыз-қыз қайнаған ортасы осы қалада болып жатқандай көрінетін. Шынында да солай еді. Ата-анасын да, бауырларын да Алматыға қоныс аударуға көндірді-ау. Әкесі Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы болып ұзақ жыл табысты еңбек етті. Журналистикадан да қол үзген жоқ. Екі тілде шығатын «Прокуратура жаршысы»газетін ашты. Кейін оның атауы «Тура жол» болып өзгерді. 2014 жылы республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелігіне өтті. Бірнеше кітаптың авторы атанды. Қазір Итен Қарымсақұлы құрметті еңбек демалысында. Серіктің анасы Күләйхан да Алматыға қоныс аударғаннан кейін өзінің сүйікті мамандығы – дәрігерлік еңбек жолын жалғастырды. Інілері Бақыт, Сабыржан, қарындасы Сәуле Алматыда бизнеске араласты. Бәріне ұйытқы болып жүрген – Серік. Тоқсаныншы жылдары Жоғарғы Кеңес (қазіргі Парламент) Алматыда еді. Серік Сенаттың аппаратында қызмет істеді. Бірақ қалауы кәсіпкерлік болғандықтан, біраз жылдан соң өзінің сүйікті ісіне қайта оралды. Алматыға қоныс аударғанмен, туған жермен байланыс үзілген жоқ. Жол түсіп, мүмкіндік болып жатса, білім берген мектебіне ат басын бұратыны бар. Қолдан келер көмегін жасайды. Бір барғанда мектеп оқушыларының спортқа бейімділігін байқайды. Бірақ бәрінің жаппай спортпен айналысуына білім ордасында мүмкіндік жоқ екеніне көзі жетеді. Спорт алаңы, құрал-жабдық, керек-жарақ тозған. Оны сатып алуға мектептің жағдайы жоқ. Он миллион теңгеге керекті спорттық жабдықтарды алып беріп, спорт алаңын жөндеуден өткізуге қолғабыс жасайды. Өзі оқыған сынып бөлмесін жабдықтауға көмектеседі. Осындай сауапты іске ұйытқы болған жас – кәсіпкер Серік Қарымсақов.

Ғалым Омар - Хан

Астана

Серіктес жаңалықтары