Тұрғындардың талап -тілегі  ескерілді 

Тұрғындардың талап -тілегі  ескерілді 

Тұрғындардың талап -тілегі  ескерілді 
ашық дереккөзі
730
Таяуда «Түркістан» газетінде (№45 (1265), 8 қараша, 2018 жыл) Жамбыл облысы, Шу ауданының құрметті азаматы Мәкен Уақтегінің «Қалың жұртты қашанғы алдай бермек?» деген хаты жарияланған еді. Онда Төле би ауылдық округі аймағына газ жүргізу ісімен айналысқан «Париев» ЖШС мекемесінің жұмысына жұрттың көңілі толмайтынын, олардың өз қызметі үшін халыққа қымбат баға ұсынып отырғанын жеткізген болатын. Осыған орай Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқарма басшысының орынбасары Н.Тілегенов мырзаның Мәкен Уақтегіне жолдаған кең әрі нақты жауабын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Редакция

Шу ауданының Төле би ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы (жер астымен) шеңберінде әр үйге газ тартуға белгіленген бағаның қымбаттығы туралы халықтың наразылығын тудырып отырған мәселені облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмір-әлиевтің, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Байжұмановтың, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаевтың, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы М.Молдабековтің, Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберовтың, мердігер ұйым «Париев» ЖШС директорының орынбасары Н.Дүйсенбековтің, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ аудандық өндірістік филиалының директоры Ж.Канибетовтің және Төле би ауылы тұрғындарының (13 адам) қатысуымен жиын өткізілді. Жиын барысында алынған мәліметтерге сәйкес, 2014 жылы ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп, ауылдық округ әкімі Е.Даберов ауыл тұрғындарына мердігер ұйым ретінде таңдау үшін «Париев» ЖШС мен «Сетевые Технологии Ломар» ЖШС-ін ұсынған. Мердігерді таңдау жөнінде әр көшеде ұйымдастырылған жиындарға көшенің 8-10 адам аралығында тұрғындары қатысып, хаттамалар (4 хаттама) қабылданған. 2015 жылғы 14 мамырда ауылдық округ әкімінің төрағалығымен, «Париев» ЖШС директорының орынбасары Н.Дүйсенбековтің және ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының қатысуымен өткен қорытынды жиналыста мердігер ұйым ретінде «Париев» ЖШС таңдап алынып, мердігер ұйым мен әр тұрғын үй иесі арасында келісім шарт жасау туралы және әр үйге газ тарту құнын 420 мың теңге деп белгілеу туралы шешім қабылданған. 2015 жылдың мамыр айында «Қаз-ТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы ауылдық округ әкімінің сенім хаты негізінде мердігерге жоба бойынша техникалық шартын берген. 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың қаңтары аралығында мердігер ұйым 88 абонентпен келісім шартқа отырған және 2016 жылдың тамыз айынан бастап алғашқы абоненттер газ тұтына бастаған. 2016 жылдың қаңтар айында мердігер ұйым ауыл тұрғындарына құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты әр үйге газ тарту құнының 570 мыңға (магистралды газ құбыры құрылысына 60 мың теңге, ауыл ішінде газ тарату құбырлары құрылысына 390 мың теңге, үйге кіргізуге 120 мың теңге) көтерілгенін мәлімдеп, осы бағада келісім шартқа отыруға шақырған, тұрғындарды құжаттармен таныстырмаған. Ауыл тұрғындары бағаның қымбаттауына байланысты наразылық танытқан және қымбаттатылған бағамен 2016 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың сәуірі аралығындағы кезеңде 22 абонент қана келісім шартқа отырған. 2017 жылғы наурыз айында ауыл тұрғындарының және аудандық әкімдіктің сұранысына байланысты бағаны төмендету мақсатында облыстық бюджеттен 251 млн теңге бөлініп, Шу қаласы маңындағы магистралды газ құбырынан Төле би ауылының іргесіне дейінгі ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын магистралды газ құбыры аудан әкімдігінің теңгеріміне сатылып алынған. Осы шараның есебінен қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, әр үйге газ тарту құны 60 мың теңгеге арзандатылған және осы кезеңге дейін келісім шартқа отырған тұрғындарға мердігер ұйым 60 мың теңгеден қайтарып берген. Ендігі келісім шартқа отыратын тұрғындар үшін баға 570 мың теңгеден 510 мың теңгеге түскен. Ауыл тұрғындары бұл бағаға да қанағаттанбай мердігер ұйымнан бағаны тағы төмендетуін талап етіп, келісім шартқа отырудан бас тартқан. Мердігер ұйым қайта есептеулер жүргізіп бағаны өз есебінен тағы 35 мың теңгеге арзандатып, нәтижесінде баға 475 мың теңгеге тоқтаған (ауыл ішінде газ жер астынан тарату құбырлары құрылысына 355 мың теңге, үйге кіргізуге 120 мың теңге). Сонымен қатар, мердігер ұйым 2017 жылдың сәуір айынан бастап ауыл тұрғындарына жеңілдік қарастыру мақсатында алғаш 100 мың теңге төлеп, қалған соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады және алғашқы соманы төлеген тұрғынға бірден газ қосып беруге келіседі. Бұл жеңілдік 2018 жылдың басында қайта қаралып, алғашқы төлем 50 мың теңгеге түсіріліп, қалған соманы төлеу мерзімі бір жарым жылға ұзартылады. Бұл жөнінде аудандық «Шу өңірі» газетінің 2018 жылғы 31 наурыздағы басылымында хабарлама жарияланған. 2017 жылдың сәуірінен бүгінгі күнге дейін 475 мың теңгемен 1011 абонент мердігермен келісім шартқа отырған. 2018 жылдың 1 сәуіріне Төле би ауылында 4165 үй бар. Бүгінде келісім шартқа отырған 1011 үй немесе ауылдың жалпы тұрғын үйдің 24,3%. Қазіргі таңда, ауылдың 57 көшесіне ауыл ішінде газ тарататын құбыр құрылысы толық жүргізілген. Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары әр үйге газ тарту құнын 350 мың теңгеге дейін арзандатуды немесе жобаны іске асырушы мердігердің қызметінен бас тартып, басқа мердігермен келісім шартқа отыруды талап етуде. Мердігер ұйымның өкілі бүгінгі күнге жоба бойынша жалпы ұзындығы 136 шақырым құбырдың 81 шақырымы жүргізілгенін, қалған 55 шақырымның басым бөлігі аулаларға тартылатын құбырлардың есебінен қалып отырғандығын және тұрғындар үшін мүмкіндігінше жеңілдіктер жасағандығын, бағаны бұдан әрі түсіру мүмкіндігінің жоқтығын мәлімдеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті (әрі қарай – Департамент) 2017 жылғы 17 қазан және 2018 жылғы 4 қаңтар аралығында Төле би ауылы тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде «Париев» ЖШС-не қатысты тексеріс жүргізген. Тексеру қорытындылары бойынша мердігердің 2016 жыл мен 2017 жылдың 6 айында 292 абоненттің есебінен 4 905 600 теңге негізсіз пайда тапқанын анықтаған (әр абоненттен 16 800 теңге). Департамент тарапынан мердігерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар Меркі аудандық сотына жолданған. 2018 жылғы 9 ақпанда Меркі аудандық соты істі қарау нәтижесі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық белгілері жоқтығына байланысты Қаулымен өндірісті тоқтатқан. Осыдан кейін Департамент Меркі аудандық соты шешімінің күшін жою туралы талаппен Жамбыл облыстық прокуратурасына жүгінген. Облыстық прокуратура істі Меркі аудандық прокуратурасына жолдаған. Ал Меркі аудандық прокуратура нысанның аяқталмағандығына байланысты прокурорлық акт енгізуге негіз жоқтығын хабарлаған. Ағымдағы жылғы 11 сәуірде Департамент ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетіне Меркі аудандық сотының шешімінің күшін жою туралы ҚР Бас прокуратурасына жүгінуді сұрап, материалдарды жолдаған. Нәтижесі күтілуде. Шу ауданындағы 36 елді мекеннің 10-ы газбен қамтылған (Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Жаңажол, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Сауытбек, Алға ауылдары), 2-де (Шу қаласы, Төле би ауылы) газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. 18 елді мекенді (Абай, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет, Ақтөбе, Бәйдібек, Ақтасты, Бөлтірік, Балуан Шолақ, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар станциясы, Тасөткел, Аспара, Ақсу, Оразалы, Тасөткел су қоймасы, Жайсан ауылдары) газбен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ дайындауға 2017 жылы облыстық бюджеттен 102,0 млн теңге бөлінген. Дайындалған ЖСҚ-а 2018 жылғы қаңтарда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы жоба бойынша құрылыс құны 2,9 млрд теңгені құрайтын бюджеттік өтінім 2018 жылғы ақпан айында ҚР Энергетика министрлігіне тапсырылған. Жоба салалық министрліктен қолдау тауып, Қаржы министрлігі қарау үстінде. Қалған 6 елді мекенді (Зверохозяйство, Еспе, Жиделі, Алайғыр ауылдары, Құлақшын стансасы, Құмөзек разъезді) магистралдық газ құбырынан 50-100 шақырымнан алыс орналасуына және тұрғындардың саны аз, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты газдандыру жұмыстары жоспарланбаған. Қазіргі таңда Шу қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы шеңберінде әр үйге 350 мың теңгеге газ тартылуда (барлығы 10 612 үйдің 5 994-не газ тартылған). Жоба бойынша газ құбырлары жер үстімен жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстағы газдандырылған елді мекендердегі орталықтандырылған газ торабына қосылмаған тұрғын үйлерді газ торабына қосу бойынша ісшара жоспары жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда, газбен қамтылған елді мекендердегі орталықтандырылған газ торабына қосылмаған ауыл тұрғындарына едәуір төмендетілген бағаны ұсынған 2 орындаушы кәсіпорын («Жамбыл-Жылу», «Теміржол-Жылу») қарастырылған. Осыған орай аталған кәсіпорындар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге II-категориядағы мемлекеттік лицензия алған. Бір үйге газ кіргізуге кететін шығын 82 756 теңге. Бұл қаражатты бірнеше айға бөліп төлеу қарастырылған. Осы тұрғыда, «Жамбыл-Жылу» және «Теміржол-Жылу» МКК ауыл ішінде газ тарататын құбыр желісіне тұрғын үйдегі газ тұтынатын құралдарды қосу бойынша құрылыс жұмысын (үйге газ кіргізу жобасын даярлау, көшеаралық газ құбырына (арақашықтығы 25 м.) тұрғын үй ішіндегі 2 дана газ құралдарын қосу, есептегіш құралды орнату) жүргізуде. Бұл ісшара ауылға газ келтіретін, ауыл ішінде газ тарататын құбыр құрылысы мемлекет қаржысына жасалған жағдайда іске асырылады.  

Н. Тілегенов,

Басқарма басшысының орынбасары

Серіктес жаңалықтары