ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
ашық дереккөзі
1602
Елбасы қаламынан туған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы мемлекеттік саясат пен тәуелсіздік идеологиясын, гуманитарлық және жаратылыстану ғылым мүмкіндіктерін, үшінші жаңғыру мен ұлттық өркениеттің табыстарын кешенді үйлестіру, сол негізде ең дамыған әлемдік елдер қатарынан мәртебелі орын алу міндеттерін айқындап берді. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямызды сәтімен жүзеге асыру терең интеллектуалды ізденісті, білім мен ғылымның салтанатын талап ететіні жаңа бір қырынан дәлелденді. Бәсекелестік барынша асқынған жаһандану тұсында бөрікпен ұрып алатындай жеңіл-желпі жұмыс та, табыс та жоқ. Мақала Қазақстан ғылымының, бірінші кезекте тарих ғылымының соңғы 70 жылдан астам уақыт барысында ашқан ұлы жаңалықтарына терең әрі дәлме-дәл саяси баға беруімен ерекшеленеді. Осы орайда 1945 жылы құрылған Тарих, археология және этнография институтының, 1946 жылы шаңырақ көтерген. Қазақ КСР Ғылым академиясының отандық интеллектуалды әлеуетті арттырған үлесін тани білудің жөні бөлек. Айталық, Ұлы Даладағы ежелгі металлургия, аң стилі туралы айтқанда алдымен ғұлама ғалым Ә.Марғұланды, Алтын адам, орта ғасырдағы Отырар жайлы сөз болғанда жаны жайсаң Қ.Ақышевті, Ұлы Жібек жолының құдіреті мен құпиясын қозғағанда академик К.Байпақовты ұлықтайтынымыз заңды құбылыс. Ал атқа міну мәдениетінің археологиялық-этнологиялық астарын ашуға З.Самашев, Зайберт, А.Тоқтыбай сынды ғалымдар баға жетпес үлес қосты. Ғылымға, оның табыстарына, келешегіне дұрыс саяси баға берудің нарқы өте жоғары екенін Кеңестік жылдарғы тағдырымыз бен тәжірибеміз қапысыз дәлелдеді. Ол үшін 30-жылдарғы С.Асфендияров, 50-жылдарғы Е.Бекмаханов, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін О.Ысмағұлов көрген қиянат пен әділетсіздікті еске түсірсек те жетіп жатыр. Саяси шешімнің қателігінен тұтас ғылым салалары дамымай қалды. Тұңғыш Президентіміздің тарихи көзқарасы бірде эволюциялық, бірде революциялық сипатта қалыптасты. Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын, Алаш арыстарын ақтауға, кәмпеске мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ақ-қарасын анықтауға комиссиялар құруы тоталитарлық ой-санамен біржолата атқұйрығын кесіскенін бейнелесе, ұлттық тарих жылын жариялауы (1998), «Тарих толқынында» кітабының дүниеге келуі (1999) эволюциялық кемелденудің жұлдызды сәттері екен. Тарихты зерттеуде ғана емес, оны түзуде де эволюциялық қағидатқа басымдық беру түпкілікті орнағаны «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламаларынан, Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтаудан, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан барынша жарқырай көрінді. Бұлар айтуға ғана жеңіл белестер мен өзгерістер. Ал олардың отандық тарих ғылымына ықпалы мен тигізген шарапатын санап тауысу мүмкін емес. Жаңадан факультеттер, ғылыми-зерттеу институттары, мамандықтар ашылды. Зерттеудің теориялық, методологиялық ұстанымдары жалпыадамзаттық басымдыққа суғарылып, таптық, моноцентристік, еуропацентристік көзқарастан құтылды. Тарихтың деректік базасы көз көріп, құлақ естімеген ақпаратпен байыды. М.Шоқайдың шығармалары 12 том, Ә.Бөкейхан мұрасы 15 том, Қазақ тарихына қатысты Қытай, моңғол, араб, парсы, Еуропа деректері 5-10 том көлемінде қолымызға тиетінін өңіміз түгілі түсімізде де көре алған жоқпыз. Дегенмен ұлттық тарихнамаға Елбасы әкелген эволюция мен диалектиканың, жаңашылдық пен серпілістің алтын тәжі былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», биылғы «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары дер едім. Бұл екі еңбек тәуелсіз Қазақстанда бұрынғыдан мүлде өзгеше жаңа тарих ғылымы қалыптасқанын тиянақтады. Елбасы мақаласы ғылыми жаңалық ашуды, ғылыми нәтижені дәлелдеуді көздемейді. Оны оқыған жан автордың ғылыми әлемі мен танымы аса биік жаңа деңгейге көшкенін, оның өзегі гуманитарлық жаңа ғылымды орнықтыру екенін күмән-күдіксіз қабылдайды. Бұл – бір. Екіншіден, тарих пен қазіргі заманды, ғылым мен практиканы қазақ топырағында ұштастырудың үздік моделін тапқанына көзі жетеді. Өйткені мақала тілімен айтсақ, «уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады». Осыншама ауқымды да күрделі тақырыпқа қалам сілтеген Президенттің көздегені не? Мәселенің мәнісі былайша түйінделген: «Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз». Бұл сөздерді әркім өзінің кәсібіне, өмірлік тәжірибесіне, дүниетанымына, ақыл-ойының өресіне қарай қабылдайды. Біреу үшін теориялық немесе методологиялық бағдар берсе, екіншілерге оптимистік көңіл-күй сыйлауы мүмкін. Басқа да себеп-салдары бары сөзсіз. Менің пайымдауымша, жоғарыда келтірілген дәйексөз, тіпті, бүкіл мақала Елбасымыздың өзіне тиесілі Конституциялық миссияны – елдің ішкі және сыртқы саясатын ғылым саласында анықтауды толық әрі мүлтіксіз орындағанын айғақтайды. 21 қараша күні, сәрсенбінің сәтінде «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласымен дәйектелген саясат бүкілхалықтық қолдау тапты. Сол себепті миллиондардың күнделікті практикалық ісіне айналды. Бұл жұмысты алты ірі жобалар – Архив-2025, Ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі, Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі аясында атқару қолға алынады. Түпкі нәтижесі тарихи сананы жаңғырту болмақ. Рухани жаңғыруда, қоғамдық сананы жаңғыртуда болжамды межеге тез арада, жылдам жетуге тырысу әрқашан өзін ақтай бермейді. Жеті рет өлшеп-пішіп, бір кескен ұтады. Асықпайық дегенге бөгеліп те қалмайық. Ғылыми зерттеу үдерісінде еңбекті ғылыми ұйымдастыра алғанның мерейі үстем түседі. Міне, осы айтқандардың үдесінен шығу үшін 2-3 ұсыныс айтқым келеді: 1.Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды басқарудың мемлекеттік жүйесі мен құқықтық ережелері түбегейлі өзгеруі керек. Қазір қандай тақырыпты зерттеу қажеттігін ғалымның өзі анықтауда, ал қаржы 100 пайыз бюджеттен бөлінеді. Дұрысы – жобалардың 2/3-і мемлекет тапсырысымен, 1/3-і танымал ғалымның, талантты жастың қалауымен орындалғаны. Бастапқы, аралық, соңғы сараптамалық қорытындыларды беруге ҰҒА мүшелерінің әлеуеті әбден жетеді. 2.Тарихи сананы жаңғырту жалпыға бірдей міндетті тарихи білім беру науқаны емес. «Ұлы Даланың жеті қырын» ашудың мәні, біріншіден, отарлық және тоталитарлық дәуірлерден қордаланып қалған біліми, ғылыми, мәдени қарыздарды, құндылықтарды, өскелең аманатты иесіне – халыққа саф алтындай таза күйінде қайтару, екіншіден, ғасырлар мұрасының жасампаз әлеуетін тәуелсіздік мүддесіне әлемдік деңгейде кәдеге жарата білу, табыс көзіне айналдыру, үшіншіден, әрбір қазақстандықтың қасиетті де киелі ортақ іске жұмылуына септесу. Елбасымыз айтқандай, «өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». 3.Тарих ғылымының ұшатын қанаты, қонатын құйрығы – тың деректер, архив құжаттары. Еліміздің архивтері әзірге заманауи техникамен, жабдықпен жасақталмаған күйде. Қағаз бетіндегі ақпараттардың негізгі дені цифрланбаған. Әлі күнге дейін «құпия», «аса құпия» грифімен ешбір құпиялығы жоқ істер сақталуда. Осынау және басқа бөгесіндерді жұлып тастау керек. Архив-2025 жобасын архив қызметкерлері ғана жүзеге асыра алмайды. Өкінішке қарай, жекелеген архив басшылары субъективті, тар ойлаумен ортақ іске басқа сала мамандарын тартудан қашқақтайтынын көріп қаламыз. Архив қоры ведомстволық бағыныштылықпен емес, халықтың ортақ қазынасы ретінде тұтынылатын болсын. 4.Соңғы жылдары маған түсініксіз себептермен ЖОО-ларда «Қазақстан тарихы» пәні келте нұсқада оқытыла бастады. Білім алушы жастар XX ғасырдан бергі оқиғаларды ғана оқумен шектелуде. Қалай десек те, бәсекелестік қабілеті жоғары маман даярлауға септеспейтін қысқарту бұл. Білім және ғылым министрлігі осынау мәселеге қайта оралып, пәннің хронологиялық ауқымы мен кредит санын ұлғайтқаны жөн болар. Алда ұлан-ғайыр жұмыстар тұр. «Жолды жүрген жеңеді».  

Ханкелді Әбжанов,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі,

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі

Серіктес жаңалықтары