БІЛІМ – ЫРЫСТЫҢ ІРГЕТАСЫ

БІЛІМ – ЫРЫСТЫҢ ІРГЕТАСЫ

БІЛІМ – ЫРЫСТЫҢ ІРГЕТАСЫ
ашық дереккөзі
631
Іргетасы соғыстың сонау сұрапыл жылдарында – 1943 жылы қаланған Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой салтанаты Мұхтар Әуезовтің еңселі ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды. Салтанатты шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, университетті әр жылдары басқарған ректорлар, оқу ордасының бүгінгі ұстаздары мен студенттері қатысты. – Университеттің Мұхтар Әуезов есімін иеленуінде және бүгінгідей мерекелік шараның ұлы жазушының еңселі ескерткішінің ашылуымен басталуында үлкен сыр жатыр. Себебі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Мұхтар Омарханұлы осы аймаққа арнайы келіп, Бәйдібек, Созақ аудандарын аралады. Халықпен жүздесіп, аймақтың тыныс-тіршілігін кейін өз шығармаларына өзек етіп алды. Сондықтан да біздің өңір үшін М.Әуезовтің орны ерекше, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Ж.Түймебаев. Мерейтой салтанаты барысында ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен облыс әкімі Ж.Түймебаев құрылыс материалдарын шығаратын зауытты ашты. Университет жанынан құрылған «ЮКГУ» ЖШС-нің иелігіндегі бұл зауыт студенттердің іс-тәжірибеден өтетін алаңы болмақ. Бұл күні көптеген жаңа жобаларға бастама беріліп, олардың тұсауы кесілді. Солардың ең бастысы «Мұхтартану» орталығының ашылуы болатын. М.Әуезовтің шығармалары мен құнды жәдігерлері, суреттері қойылған орталықта студенттер үшін арнайы сабақтар өтіп, заңғар жазушының шығармалары бойынша ғылыми еңбектер жазамын дейтін жастардың мағлұматтар алуына жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған. Салтанатты шара бұдан соң «Түркістан» сарайында жалғасын тапты. Университеттің тарихы мен бүгінгі жетістігі туралы білім ордасының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дария Қожамжарова баяндама жасады. 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылданғаннан кейін араға он күн салып Жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комиссарының «Қазақ КСР-нің Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» бірлескен бұйрығы шығады. Оқу орнына қаланың Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) педучилищенің ғимараты беріліп, басшылығына Харьковтен көшіп келген К.А. Деляур бекітіледі. Алғашқы оқу жылында институтта технологиялық және тау-кен факультеттері мен 7 кафедра болған, ал онда небары 18 оқытушы ғана дәріс беріпті. Олардың екеуі профессор және бесеуі доцент екен. Содан бері бұл оқу ордасын 17 ректор басқарып, алмастырып, олардың әрқайсысы да өздерінің өлшеусіз үлестерін қосқан. 1958 жылы Жамбыл (Тараз) қаласында, 1963 жылы Семей қаласында Шымкенттегі Қазақ технология институтының филиалдары ашылып, олар кейіннен дербес жоғары оқу орындарына айналған. Қазіргі таңда университеттегі 20 мыңға жуық студентке 1700 оқытушы-профессор, 136 ғылым докторы, 646 ғылым кандидаты мен доценттер дәріс береді екен. 75 жылда университеттен 100 мыңға жуық студент түлеп ұшқан. «Түркістан» сарайындағы салтанатта ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев жиналғандарға Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Оңтүстіктегі беделді, іргелі оқу орнына айналған М.Әуезов атындағы ОҚМУ алдағы уақытта да студенттерге сапалы білім беретін ордалы оқу орны ретінде дами береді деп сенемін» делінген ол құттықтау хатта. Бұдан кейін министр ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың құттықтауын жеткізіп, университеттің бірқатар ғалымдары мен оқытушыларын «Ыбырай Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапаттады. Ал облыс басшысы Ж.Түймебаев ОҚМУ-ды бітірген жас мамандарды Түркістанды түлетуге шақырды. – 75 жылдық тарихы бар білім ордасы үшін биылғы жыл толағай табыстарға толы жыл болды. Атап айтсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ орынды иеленсе, QS рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орнының ішінде 609-орыннан 501-орынға көтерілді. Бұл осында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан оқытушы-профессорлардың ерен еңбегі деп айтар едім. Жалпы, Түркістан өңірінде 500 мыңнан аса жас бар. Мұнда оқитын студенттердің басым көпшілігін облысымыздың азаматтары құрайды. Ендеше, осында білім алып, өз саласының үздігі атанған бітіруші түлектер түркі дүниесінің орталығына айналған Түркістан облысында өздерінің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырады деп сенім білдіремін, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Оқу ордасы ұжымын мерейтойымен құттықтаушылар қатарында ОҚМУ-ды әр жылдары басқарған ректорлар мен оның түлектері – еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген түрлі мамандық иелері де бар.

Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары