Есімі ел аузындағы тұлға

Есімі ел аузындағы тұлға

Есімі ел аузындағы тұлға
ашық дереккөзі
962
Бір кезде есімі ел аузында жүрген жандардың уақыт өте келе ұмытылып кететіні де болады. Оның әртүрлі себебі бар. Дегенмен тарихқа деген көзқарас өзгеріп, өткенді жаңаша пайымдайтын дәуір туғанда, бұрын айтылмай жүрген кейбір тұлғалар жалғанның жарығына шығып, халқымен қайта қауышып жатады. Біздің тарихымызға ХVІІ ғасырдан бастап ресейлік шығыстанушылар мен әскерилер, сол сияқты қазақ халқының тарихын білуге құмар саяхатшылар қызығушылық танытып, өздерінің жолжазбаларында қазақ билері мен батырлары туралы елден естігендерін жазып қалдырған. Олар көбіне тілмаштар арқылы түсініскендіктен, кейбір оқиғалардың мәнін жете бағалай бермеген. Кей кезде адам аттарының өзін дұрыс жазбай, соның себебінен зерттеушілер қателесіп те жатады. Осындай жайттардың себебінен қазақтың кең даласын қорғаған батырлардың есімдері ұқсас болып, істеген істері бір-біріне телініп те жатады.  Мысалы, есім сойы ұқсас, өмір сүрген дәуірі жақын Бөгенбай мен Бөкенбай, Ақтан мен Ақпан жайындағы деректер бір-бірін қайталайтыны сондықтан. Бұл әрине, әдейі жасаған әрекеттер емес, білместіктен туындайтын жәйттер. Екіншіден, ел аузында біраз батырлардың ерліктері айтылып жүрсе де, жазба деректерде есімдері кездеспегендіктен ұмытылып барады. Солардың бірі – Ақпан Жұмырұлы. Ақпанды ел ішінде бірде батыр, енді бірде би деп атайды. Орыс деректерінде батырларды «би» деп жазғандары да жиі кездеседі. Сол себептен болса керек, қазақ билерінің Екатерина патшайымға 1785 жылдың 21 шілдесінде жазған ұсыныс-хатына қол қойғандардың арасында шөмекей Арыстанбай баһадүр, Ақтан бидің болғанын жазған. Бұл деректер «Қазақ ССР тарихының материалдары» атты кітабының ІV томының 53-бетінде басылған. Арыстанбай Айбасұлы – Әбілхайыр ханның әскер басшыларының бірі болған батыр екені тарихи кітаптарда, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың романдарында айтылып өткен. Олай болса, Арыстанбаймен ағайындас болып келетін Ақпанның есімінің қатар аталып, жазылуы заңды. Атақты батыр Бәйтік Бәймембетұлымен бірге қарақалпақ Нұртай мен Орынбайдың бекіністерін бұзып, Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің бойынан қуғандардың бірі – Ақпан. Сол сияқты Жанғазы (Маненбай) сұлтан мен Хиуа зекетшілеріне қарсы шығып, барымташыларға мал-мүлкін, ауылын тонатпаған да Ақпан. «Аламсек», «Балапан төбе», «Молдамұрат», «Жаутөбе», «Көк аяз» маңындағы хиуалық жасақтармен болған ұрыста Бәйтік батырдың сенімінен шыққан деседі. Қарақалпақтардың Сыр бойынан кетуіне «Аламсектегі» қанды шайқас себеп болған көрінеді. Бұл туралы «Русский Туркестан» газетінің 1905 жылғы №16 санында былай жазылыпты: «.После этой победы мужской пол каракалпаков по Сыру,  Яныдарье был перебит киргизами, а женский разоброн в жены и рабыни. Так гласит киргизская молва об очищении долин рек Сыра, и Яныдарьи каракалпаками». Жоғарыда кітаптың 371-бетінде 1821 жылдың 2 маусымындағы Негриге жазылған хатта «Сұлтан Маненбайдың хиуалық 1000 жасақпен, тіпті Сырдың оң жағалауындағы көптеген рулардың – төртқара, арғын, шөмекей рулары адамдарының Қуаңдария мен Сырдария өзендері арасында көшіп жүрген ауылдарын тонағаны, оған қарсы Арынғазыны қолдаған рулардың жігіттері Маненбай ауылына қарсы соққы бергені, осы ұрыстардың ішінде Сарыбай Ақпан батырдың (бидің) болғаны» айтылады. Ақпан Жұмырұлы қол бастаған – қолбасшы болмаса да, ауылын жауға бермеген батыр. Оның кесім-шешімдері әділ болған. Даулаушы жақтар «Ақпанның алдына барайық, ақ шешеді, бұра тартпайды» деп отыратын болған. Демек А.Жұмырұлы әрі батыр, әрі би болған. Ол кісі бес әйел алған екен. Олардан туған Өтеп (Өтей), Бөтей, Қосқұлақ, Қатай, Абыз, Қарашамырза, Шеңілбай тағы басқа ұрпақтары елге белгілі азаматтар болған. Бірде хиуалық бектерге жасауылдары «Ақпан батыр келіп қалды» дегенінде, «сонау Жанкенттен қалай жетіп келеді?» деп сасқалақтапты. Сонда жасауыл «бұл шөмекейдің Ақпаны екен» десе, бек «анадағы зекетшілерді сабап жіберіп, зекет бермегендер екен ғой. Іздеп отырғанымның өзі келді, алдыма әкел» депті. Хиуалық бекке қарусыз келген Ақпан одан көзін алмай «Иә, мен Ақпанмын, ақпанның дауылындай мінезімді көрсетпей-ақ қояйын, менің артымда ерін іздейтін елім, ерім бар, сендей сарттан қалайынша қорқамын», – деп қасқия қарсы тұрыпты. Ақпанның сұсты жүзінен, айбатынан сескенген бек жігіттеріне бас изеп, Ақпанды босаттырып жіберген деседі. Қазақ тарихына қатысты осындай әңгімелердің көп екенін ескерсек, Ақпан Жұмырұлы өз кезінде елге билік айтқан тұлғалардың бірі болғаны дау тудырмайды.  

Тынышбек Дайрабай,

зерттеуші, этнограф

Серіктес жаңалықтары