Тұрғын үй алабының іргетасы қаланды

Тұрғын үй алабының іргетасы қаланды

Тұрғын үй алабының іргетасы қаланды
ашық дереккөзі
259
Бүгін Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй алабының қазығын қағып, іргетасын қалау рәсімі өтті. «Қадірлі түркістандықтар! Елбасы Жарлығымен облыс орталығы көне Түркістанға ауысқалы үлкен өзгерістерге бет бұрдық. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамыту бойынша ірі жобалар қолға алынуда. Солардың кезектісі – 88 үйдің құрылысы. Бүгін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке инвестиция есебінен бой көтеретін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын бастағалы отырмыз. Мұнда 2 және 3-кластағы 2724 пәтер бар. Бұл баспаналар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бірер жылда облыс орталығы жаңа келбетке ие болады. Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер қолданады. Тұрғын үйдің сапалы болатынына сенімдімін. Іске сәт!», – деді облыс әкімі көпқабатты тұрғын үй салудың іргетасын қалау рәсімінде. Аумағы 38 гектар жерге 88 көпқабатты тұрғын үй салынады. Оның 44 үйі 2019 жылы пайдалануға берілсе, қалған 44 үй 2020 жылы ел игілігіне тапсырылмақшы. Барлығы 4 тұрғын үй кешені – «Отырар», «Сырдария», «Арман» және «Сауран» үй кешендері 196285 шаршы метр алаңды алады. Бұл құрылыстарды жүргізуге «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС, «Берен» ЖШС, «Шымкент құрылыс» ЖШС және «NK Building» ЖШС қатысады. Шаһардағы «Отырар» шағын ауданынан бой көтеретін нысандар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру және 7-20-25 бағдарламасы аясында инвестициялау жобасымен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы және Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Сейітхан Зеберханұлы

Серіктес жаңалықтары