Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексі бойынша татуластыру рәсімдері

Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексі бойынша татуластыру рәсімдері

Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексі бойынша татуластыру рәсімдері
ашық дереккөзі
587
Қазақстан Республикасы Президентінің 24.08.2009 жылғы №858 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының» 2.7. тармағының 5) тармақшасында азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі түрлі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келісушілік рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға (медиация, делдалдық және басқалары) бағытталуы мүмкін екендігі көрсетілді. Бұл ретте, бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодексіне 31.10.2015 жылы қол қою рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бүкіл халқымыз үшін құжаттың мәні зор болуына байланысты заңға қол қою тұңғыш рет жария түрде өткізіліп отырғанына назар аударды. Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған және біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Аталған Кодекс 01.01.2016 жылдан бастап қолданысқа енді. Кодекстің мазмұны бойынша азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу болып табылады. Сонымен қатар, тараптарды татуластыруға жәрдемдесу әрбір іс бойынша міндетті болатын азаматтық істі сот талқылауына дайындау міндеттерінің бірі ретінде көзделген. АПК-нің 17-тарауында азаматтық іс тараптарын бірінші, апелляциялық және кассациялық сот сатыларында татуластыру рәсімдері қарастырылған. Оларды мынадай санатқа бөліп көрсетуге болады: тараптардың татуласу келісімі; дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім; дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім. Тараптардың татуласу келісімі. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе,  жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Татуласу келісімін сот бекітеді. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды. Татуласу келісімі оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс. Татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін. Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, олар өзара өтелді деп есептеледі. Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғалардың санынан бір дана артық жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналардың біреуін іс материалдарына қоса тіркейді. Сот тараптардың татуласу келісімін бекітуі туралы өтінішхатын сот отырысында қарайды. Іске қатысатын адамдар сот отырысының өтетін уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған тараптар сот отырысына келмеген және өтінішхатты олардың қатысуынсыз қарау туралы арыз болмаған жағдайда, сот татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатты қарамайды. Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді. Сот қарау нәтижелері бойынша татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді. Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда бұл туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда көрсетілуі мүмкін. Соттың татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымында: 1) татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату; 2) татуласу келісімінің шарттары және оны орындау мерзімдері; 3) осы Кодекстің 176-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот шығындарын бөлу; 4) талап қоюшы төлеген мемлекеттік бажды оған бюджеттен қайтару көрсетіледі. Сот актісін орындау сатысында жасалған татуласу келісімі сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған соттың бекітуіне ұсынылады. Татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін. Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім. Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы. Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта берілуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы соттағы өтінішхатпен бір мезгілде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуға тиіс. Медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген және тараптардың медиатормен жасасқан шарты бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарға ұсынылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судья медиацияны өткізу туралы өтінішхатты берген кезде сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 273-бабының 7) тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы. Бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Медиацияны апелляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс, әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Медиация сотта «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі. Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал етсе, оларды медиацияға шақыруға құқылы. Сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Кодекстің 176177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Егер тараптар медиация тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі. Тараптар осы Кодекстің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі. Дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және осы Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176 және 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 547-бабы 1-бөлігінің 1-2) және 1-3) тармақтарына сәйкес төленген мемлекеттік баж медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасаған немесе іс тараптардың татуласу келісімімен аяқталған кезде толық қайтарылуға жатады. Татуластыру шараларын кеңінен қолдану сот жүйесіне жүктемені азайтады, ал ең бастысы, дауды шешу мерзімін қысқартады, сондай-ақ оны дамыту азаматтардың процеске қатысу деңгейін арттыратын болады.  

Алатау аудандық сотының судьясы  Д.С.Айкулов

 

Серіктес жаңалықтары