582
Білек түр де еңбек ет
Білек түр де еңбек ет
Сан мың жылдық тарихы бар ұлы қазақ даласы – түркі елінің қара шаңырағы. Ханбалық пен Каспийдің, Түмен мен Ташкеннің арасындағы ұланғайыр атырап – қазақ халқының ата қонысы. Елінің тыныштығы мен тәуелсіздігі жолында жанын аямаған ата-бабаларымыздың ерлігі мен өр рухы баршамызға аян. Тәуелсіздігіміздің нұрлы таңы атқан кезде ел болып етек жиып, ту тіккен шақта төрткүл дүниенің әр тарабындағы қазақ баласы көзіне ыстық жас алып қуанғаны, шаттыққа бөленгені мәлім.
1991 жылы, азаттықтың ақ таңы атқан сол күндерде Елбасымызды мазалаған ойдың бірі – шетелдегі қазақ қандастарымыздың жай-күйі еді. Экономикалық қиындықтарға қарамастан алыстағы ағайынды елге көшіріп әкелу жолында ерен еңбек етіп, барлық мүмкіндіктерді жасап, бір тудың астына жиналуға бел шеше кіріскен-ді. Соның арқасында қандастарымыз елге келіп, мұндағы ағайынмен қауышып, қазақтың санының артуына игі ықпал етті. Одан кейінгі кезеңде мемлекетіміздің 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамаларына сәйкес жасалған «Нұрлы көш» бағдарламасы өз жемісін беріп, бүгінге дейін жалғасып келеді. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» және т.б. мекемелер алыстағы ағайынның елге оралуы мен басқа да білім-ғылым, мәдениет салаларында еңбек етіп, өз үлестерін қосып келе жатқандығы көпшілікке мәлім. Елбасымыз бас болып, барша қазақ жұрты мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың арқасында елімізге арайлы тәуелсіздік таңынан бері шеттегі тұрып жатқан 6-7 миллион қазақтың 2 миллионға жуығы елге қоныс аударып келсе, оның 800 мыңы егемендіктің бастапқы жылдары келіп, қалғаны «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы Отанға оралғандар. Қазіргі таңда шет елде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың санына келер болсақ:
Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 миллион;
Өзбекстанда 1,5 миллион;
Ресейде 900 мың;
Түркіменстанда 100 мың;
Моңғолияда 80 мың;
Қырғызстанда 45 мың;
Түркия, Ауғанстан, Иранда әрбірінде 10 мыңнан аса қазақ мекен етеді.
Арманы асқақ, ойы ұшқыр, өр рухты қазақ баласы үшін білім мен ғылым, мәдениет пен өнер ордасы, дін мен тілдің тұғыры, өркендеу мен жан-жақты гүлденуге бастаған бақ мекен, бұл – Қазақстан. Біз елімізге «қалай пайда көремін деп емес, қандай пайда келтіре аламын?» – деп ойлауымыз керек.
Ел үшін еңбек етуді борышымыз санап, 2014 жылы «Арман» ақпараттық және консалтингілік орталығы» қоғамдық бірлестігін құрдық. Мақсатымыз қазақ елінің мүддесіне қызмет ету еді. Қытай, Моңғолия, Түркия және т.б. мемлекеттердегі қазақ жастарымен тығыз байланыс орнатып, аз болса да тамшыдай еңбек етуді өзіміздің парызымыз деп біліп, конференция, дөңгелек үстел, білім-ғылым, мәдениет пен өнер іс-шараларын өткіздік.
Бүгінгі жаһандану заманында қандастарымыздың жат елде ассимилияцияға ұшыраудан сақтайтын жол атамекенге көшіп келу болса, оны іске асыратын тетік «Нұрлы көш» пен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болып табылады. Елімізге 2004 жылы 8247 адам, 2015 жылы 4882 адам, 2016 жылы 23971 адам (11488 отбасы) табан тіреген болса, Алматы облысы бойынша 2016 жылы 6321 адам, 2017 жылы 3109 адам елге келген. Бұл сандар кейінгі жылдарда атамекенді бетке алған ағайындардың санының аздап азайғанын көрсетеді.
Шет мемлекетте тұрып жатқан қандастарымыздың да әлеуметтік мәселелері шиеленісе бастаған. Мысалы, Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтардың сол жерде белгілі бір жетістіктерге жету үшін ұрпағын өзбек мектебіне беруге мәжбүр екендігі жанға батады. Ал Қытайдағы қандастарымыздың жәйі-күйі де мәз емес сияқты. Соңғы кезде ол жақтағы қандастарымыздың дәстүр-салтына қысым жасалып, діни сенімі бойынша істі болып жатқаны туралы әлемдік БАҚ-тарда жазылып жатыр. Дегенмен мұндай істердің оң шешілуіне ықпал жасау үшін ұрандау қажет емес, бәрін бейбіт түрде, дипломатиямен шешілуіне күш салып, шеттегі қазақтың мүддесін қорғайтын елі бар екенін білдіру керек.
Әрине, жоғарыдағы жайттарды айтқанда, шетелдегі қазақ мәселесін шешу үшін ештеңе жасалмай жатыр деуден аулақпыз, керісінше бәріміз бірігіп атқаратын әлі талай жұмыстың бар екендігін айтқымыз келеді. Баршамыз тәуелсіз мемлекетіміздің демографиялық хал-ахуалының жақсаруына атсалысып, сырттағы ағайынның елге көптеп келуіне үлес қосуға тиіспіз. Осыған орай өзімнің азаматтық жеке ой пікірім ретінде бірнеше ұсыныстарымды айтсам деймін:
- Қазақстанға келген «Оралмандар» қашқын емес, елден қашып, қайтадан елге «Оралушы» емес, олардың тұрып жатқан жері ата-бабаларымыз қорғап қалған, байырғы қазақ жұртының ата қонысы, қазақтың жері екенін естен шығармау керек. Сондықтан олар біздің бұрынғы байтақ даламызда тұрып жатқан қандастарымыз. Сол себепті, «Оралман» мәртебесін «Қандас» деп өзгертуге күш салсақ;
- Қазақстан туралы толық ақпарат шет елдегі қазаққа жағымсыз әсермен баратындығын естіп жатқан жайымыз бар. Алдын алу үшін шет елге барғанда еліміз туралы жақсы мәліметтер жеткізіп, олардың жастарымен қарым-қатынасты жақсартып, өзара байланыс жасап, тәжірибе алмастырып, ел дамуын көрсетуге тырысып, «Көші-қон» туралы дұрыс ақпарат беретін арнайы орталық құрылса;
- «Береке, бірлік – жеңіске жеткізер» демекші, ел үшін барлығымыз жұмылып бір ниетте жұмыс істесек: әлеуметтік желілер арқылы арандатушылықтан сақтансақ, қытайдағы қандастар ісі мәселесінде қазақ билігін қаралаудан, айып тағудан сақтансақ. Сабыр етсек. Отанымыз бар, мемлекет басшылығы бар, бұл іс түбінде оң шешімін табады. Тек заңға сүйене отырып, дипломатикалық байланыс арқылы жұмыс жасасақ, тиімді болары анық.
Нұрбазар ЖӘҢГІРТЕГІ