447
Бала неге өтірік айтады?
Бала неге өтірік айтады?
Неге баламыз бізге өтірік айтады? Телефонға қоңырау шалынған кезде: «Телефонды алып, мені жоқ деп айта салшы» деген жағдай кез келген адамға таныс жайт. Осыны көріп тұрған бала өтірік айтуды қалыпты жағдай деп қабылдайтын болады. Үш жасар баламызға «кәмпитті кім жеді?» деп сұрақ қойсақ, иығын қиқаңдатып «мен емес» дейді.
Бала көбінесе өзін бізден қорғап қалу үшін айтуға мәжбүр болады. Бірақ бала өтірік айту арқылы белгілі бір адамнан (ата-анасынан, достарынан, т.б.) ғана қорғанып қалмайды, ол өмірдің өзінен де қорғанады. Өйткені «өтірік айту» деген тек алдау ғана емес, сонымен бірге, ойлап шығару, қиялдау деген сөз. Алайда aлғашында олар əлемді «түсініксіз, қамқорсыз, панасыз, қауіпті əлем» деп қабылдайды. Бойындағы мұң, реніш, қайғыны сөзбен жеткізе алмай, білдіре алмай, бала айналасынан пана іздей бастайды. Осылайша олар қиялдап, өтірік айтуды үйренеді. Барлық бала да арманында əдеттегісінен өте алыс, өзіне ғана көрінетін сұлу əлемді жасап қиялдайды. Ең алдымен, баламыздың неліктен шындықтың орнына өтірікті таңдайтынын анықтау қажет, содан соң өтірік айтуға не себеп болғанын түсінуге тырысайық.
Өтірік – бала өмірін жеңілдететін амал болып табылады. Əсіресе, ата-анасы оған үнемі «болмайды» деп шек қойып отырса, өтірікті суша сапырары сөзсіз;
Өтірік баланың жан дүниесі туралы хабар береді: оны не мазалайды, не қинайды, не нəрсе қатты үрейлендіреді, мүмкін шешімін қажет ететін мəселелер бар шығар;
Стресстік жағдайлардан қашады;
Егер сіз балаңыз бүлдірген «түймедей нəрсені түйедей» етіп көрсетуге тырыссаңыз, балаңыз сізге келесіде тағы да өтірік айтуға мəжбүр болады;
Өтірік айту арқылы бала жазаланудан қашады. Ойланып көріңіз, балаға қоятын талаптарыңыз өте қатты емес пе, қойған талаптарыңыз оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне сəйкес келе ме? Сіз үнемі оған ақыл-өсиет, уағыз айтып, намысына тимейсіз бе? Жазалау алдында баланың қорқынышы бар ма?
Егер ата-анасы баласына жеткілікті түрде көңіл бөлмесе, бала өтірік айта бастайды. Ата-анасының назарын қалай болса да өзіне аудару үшін ол түрлі əрекеттерге барады;
Балалар біреуге күлкі болудан қашып, өтірік айтады (абайсызда жүгіріп келе жатып, шалшық суға құласа, т.б.);
Өте жақсы болып көрінуге тырысу жолында (мақтаншақтық);
Жасөспірім шақта бала өтірікті жеке өмірін қорғау, өзінің дербес екендігін көрсету, қиындықтан, жазаланудан құтқаратын жəне шындықты айтқанда қол жеткізе алмайтын нəрсесіне өтірік айтып жету əдісі ретінде қарастыруы мүмкін;
Тағы да жиі кездесетін себебі, ата-анасының көңілін қалдырамын деген үрей. Бала ата-анасының үмітін ақтауға тырысады. Көптеген балалар өзінің болашағы жақсы бағаға байланысты деп есептейді. Егер сол бағалар үмітін ақтамаса, сабақ үлгерімі нашарласа, онда бала өтірік айтудан басқа амалы жоқтығын сезінеді.
Егер балаңызды адалдыққа, өтірік айтпауға тəрбиелегіңіз келсе, онда оның ащы, жағымсыз шындығын тыңдауға дайын болуыңыз қажет. Өзінің сезімдері туралы (жақсы-жаман болсын, күлкілі болсын) өтірік айтуына жол бермеңіз. Сезімдері туралы айтып берген əңгімесін сіздің қалай қабылдағаныңызға байланысты балаңыз іштей «шынымен де шындықты айту жақсы нəрсе ме?» деген ой түйеді.
Егер баланы шындықты айтқаны үшін жазаласа, онда олар өзін қорғап қалу үшін өтірік айта береді.
Кейде олар қиялдайды, күнделікті өмірінде жетіспейтін таңғажайып нəрселерді ойдан шығарады. Баланың айтқан өтірігі оның жан дүниесі туралы шындықтың бетін ашады: оның қорқынышы мен үміті, болашақта кім болатыны туралы арманы, не істегісі келетіндігі жайлы. Балаңызға шынайылық пен үмітінің арасындағы шекараны түсіндіргіңіз келсе, өтіріктегі мəліметті пайдалану қажет. Егер сіз қызыңыздың математика сабағынан бақылау жұмысын нашар жазғанын білсеңіз, оған: «Бақылау жұмысы қалай өтті? Бұл жолы сен мені алдай алмайсың! Мен мұғаліміңмен сөйлестім жəне жұмысты нашар орындағаныңды білемін» деп айтудың қажеті жоқ. Оның орнына балаңызға: «Мұғалімің математикадан бақылау жұмысын нашар жазғаныңды айтты. Мен саған қалай көмектессем екен деп ойланып, уайымдап отырмын»,− деп жанашырлық көңілмен тура айтыңыз. Егер балаңыз сонда да өтірік айтуын қоймаса, айқай-шу шығарудың, ақыл-өсиет айтудың қажеті жоқ. Тек сөзбен жəне іспен жауап беру керек.
Бала ата-анаға өтірік айтудың қажеті жоқ екендігін түсінуі тиіс.
Өтірік шындығында да көптеген мағынаға ие. Өзін құтқару үшін айтылған өтірік. Өтірік − қулықтың бір əдісі. Есейген сайын бала өтірікті нəзік түрде айтуды үйреніп, əдетке айналдырып алады, алдымен байқаусызда, ал кейін саналы түрде. Сондықтан мұндай жолға түспесін десеңіз, ертеден балаңызды өз сөзі үшін жауап беретіндей етіп тəрбиелеңіз.
5 пен 7 жас аралығында бала өтірік айту мен шындықты сөйлеу арасында таңдау жасайды екен. Сондықтан баламыз беске толмастан бұрын өтіріктің алдын алуға тырысуымыз қажет.
Әйгерім ЕСҚОЖАЕВА