Үміт үзілгенде дем беретін 3 оқиға

Үміт үзілгенде дем беретін 3 оқиға

Үміт үзілгенде дем беретін 3 оқиға
ашық дереккөзі
601
Кез келген адамның аңсаған арманы бары рас: кітап жазу, тың жоба ойлап табу, отбасылы болу әрі қызмет етіп, келер ұрпаққа пайдасы тиетін әрі ақыретте де сауабы үзілмей жетіп тұратын дүние қалдыруды армандамайтын адам кемде-кем. Мұндай үлкен мақсаттарға апаратын жол үлкен ықылас пен күш-жігерді талап етеді. Бұл жолда қиындықтар, сәтсіздіктер, сырқат, айналадағылардың тарапынан кедергілер кездесуі бек мүмкін. Сондай кездерде адам баласы еңсесін түсіріп, салы суға кеткен күй кешеді. Ары қарай күресуге ынтасы болмай, қызығушылығы да жоғалады. Осындай кедергілер мен құлдыраулар қалыпты жағдай екені есте болғаны жөн. Алайда адам үнемі осы сезімде жүретін болса, сүрінгенде қайта тұратын, күресетін әл-дәрмені қалмай қалады. Еңсені түсіріп, үмітті үзетін сезімдерді Құранда келген оқиғаларды еске түсіре отырып жеңіп шығуға болады. Бұл оқиғалар үміті үзіліп, сүрінген жанға демеу беріп, қайтадан күресуіне күш береді. Дегенмен бұл оқиғаларды даналықпен, үмітпен әрі ақылмен қабылдап, түсінген абзал.

Яқұб пайғамбардың оқиғасы

 Яқұб пайғамбарды өз балалары алдап, ең сүйікті ұлы Юсуфтан айырып, қастық қылады. Солай болса да ол ұлымен қайта қауышу үмітін үкілеп, күдерін үзбеді. Яқұб пайғамбар: «Мен шерімді, қайғы-мұңымды бір Аллаға ғана шағамын һәм Алланың маған үйреткен ілімінің арқасында сендер білмегенді білемін», – деді. Яғни, ол ілімінің арқасында, даналықпен үмітін үзбеді. Жаны қысылып, қатты қиналған кезде еріксіз көзіне жас алса да қиыншылыққа төзе білді. Алайда бұл сынақ оның Аллаға деген тәуекелін түгесе алмады. Бұл сынақ оған жұбаныш болып, керісінше алға қарай ұмтылуға күш берді. Түйін: Аллаға жан дүниеңізді ашыңыз. Арманыңызды орта жолда тастап кетпеңіз, тіпті, қызығушылық әсері басылып қалса да, күшіңіз қалмай, сәтсіздікке ұшырай берсеңіз де діттеген мақсатыңыздан кері шегінбеңіз. Алланың алдындағы әлсіздігіңізді, дәрменсіз құл, нәпсінің құлы екеніңізді мойындаңыз, қажет болса ақтарылып жылап алыңыз. Осы халіңізді Алла Тағаланың алдында әлсін-әлсін көрсетуге қысылмаңыз, арланбаңыз.

 Жүніс пайғамбардың оқиғасы

 Жүніс пайғамбарды «балықтың иесі» деп те атаған, ол өзінің қауымын бір ғана Аллаға сиынуға шақырып, ақыр соңы көңілі қалады, өкпе-реніш ашуға ұласады. Пайғамбарлық міндеті бола тұра қауымына жасаған дағуатын тоқтатуға шешім қабылдайды. Осылайша ол бірер сәттік әлсіздікке бой алдырып, оны кейінірек түсінеді. Жіберген ағаттығына өкінген ол оны мойындап, қателігін түзетуге тырысты. Ол Раббысынан әділетсіздігін мойындап, көмек сұрайды. «Зун-Нуннды да есіңе ал. Ол кезінде ашуланып, қауымын тастап, кетіп қалған еді. Сөйтіп ол Бізді өзін қыспаққа алмас деп ойлады. Алайда ол кейін қат-қабат зұлматтардың ішінде жатып: «Сенен басқа тәңір жоқ! Сен мінсізсің! Мен расында да, өз-өзіне қиянат жасаған залымдардың бірі болыппын!» деп тәубе етіп, жалбарынған еді. Біз оның да дұғасын қабыл алып, еңсесін басқан қайғы-мұңнан айықтырып, қиын-қыстау жағдайдан құтқардық. Міне, біз шынайы мүміндерді осылай құтқарамыз».  Түйін: Қателігімізді мойындай білу. Қателікке ұрынып, уақыт өте келе сүрінген сәтте де мақсатыңыздан қол үзіп қалмаңыз. Ең басты мақсат – адал еңбекпен Жаратушының разылығына қол жеткізу. Сәтсіздікке ұшыраған кездерде ең алғашқы болып жүгінетініңіз Алла болуы тиіс. Алланы еске алуды тоқтатпаңыз, әрбір қадамыңызда Өзінен ғана жәрдем сұраңыз. Егер Ол балықтың қарнына түсіп кеткен жанды аман сақтаған болса, бізді де кез келген жағдайдан алып шығатынына күмән болмауы тиіс.

 Әйуб пайғамбардың оқиғасы

 Әйуб пайғамбар үлкен сынаққа жолығады: мал-мүлкінен айырылып, денсаулығы нашарлап, отбасынан да айырылады. Егер оның орнында біз болсақ қандай күй кешер едік? Алайда Әйуб осының барлығына шыдап, Жаратушыдан бір жеңілдік келетініне сенді. Уақыт келгенде көрсеткен шыдамы мен сабырының жемісін жеді. Қолынан сусып кеткеннің барлығы еселеніп қайтып келді. Лағынет шайтан оған және жанында қалған жалғыз адам – әйеліне әртүрлі ойлар салып, азғыруға тырысады. Бірақ Әйуб сабырлы қалпынан таймады. «Құлымыз Әйубті де есіңе ал. Есіңде болса, ол Раббысына: «Расында, мен мына шайтанның кесірінен біртүрлі дымым құрып, зор қасіретке душар болдым», деп үн қатып, мұңын шаққан еді» Түйін: сабырлы болу. Жаныңызға батқан ауру-сырқатты және мұңды мойындаңыз. Қанша мықты болсаңыз да, сіз де адам баласысыз. Мойындап тұрып, шыдамдылықты, сабырды жоғалтып алмаңыз. Бәлкім, бұл ауыр шығар, мұндай сәтте ем болатын жалғыз дәрі – сабырлылық. Құранда жазылған осы оқиғаларды күнделікті оқып, мазмұны жайлы ой жүгіртіңіз, өзіңіздің өміріңізбен салыстырмалы түрде қарауға тырысыңыз. Сізге айтарлықтай әсер еткен жерлерін қойын дәптеріңізге түртіп алыңыз. Мәселен: Алладан жәрдем сұрау сөздері, орындалған уәде, жақсылықпен қауышу, т.б. Көңілсіздік басқан кездерде осы тұстарды оқып, ой жүгіртер болсаңыз, біршама жеңілдеп қаласыз, жігерленіп, мақсатқа қарай ұмтылуға құлшыныс оянады. Бірақ бұл оқиғалар Құран оқуды алмастырады деп түсінбеген жөн. Бұл аяттар, оқиғалар Құранға қауыштырар жолсерік іспетті болсын. Өмір сынаққа толы, сынақтар материалдық құлдырау, рухани ашығу, достардың сатқындығы әрі өзіміздің жаман ойларымыз болып көрініс табады. Бұл қалыпты жағдай. Кенеттен сүйікті ұлын жоғалтып алған Яқұб пайғамбар, алып теңіздің түбіндегі балықтың ішіне түсіп кеткен Жүніс пайғамбар, әлсін-әлсін өзіне қымбат жандардан айырылған Әйуб пайғамбардың қандай күйде болғанын ойласақ, бізді ондай сынақтан сынай құтқар деуден басқа амал қалмайды. Олар қалай жеңіп шықты десек, рухани тазалық, тәуекел, шүкіршілік, шынайылық пен ашықтықтың нәтижесінде сүрінбей сынақтарды жеңе білді. Олар Алланың алдында өздерінің әлсіздігін көрсетуден қорыққан жоқ, біз де қорықпауымыз қажет. Күш-жігеріңіз қалмай, үмітсіздік торлаған кезде дәрет алып, Құран беттерін парақтаңыз. Бұл оқиғалардан сабақ алып, ғибраттанып, қателік жасаған болсақ мойындап, өзімізге және алдымызда тұрған жағдайға сабырлықпен қарауға үйрену керек. Үнемі Алладан жәрдем, медет тілеп, саналы түрде қадам жасар болсақ, Ол да бізге күш-қуат, жігер, үміт сыйлап, Жомарттығына сай марапатқа ие етеді.

 Әйгерім ЕСҚОЖАЕВА

Серіктес жаңалықтары