721
Қаламы сергек журналистер тәрбиеленді
Қаламы сергек журналистер тәрбиеленді
Редакция табалдырығын аттап журналист атанғаныма биыл табаны күректей 50 жыл, басшылық қызметтерде жүргеніме 25 жыл болады екен. Сондықтан Қазақстандағы, оның ішінде Алматыдағы газеттер тарихы көз алдымнан өтіп жатыр. Басылымның алғашқы саны шыққан тұста Қалекеңнің қолын алып құттықтағанымыз кеше ғана сияқты еді. Қарап отырсақ арада ширек ғасыр өтіп кетіпті.
Бүгінде «Түркістан» газеті еліміздің ақпарат кеңістігінен ойып тұрып өз орнын тапты. Сартап болған газет тігінділерінде тәуелсіз Қазақстанның өзіндік шежіресі қатталған. Ширек ғасырда ойы ұшқыр, қаламы сергек журналистердің әлденеше легі тәрбиеленді. «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп Төлеген Айбергенов айтпақшы, журналист болу да оңай шаруа емес. Ол қоғамның «барлық сыздаған жарасының аузында» болу. «Түркістандықтар» бұл тұрғыда әрқашан өз міндеттеріне адал болып келеді.
Өз басым «Түркістан» газетінің тұрақты оқырманымын. Басылым ұнайды. Материалдарды беру формасы, тақырыптарды ашуы, ізденгіштік көріністері қуантады. Ширек ғасырлық мерейтойы тұсында ұжымға тек сәттіліктер мен шығармашылық табыстар тілеймін! Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq» газетінің Бас редакторы,
Қазақстанның Педагогикалық Ғылым
Академиясының академигі, профессор