Елордада «Астанафильм» құрылады

Елордада «Астанафильм» құрылады

Елордада «Астанафильм» құрылады
ашық дереккөзі
276
Елордада «Астанафильм» құрылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо. Елбасы «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Астанафильм» және «Қазақфильм» территориясында еркін экономикалық аймақ құру қарастырылған. ҚР Мәдениет және спорт министрі кинематография саласында қандай өзгерістер болатынын түсіндірді. «Бұл ауқымды құжат кинематография саласында құқықтық негіз орнатуға бағытталған. Заң жобасы үш жыл бойы дайындалып, жасалып, енді бекітілді. Бұл кино саласы үшін маңызды, негізгі үш міндет - ұлттық кино өндірушіні қолдау, ұлттық киноны прокатта жылжыту, қазақстандық киноны әлемдік кино нарығына белсенді түрде шығаруға бағытталған осы сала үшін өте маңызды заң», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook парақшасында. Еліміздің кинокөрсетіліміндегі барлық фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау, не субтитр беру, немесе кадрдан тыс аударманы қамтамасыз ету - қазақстандықтардың ең күткен нормасы. Аударма көрсетілім иеленуші дистрибьютор есесінен жасалатын болады және тұсаукесер мерзіміне әсер етпеуі керек. Аударма түпнұсқадан немесе ресейлік нарық үшін орыс тіліне тәржімеленген нұсқадан жасалатын болады, мұны көрсетілім иеленуші өзі шешетін болады. Көрсетілімі шектеулі фильмдер ғана бұл ережеден тысқары болады. Ұлттық фильмдердің көрсетіліміне келсек, олар қазақ тілінде болады, басқа тілде қажеттілік туындаған жағдайда ғана көрсетіледі. «Қытай мен АҚШ-та көрсетілімдегі фильмдердің бәрі аудитория тіліндегі субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті екенін бұрын да үлгі ретінде келтіріп едім. Бұл - ең оңтайлы және пәрменді механизмдердің бірі. Қазақстанға жылына 300-ден астам фильм әкелінеді және олар қазақ тіліндегі нұсқасыз көрсетілетін. Мұның әртүрлі себептері бар, соның бірі - құқық иеленуші үшін кәсіби дубляж жасауға жұмсалған қаржы еліміздегі көрсетілімнен түскен пайдадан асып кетуі мүмкін», - деді министр. Сонымен қатар, заңда фильмдерді жасқа қарай жіктеп, соған сәйкес категория берілуін, фильмдерді жүйелеп, есепке алып, мониторинг жүргізетін бірыңғай автоматтық ақпараттық жүйе құру қарастырылған. Қабылданған нормаларға сәйкес, Қазақстан жерінде фильмдердің көрсетілімі фестивальдерде, семинарларда, ретроспективадан тыс жағдайда, фильмдердің Мемлекеттік реестріне тіркеп, көрсетілім куәлігі негізінде рұқсат етіледі. «Кино өндірісімен айналысатын елдердің озат тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік Орталығын құру қарастырылды. Заң кинематографияны мемлекет тарапынан қаржылай қолдайтын оператор болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысының құқықтық негізін айқындайды», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ұлттық киноны қаржыландырудың жаңа моделі іске асады. Ірі киноөндірушілерді қолдау және инвесторларды тарту мақсатында субсидия төлеу, кинематография саласында салық жеңілдіктері, кино қызметін есепке алу және мониторинг жасау автоматтық ақпараттық бірыңғай жүйе құру, киноколлекцияларды цифрландыру шаралары қарастырылған. Қазақстан үкіметі жанынан ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау туралы ұсыныстар мен ұсынымдар мәселесімен айналысатын консультативтік-кеңесші орган - Ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау мәселелері бойынша мекемеаралық комиссия құрылады.

Серіктес жаңалықтары