363
ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ БІЛГІРЛЕРІ
ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ БІЛГІРЛЕРІ
Бүгінде «Мерей Сұлу» жекеше кәсіпорынының мерейі Мақтарал өңірінде тасып тұр десек, сірә, артық айтқандығымыз болмас. Кәсіпорын дегенімізбен, мерейліктер шикізат өндіріп жатқан жоқ. Олардың шығарып жатқандары − азық-түлік өнімдері. Оның ішінде нан-тоқаш, ұннан жасалған басқа да тәтті-дәмділер. Халыққа күнделікті тұтынуға ең қажетті тағам түрлері.
Кәсіпорынның төрайымы − Мырзақызқажы Айтбекова. Кәсіпорын 2015 жылдан бері жұмыс істеп тұр. «Құрылған», «жұмыс істеп тұр» деген сөз айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, осы кәсіпорынның аяғынан тік тұрып кетуі үшін қаншама қиындықтарын кездескенін, солардан жол тауып шығу үшін қаншама тер төгілгенін Мырзақыздың өзі ғана білетін шығар. Алғаш құрылған кезде әр жерді сағалап, жалға алып жүрді. Өзінің меншік нүктесі болмаған соң қолға алған шаруаның да бірден шалқып кетпесі белгілі. Оның үстіне наубайханалық істі жете меңгерген мамандар да болмады. Әйтеуір «құрыққа сырық жалғап», бірнеше әйелді берісі Шымкентке, әрісі Ташкентке жіберіп, оқытып алды. Айлық курстарға кондитермен айналысатын қыздарды кезегімен жіберіп тұрды. Шикізат көздерін іздеп табу да оңайға түспеді.
Бірақ қолға алған ісін біржақты етпей тынбайтын Мырзақыз осы сынды күнделікті кездесіп жататын кедергілерді өзіне тән қайсарлықпен жеңе білді. Алғаш осы кәсіпті қолға алғанда нан, тоқаш, бәлішті базарларды аралай жүріп, өзі сатқан. «Көш жүре түзеледі» дегендей, ол күндер де артта қалды. Қазіргі күні Мырзақыздың «Мерей Сұлу» наубайханасының аты аудан көлемінде дүрілдеп тұр деп айта аламыз. Өткен жылы Мырзақыз Айтбекова Мақтарал ауданы бойынша ең үздік кәсіпкер атанды.
Бүгінгі күні кәсіпорында жиырма әйел, он ер бала жұмыс істейді. Мұнда еңбек етушілердің баршасы дерлік төрайымның өзінің туған-туыстары деуге болады. Былайша айтсақ, отбасылық бизнесті дамытушылар.
Мұндағы білікті бір маман − Кеңес. Маркетингтік шаруамен айналысады. Қажы апамыздың ұлы. Таяуда Түркияға барып қайтыпты. Тәтті тағамдардың жәрмеңкесіне қатысқан.
− Ондағы мақсатым − түрік ағайындардың өнімдерімен танысып, оларды өзімізде шығарудың жай-жапсарын айқындау болатын. Айтарлықтай қыншылықтар жоқ екен. Ал көршілес Өзбекстанда конфеттің небір түрін шығаратын фабрика ашылыпты. Ала тақиялы ағайындардан біздің неміз кем? Конфет фабрикасын бізде де ашуға болады. Рынокты әбден зерттеуім керек, қай өнім өтімді, қайсысы сұранысқа көп ие дегендей», − дегенді Кеңес Айтбаев алдағы мақсат-мүдделері жайлы сөз қозғалғанда.
Мырзақыз апамыздың ұлдарының үлкені – Жеңіс. Ол қазіргі тілмен айтсақ, менеджер. Наубайхана өнімдерін Алматы, Астана, Жамбыл қалаларына жөнелтіп тұрады. Қызы Әзизә Айтбаева наубайхананы шикізатпен қамтамасыз етуді мойнына алған. Өскемен мен Солтүстік Қазақстаннан ұн, Жамбылдан қант жеткізіп тұрады. Наубайханада тек еліміздің шикізаты пайдаланылады. Сөйтіп, Айтбаевтар әулеті жұдырықтай жұмылып, отбасылық бизнестің шырайын кіргізіп отыр.
Бұрын отбасылық бизнестің өз дүкені болмапты. Кеңес мұны да оңай шешкен. Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті жанынан сауда дүкенін ашты. Сарыағаш пен Шардара тұрғындары арасында да тұтынушылар көп. Өзбекстанмен жақсы байланыс орнаған. Қысқасы, кәсіпорынның өнімдерін өткізу мәселесі толық шешім тауып, азық-түлік сапасына тұтынушылар дән риза.
Апамыздың ұл-қыздары аналарының Мырзақыз деген атына сай үнемі мырзалық танытумен келеді. Олар жетім-жесірлерге, күн көрісі төмен отбасыларына, қамқорлықсыз қалған жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедек жандарға әркез қолұшын беріп тұрады. Наубайханашылар айлықтарын дер кезінде алады, түскі астары тегін, арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етілген. «Біреуге қайырымдылық жасаудың сауабы мол екенін ұл-қыздарыма үнемі айтып отырамын», − дейді қажы апамыз.
Үкіметтен бір тиын алмай, ешкімге алақан жаймай өз күшімен кәсіпорын аша білген және оны жалпақ жұртқа танымал ете алған Мырзақыз Айтбекованың жарқын ісін ұрпақтары жалғастыруда. Тегінде, бұл да бір ғанибетті іс-ау!
Мира Мырзағали,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтарал ауданы